фото: pixabay.com
Шымкентте Орталық Азия елдерінің IX Халықаралық театр фестивалі ашылды. Үздік театр қайраткерлерінің басын қосқан ауқымды мәдени шара Жұмат Шанин атындағы Қазақ академиялық драма театрының мерейтойына орайластырылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24 kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
95 жыл ішінде театр мәдени саланың дамуына зор үлес қосып қана қоймай, көптеген көрнекті актерлер мен режиссерлер үшін маңызды мектепке айналды. Фестивальдің ашылуы қызыл кілемдегі салтанатты шеруден басталды. Мәдени іс-шараға өнер ұжымдары мен театр майталмандары шақырылған. Жиналған қауымды қала әкімі құттықтап, Жұмат Шанин атындағы Қазақ академиялық драма театрының еліміздің мәдени өміріндегі орнына тоқталды.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: - Осынау жылдар ішінде еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы жаңғыртып, өнерді өрге сүйреп келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениеттің дамуына қосқан үлесі қомақты деп білемін.
Ғасырға жуық тарихында театр сахнасында әлемдік және қазақстандық классиктердің көптеген туындысы қойылды. Өнер ұжымының еңбегі ерен. Олардың көпшілігі бүгін марапатталды.
Сая Қасымбек, драматург: - Біздің театрымыздың бүгінгі таңда халықаралық, республикалық деңгейдегі театр фестивальдарында қоржыны сүбелі жүлделерге толы. Бүгін бізге түркі әлемі келіп, бірге тойласып жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе, құрмет.
Көрермендер Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзербайжанның театр өнерімен танысады.
Искандар Султанов, Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының директоры: - Мұндай фестивальдар әр елдің тарихы мен дәстүрін, мәдениеті пен өнерін танып білуге мүмкіндік береді. Келешекте қазақ тілінде сахналық қойылым қою, қазақстандық әріптестерімізбен бірге драмалық туындылар жазу жоспарда бар.
Қойылымдардан бөлек, фестиваль қонақтары үшін халықаралық марапаттарға ие болған майталмандар шеберлік сабақтарын өткізеді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через