Қазақстандағы ағза донорлығы: қазіргі жағдайы мен болашағы

Қазақстандағы ағза донорлығы: қазіргі жағдайы мен болашағы
фото: https://pixabay.com/ru/

2023 жылы Қазақстанда қайтыс болған 7 донор 19 органды трансплантациялауға мүмкіндік берді. 2024 жылдың 25 қазанындағы жағдай бойынша қайтыс болған донорлардың саны 6, бұл 23 органды трансплантациялауға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта елімізде жүрек, бүйрек, өкпе, бауыр ауыстыру операциялары жасалады. Алайда ағза доноры мәселесінің шешімі табылмай жатыр. Осыған байланысты арнайы зерттеу жасап көрген едік.

Ағза донорлығы деген не?

Әуелі ағза донорлығына түсініктеме бере кетейік. Ағза донорлығы – бұл науқастарға өмір сүруге немесе өмір сапасын жақсартуға көмектесу мақсатында өз ағзаларын немесе тіндерін басқа адамдарға беру процесі. Донорлық тірі кезінде немесе қайтыс болғаннан кейін жүзеге асырылуы мүмкін. Тірі донор көбіне бүйрек немесе бауырдың бір бөлігін береді, өйткені бұл ағзалармен адам әрі қарай өмір сүре алады. Ал қайтыс болған донордан жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі, көздің қасаң қабығы және басқа тіндер алынады.

Әлем елдеріндегі ағза донорлығы қалай жүзеге асырылады?

Әлемнің әртүрлі елдерінде ағза донорлығына көзқарас ерекше. Көптеген елдерде донорлықты дамыту үшін түрлі жүйелер енгізілген.

Мысалы, