Тәжікстан саудада Қазақстаннан да пысық болып шықты

Тәжікстан саудада Қазақстаннан да пысық болып шықты
фото: giport.ru

Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі диқандардан 1 млн тонна астық сатып алынатынын мәлімдеді.

Біріншіден, нарықтағы бағаны реттеу үшін, екіншіден, онсыз да өнімін қайда өткізерін білмей жүрген шаруаларға азғантай көмек болады. Әйтсе де саладағы проблемалар бұнымен бітпейді. 12 млн тонна астық экспорттаймыз деп межелеген Қазақстан шаруалары қиындықтарға кезігуде.

Керемет жоспардың нәтижесі қалай болмақ?

Биыл қазақстандық шаруалар өнімге кенелді. Егін жинау науқаны толық бітіп, еліміз 26,5 млн тонна астық бастырды. Шаруалар әр гектардан орта есеппен 16 центнерден егін жинапты.

Бұл жаңалық жария болған соң көп өтпей Сауда және интеграция министрлігі еліміз 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырғанын хабарлап, бір таңдандырды. Яғни, Қазақстан өзге елдерге орта есеппен ай сайын 1 млн тонна астық жеткізіп отыруы қажет.

Жоғарыда айтылған 12 млн тоннаның 7,5 млн тоннасы бидайға, 1,4 млн тоннасы арпаға, 300 мың тоннасы жүгеріге тиесілі. Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан асады деп бағаланған.

Ведомство жоспарына қарасақ, еліміз Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн тонна бидай жеткізбек. Қытайға жалпы астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тонна құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,5 есе өскен. Оның ішінде бидайдың үлесі – 538,8 мың тонна. Енді Қытайға экспорт көлемі 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туып отыр екен. Дегенмен Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары әлі де қиын болып тұрғанын ведомство өкілдері мойындады.

Қазір жаһандық сұраныстың артуы мен өнімділіктің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты ЕО елдері маңызды нарық болып отыр. Жалпы, Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттау мүмкіндігі бар. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру үшін сауда және логистика мәселелері шешілуде. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмысы басталыпты.

Бұдан кейін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға шамамен 1,5-2 млн тонна астық кететінін нақтылады. Тіпті, Батыс Ауғанстан мен Шығыс Иранға 1,5-2 млн тонна астық жөнелтіледі. Дәстүрлі түрде жеткізілетін Орталық Азияға, көршілес елдерге 6-8 млн тонна кетпек.

Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен отандық шаруалардан астық сатып алу осы кезде қарастырыла бастаған еді. Өз кезегінде "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" өкілдері 20 млн долларға 5 шарт бекітілгенін, сыртқы нарыққа шығу үшін шаруаларға көп көмек көрсетіліп жатқанын алға тартты. Фермерге тікелей контракт ұсынып, ешбір комиссиясыз, ақысыз түрде нарыққа шығуға көмектеседі. Әрине, бұның бәрі жақсы амал көрінгенімен, диқандардың жолын тосып тұрған мәселе жетерлік.

"Кемі 3 млн тонна астық сатып алынғаны жөн"

Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленовтің сөзінше, еліміздің 12 млн тонна астық экспорттауы тек жоспар күйінде тұр.

– Оның орындалуы үшін әуелі түрлі нарықтармен келісім жасалуы қажет. Мәселен, өзге нарықтарды көздеп отырғанда онсыз да жиі шектеу енгізетін Қытай бидай алудан бас тартуы мүмкін. Рас, Еуропа немесе Африкаға амалын тауып жеткізуге болады, бірақ барып тұрған астықты қабылдауға келіспесе – мәселе сонда туындайды. Екіншіден, Үкімет шаруаларға әрі кетсе 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін несиелерін қайтаруды сұрап отыр. Бұндай қыспақта барлық диқандар қамбада жатқан астығын сатуға асығады. Ал бір мезгілде ұсыныс көбейген соң нарықтағы баға төмендейді. Осы сәтті Тәжікстан жақсы пайдаланып үйренген, астығын өткізуге асыққан шаруаны арзан бағаға көндіріп, өнімнің көп бөлігін алып кетеді, – дейді сарапшы.

