фото: Фото: canva.com
Солтүстік көрші көбейіп кеткен авиациялық апаттарға қатысты тосын шешім қабылдады.
Бұған РФ-ті таяуда Түркияның Анталиясында болған тосын оқиға итермелеп отыр. Лапылдап жанып жатқан ресейлік "Суперджет" ұшағынан сыртқа қашқан ресейлік саяхатшылар үрілген траптарға чемодандарымен бірге секіріп, бірін-бірі жаралаған.
Өткен жексенбіде Ресей Кеңес одағында, тіпті әлемдегі бірде-бір елде болмаған антирекорд орнатты. РФ-тің өзі жасап шығарған "Sukhoi Superjet 100" (SSJ-100) ұшақтары бір күнде қатарынан 5 рет апатқа ұшырады.
"Бір ғана күнде, 24 қарашада ресейлік SSJ-100 ұшақтарына қатысты бірден 5 авиаинцидент болды. Біріншіден, таңертең "Азимут" авиакомпаниясының Уфадан Красноярскіге бағыт алған лайнерінің гидрожүйесінде сұйықтық күрт құлдыраған. Ұшқыштар диспетчерлерден дереу қонуға рұқсат сұрады. Қонғаннан кейін жолаушыдан босатылған әуе көлігін тартқыш машина сүйреп алып кетті. Екіншіден, Санкт-Петербург-Мәскеу маршрутімен ұшып бара жатқан SSJ-100-де де ұқсас проблема туындады. Ұшақ командирі гидрожүйедегі ақауға байланысты қонуға және тартқыш көлікті жіберуге сұрау жолдады", – деп жазды "Lenta.РУ" агенттігі.
Арада 2,5 сағат өткенде "Азимут" әуе компаниясына тиесілі ресейлік тағы бір "Суперджет-100" түріктің Анталия қаласының әуежайына қона сала өртке оранды. Кейбір нұсқа бойынша апатты қону кезінде бұзылған шасси тірегі отын багына тиіп, өрт тудырған.
Барлық 87 жолаушы және 4 экипаж мүшесі үрілген траптармен эвакуацияланды. Түрік құтқарушылары жедел көмекке жетіп, отты тез сөндіріп, ресейліктерді аман алып қалды.
Қалған екі төтенше оқиға түн ортасына қарай болды. Сочи әуежайында Red Wings авиакомпаниясының SSJ-100 ұшағы ұшу-қону жолағымен жөнеле бере, кенеттен туындаған ақау салдарынан ұша алмай, кілт тоқтаған.
Дәл осы кезде, бірнеше минут қана өткенде, Пулково әуежайында басқа SSJ-100 ұшқышы әуежайға қонуға ыңғайланғанда, шасси конструкциясының сынып қалғанын хабарлаған. Экипаж екінші айналымға кетуге мәжбүр болды, әуе қақпасында дабыл қағылды. Ұшқыштардың біліктілігі арқасында әуе кемесі аман-есен қона алды.
Айта кету керек, бұл ресейлік ұшақтар Қазақстанға да қатынайды. Оларда да ақау болып тұрады.
Компания Анталиядағы "Сухой Суперджет-100"-дің өртенуінен келген шығынын алдын ала 2–3 миллиард рубльге бағалады.
Би-Би-Сидің жазуынша, бұл оқиға сарапшыларға 2019 жылғы 5 мамырда Мәскеудегі Шереметьевода болған апатты еске түсірді. Қос жағдайда да ресейлік Sukhoi Superjet 100 ұшақтары жерге қатты қонды, қону процесі автоматты түрде емес, қолмен басқарылды. Екеуінде де отын ағыл-тегіл аға бастаған.
2019 жылғы "Суперджет" апаты кезінде негізгі шасси тіректерінің бірі қирап, отын багын бұзған. Салдарынан, отын сыртқа лық төгіліп, ұшқыннан от тұтанған және ұшақ лезде отқа оранды.
