Шенеуніктер мына бір қылмыс түрін жасаса, өмір бойына сотталады

Шенеуніктер мына бір қылмыс түрін жасаса, өмір бойына сотталады
фото: https://pixabay.com/ru/

Олар 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Қазақстанда шенеуніктер қызмет бабын пайдалану арқылы есірткіні сатып алу, тасымалдау немесе сату кезінде ұсталған жағдайда 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұрын бұл санкция 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімді қамтитын. Бұдан бөлек есірткі өндірушілері өмір бойына бас бостандығынан айырылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатаңдатуды ұсынған болатын.

Президенттің сөзінше, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Күні кеше Мәжіліс есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, оны Сенатқа жіберді.

Жалпы Ішкі істер министрлігі де елде синтетикалық есірткілердің таралу көрсеткіші артқанын айтып, дабыл қағып отыр.

Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын заңсыз айналымнан 10 келі синтетика тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 1,3 тоннаға жеткен. Құқық қорғау органы есірткінің бұл түрі интернет арқылы жиі сатылатынын айтады.

Сала мамандары да нашақорлыққа қарсы заңның қатаңдатылуын қолдап отыр.

"Негізінен қазір "есірткіні жасырып кетушілер", курьерлер болған жас балалар 10 жылға сотталып жатыр. Олардың дені әлеуметтік жағдайы жоқ, балалықпен білмей жасағандар. Өздері шекпейді, оны қолданбайды. Беретін ақшасына қызығып, отбасына көмектесіп жүргендер де бар екен. Қаншама ата-ана балам осылай 10 жылға қамалды деп шығып жатыр. "Есірткіні жасырып кетушілер", курьерлер түрмеде тәрбиеленбейді. Ол жақта алдын алу жұмыстары жоқ. Есірткіге тәуелді адамдармен жұмыс істеу керек. Бізде Қазақстандағы ең өзекті мәселе лудомания мен есірткіге тәуелділік болып отыр", – деді заңгер Ләззат Рақышева.

Сарапшы қылмыспен күресуі тиіс полицейлер есірткі бизнесіне араласқан жағдайда жаза қатаң болуы керек деген пікірде.

"Ұсталған жағдайлар болса аямау керек, қатаң жаза қолданған жөн. Басқаларына сабақ болатындай қатаң, яғни жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру деген дұрыс болады. Бізде жауапкершілікті алмайды ғой. Бұрыннан бері есірткі саудасымен айналысатындардың және жезөкшелердің үстінен қарап отыратын полиция қызметкерлері деп естіп келе жатырмыз", – деп атап өтті заңгер.

Заң күшейтіледі

Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру үшін жауаптылықты көздейтін Қылмыстық Кодекске жеке жаңа 297-1-бабы енгізілді.

Ол бойынша мүлкі тәркіленіп 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыра отырып не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұдан бөлек Қылмыстық Кодекстің 297-бабында есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауаптылық қарастырылған. Ірі мөлшерде жасалған дәл сол іс-әрекеттер үшін 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Айта кететіні, жақында депутаттар қорғау органдарының қызметкерлері мен өздерінің лауазымын, қызметтік мүмкіндіктерін және ақпаратқа қолжетімділікті пайдаланып, есірткі айналымына қатысқан өзге де лауазымды тұлғаларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынған болатын.

Алайда заңда бұл нормаға өзгеріс енгізілгенін көріп отырмыз. Енді лауазымды адам қызмет бабын пайдаланып жасаған дәл сол іс-әрекеттер үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген. Бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.

Сондай-ақ күшті әсер ететін заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты (ҚР ҚК-нің 301-бабы), сондай-ақ осындай қағидаларды сақтауға міндетті адамдар үшін прекурсорлармен және күшті әсер ететін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу (ҚР ҚК-нің 303-бабы) де көзделіп отыр.

Есірткі таратқандарға жауаптылықты күшейту мақсатында Қылмыстық кодекстің 301-бабы мүлікті тәркілеу түріндегі санкциямен толықтырылып отыр.

ҚазАқпарат