Қауымдастық төрағасы орынбасарының айтуынша, 12 млн тонна астықты экспорттауға болады, алайда темір жолмен тасымалдау мәселесі бар. Еуропа елдеріне экспорттауға астықты алдымен Ресей арқылы өткізуге тура келеді. Көрші ел аумағынан алып өту үшін тарифтер белгіленген, жеткізудің шығыны аз болмайды.

– Нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алынбақ. Дегенмен бірінші рет 150 мың тонна ғана өткізілмек, кейін 1 млн тоннаға жеткізіледі. Менің ойымша, бұл аз. Ондаған млн тонна астық тұрғанда бұл істің пайдалы әсері көп болмайды. Біз шаруалардан кемінде 3 млн тонна астық сатып алу керегін айтып ұсыныс жасадық, – деп түйіндеді Әкпар Мәуленов.

Банкротқа ұшырайтын шаруалар көбейе ме?

Бұдан соң біз "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеевпен де байланысқан едік.

Ол биыл көрші Ресей 100 млн тоннадан астам астық жинап, сыртқы нарыққа 53 млн тонна бидай экспорттауды жоспарлағанын, сондықтан елімізге мол астық экспорттау оңайға соқпайтынын жеткізді.

– Қытай Қазақстан астығына шектеу қойып отырғаны белгілі, себебі олар бірінші өздерінің өнімін толық игеріп барып, жетпеген кезде импортқа жүгінеді. Елімізден қанша астық алатыны шамамен келесі жылы көктемнің басында белгілі болмақ. Дегенмен Иран, Ауғанстан, Тәжікстан секілді елдер бидайымызға қызығып отыр. Сонда да Қазақстанда көп астық артылып қалғалы тұр. Мысалы, Қазақстанның ішкі нарығына керек жалпы астықтың мөлшері – 8-9 млн тонна. Биыл 26,5 млн тонна астық бастырдық. Сонда 17-18 млн тонна астық артылады. Міне, "соның бәрін қайда экспорттаймыз?" деген сауалға бас қатырудамыз. Егер Үкімет жол шығындарын төлеп беріп отырса, шаруаларға мүмкіндік ашылады. Бірақ шығын өтеле ме, белгісіз. Мәселен, қазір 1 тонна бидайдың құны 100 доллардан аспайды. 1 вагонға әрі кетсе 60 тонна бидай артылады. Яғни, 1 вагон бидайдың құны бар болғаны – 6 000 доллар, – дейді сарапшы.

Есенеевтің айтуынша, бұған қоса сапа мәселесі де тежеу. 3-сортты былай қойғанда, биыл еліміздегі бидайдың басым бөлігі 4 немесе 5-сорт болып шыққан. Дамыған елдер бұл сорттағы өнімді мал азығы ретінде пайдаланады. Әрине, Таяу Шығыс елдері аталған сорттағы бидайды ала береді. Дегенмен шаруалар жердің құнарлығын алдын ала бағаламағаны білінген.

– Негізі биылғы жағдай шаруаларға соғылған дабыл іспетті. Бұрын кәсіпкерлер егін егудің табысы көп екенін білді де, бірыңғай осы салаға бет бұрды. Алайда таяуда банкротқа ұшырайтын шаруалар көбейеді. Есептеуіміз бойынша, кәсіпкерлер 1 гектар жерге бидай егіп, өсіріп, жинауға орта есеппен 100 мың теңге шығындалған. Әр гектардан 15-18 центнерден өнім жинағанда 55-60 мың теңге тауыпты. Яғни, әр гектар үшін 40-45 мың теңге минусқа кеткен, – деп қорытындылады Ербол Есенеев.

Біздің бағамдауымызша, Үкімет осы кезеңде экспортты жоспардағыдай орындау үшін жан салуда. Нәтижесі жақсы болса игі. Дегенмен жауаптылар алдағы уақытта шаруашылық бағыттарын ретке келтіру мәселесіне де көңіл бөлгені жөн тәрізді. Әйтпесе мол астықтың өзі кей тарапқа бас ауыртар дүние болуда.

ҚазАқпарат