Бірде бір адам салмақты зардап шекпеген Түркиядағы инциденттен үлкен бір айырмашылығы, мәскеулік Шереметьеводағы 2019 жылғы апат кезінде бортта болған 78 адамның 41-і қаза тапты. Ресейлік құтқарушылардың ісі үйлеспеген. Көптеген жолаушы алдыңғы екі есіктен сыртқа шығып үлгермей, салонда тірілей жанып кетті.
Сол оқиға кезінде де, осы жолы да РФ жұртшылығын сыртқа чемодандарымен қашқан ресейліктер шошынтты. Өйткені олар қолжүктерін креслолардың үстіндегі полкілерден аламын деп, алтын уақытты босқа шығындап, басқа жолаушылардың сыртқа шығуына кедергі болуы, жаппай бөгесін жасауы мүмкін.
Сондықтан Анталиядағы оқиғадан кейін, сондай-ақ ресейлік әуе компанияларына қатысты инциденттер көбейіп бара жатқандықтан, "Росавиация" тосын шешім қабылдады. Ол апат кезінде жолаушылардың қолжүгі қойылатын жоғарғы полкілерді бұғаттап тастау туралы ұсыным таратты.
Салаға маманданған TourDom порталының мәліметінше, қоғам өкілдері де ұшақтардағы полкілерді автоматты түрде бұғаттайтын құлыптармен жабдықтауды талап етіп, хат жолдапты.
"Бастама авторларының логикасы бойынша олар төтенше оқиға кезінде автоматты түрде жабылып қалуға тиіс. Бұл идеяға оларды өткен жексенбіде "Азимут" авиакомпаниясының "Суперджетінің" қонуынан кейін түсірілген видеокадрлар итермелеген екен. Сонда шұғыл эвакуациялау кезінде өртеніп жатқан ұшақтан көптеген жолаушылар үрмелі траптарға чемодандарымен бірге секіріп жатты", – деп түсіндірді портал.
Бастама авторлары – Адам құқығын қорғау халықаралық комитетінің ресейлік бөлімшесінің мүшелері, қоғам белсенділері. Бірлестіктің вице-президенті "Росавиацияға" тиісті ұсыным-хатын бағыттады. Олар сондай-ақ осы жаңа талапты заң жүзінде бекіту керектігін нұсқады. Заң бойынша барлық ресейлік авиакомпаниялар төл ұшақтарын, әсіресе, РФ-та құрастырылғандарын бұғаттаудың автоматты жүйелерімен жарақтандырып шығуға міндеттелуге тиіс.
Осы оқиғалардан кейін ресейлік сарапшылар РФ-та құрастырылған "Сухой Суперджет-100" ұшақтарының сенімсіздігі туралы байлам жасады. "Росавиация" оларды шамамен екі жылдан кейін эксплуатациялаудан алып тастауды ойластыруда.
Өйткені қазіргі халықаралық санкция жағдайында Ресей қауіпті SSJ 100 лайнерлерін шетелдік сенімді ұшақтармен жаппай ауыстыра алмайды. Ендеше ресейліктерге немесе солтүстік көршіге ресейлік авиажелілермен қатынайтын қазақстандықтарға ары қарай да басын бәйгеге тігуге тура келмек.
HotLine.travel тілшісі Анталияға ұшқан сол рейстен құтқарылған жолаушы әйелмен тілдесті.
"Ұшақ қонғаннан кейін, экипаж апат болғанын хабарлады. Салонда небары екі бортсерік болды. Олар эвакуациялауда жолаушыларға еш көмек көрсетпеді. Адамдар жоғарғы полкілерден сөмкелерін, рюкзактарын, чемодандарын суырып алуға жанталасты. Жанынан қысыла өтпек болғандардың басына жүк құлап жатты. Чемоданын сүйрей қашқандардың кейбірі жолай сүрініп құлады, немесе доңғалақтары домаламай, тоқтап, кезекті бөгеді. Адамдар бірін бірі тапап, паника басталды. Біздің Түркияда жолымыз болды, құтқарушылар жедел жетіп, өртті тез сөндірді. От ұшақтың ішіне еніп үлгермеді", – деп еске алды ресейлік әйел жолаушы.
