фото: https://primeminister.kz/
Шанхайда VII Қытай халықаралық импорт көрмесі өтіп жатыр. Бір аптаға созылатын іс-шараға 152 мемлекеттен 3500 компания қатысып жатыр.
Қазақстан биылғы көрмеге екі бірдей павильон қойды. Онда 50-ге тарта импортқа шығарылатын отандық тауар мен тың жобалар таныстырылуда. Көрменің ашылу салтанатына Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы қатысты. Үкімет басшысының сапары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген келісімдерді іске асырып, екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға бағытталған.
Биыл импорт көрмесінде қазақстандық өнімдер нарыққа онлайн шығарылды. Павильонға қойылған ет, ұнтақ түріндегі түйе сүті, май, шырын мен бал, тоқыма өнімдері әлеуметтік желі арқылы саудалануда. Бұл сауда-саттық тәсілі биыл алғаш рет қолданылып отыр. Желіде отырған жұртшылыққа экологиялық таза тауар ұсынылды. Электронды сауда түрі дәстүрлі әдістен әлдеқайда тиімділігін көрсетті.
Биыл Қазақтан цифрландыру саласына айрықша мән берді. Көрмеде трансшекаралық сауданы дамытуға және инвестиция тартуға ықпал ететін цифрландыру және инфрақұрылым саласындағы технологиялық жетістіктер көрсетілді. Сонымен қатар қазақстандық тың стартаптар таныстырылды. Келушілер әсіресе Alaqan AI жобасына ерекше қызығушылық білдірді. Бұл жоба – жеке тұлғаны биометриялық сәйкестендірудің ең қауіпсіз әрі жылдам өткізетін жаңа тәсіл. Қазір жоба еліміздегі 300 білім беру орнында жұмыс істеп тұр.
Бұдан бөлек, ұлттық павильон аясында туризм, логистика, экспорт және инновация салаларына қатысты қазақ елінің мүмкіндіктері таныстырылды. Айта кету керек, Қазақстан көрмеге осымен жетінші мәрте қатысып отыр. Бұл – отандық тауарларды импортқа шығаруға үлкен мүмкіндік. Әрі халықаралық деңгейде экономикалық интеграцияны нығайтуға жол ашады.
https://24.kz/kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через