Қазақстандықтарға жақсы таныс блогер, журналист Ксения Собчак жолаушыларға бұдан былай рейстің "Sukhoi Superjet 100" (SSJ-100) ұшағымен жасалатынын білсе, жандәрмен бас тартып, ат-тонын ала қашуға кеңес берді.
Ресей полкілерді құлыптау сияқты "әлемде баламасы жоқ" оғаш тірлікке баратынға ұқсайды. Анталиядағы оқиға куәгерлерінің куәлігіне сілтеме жасап, ресейлік телеграм-арналардың хабарлауынша, эвакуация кезінде қолжүктерін өзімен бірге ала кетуді қалаған жолаушылар кезекті кідіртті, құтқару процесін баяулатты. Сондықтан ол полкілерді электроника бұғаттап тастаса, мұндай проблеманы болдырмайды деп есептейді.
Бірақ пікір білдіруші эксперттердің бір бөлігі мұндай идеяға үзілді-кесілді қарсы. Олардың байламынша, дүниеқоңыз ресейліктер өзімен бірге әдейі ұшақ ішіне ала кірген құнды жүгін қайткенде де суырып алуға тырысады. Бұл үшін ұшақтағы полкілердің жұқа пластик қақпағын бұзып тастауға күш салады. Салдарынан, эвакуациялау процесін бұдан да бетер кешіктіруі, қиындатуы ғажап емес.
"Крыша ТурДома" телеграм-арнасы жүргізген сауалнама көрсеткендей, ресейліктердің тек жартысы төтенше жағдай кезінде ұшақтың қолжүк полкілерін автоматты жауып тастау ұсынысын қолдаған.
Қалған жартысы полкілерді құлыппен жасақтау идеясына қарсы шығып, құптауға болмайтынын жеткізіпті. Олардың пікірінше, мұндай жағдайда апат кезінде жолаушыларды сыртқа шығару тіптен күрделенеді. Телеграм-арнаның түсіндіруінше, ресейліктер шетелге шыққанда "Дьюти-фри" дүкендерінен Ресейде қат, немесе санкцияға іліккен өнімдерді қаптатып сатып алады, жүк бөлімін де сонымен толтырады. Содан қашу керек болғанда, өзін емес, алдымен сол қымбат дүниесін құтқаруға ұмтылады.
Полкілерді құлыптауға қарсылар ондай адамдарды тауып, айыппұл салуды дұрыс көреді. Үлкен бір бөлігі "Жоқ, жолаушылар өз заттарын алып кетуге құқылы" деп жауап қатқан.
Ресейлік ақпарат құралдары сұрау салған ресейлік авиакомпания мамандары да "Росавиация" мен қоғам белсенділерінің бұл бастамасын мақұлдамады. Олардың пікірі бір арнада тоғысты: ұшақтардың салонындағы полкілерді автоматты құлыптармен жабдықтау біріншіден, техникалық тұрғыдан оңай емес. Екінші жағынан, қосымша шығын шығаруды талап етеді.
"Лайнерлердің конструкциясындағы кез келген өзгеріс келісімдер мен сертификаттауды талап етеді. Оның үстіне мұндай рәсімнен әрбір әуе көлігі жеке-жеке өтуге тиіс. Сондай-ақ төтенше оқиға кезінде эвакуация күрт күрделенеді. Себебі, жабылып қалған полкілерді жаппай қиратып, ішіндегі қымбат мүлкіне, гаджетіне, ноутбугіне, ішімдік өнімдеріне және басқасына кез келген жолмен қол жеткізуге талпынатын жолаушылар көп болмайтынына еш кепіл жоқ. Бұл борттағы дүрбелеңді тіпті өршітіп жібереді, жолаушыларды тез әрі ұйымдасқан түрде сыртқа шығару мүмкін болмай қалады", – деп мәлім етті TourDom.
Бұған қоса, аптечкалар багаж полкілерінде сақталады, олар да қолжетімсіз болып қалады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через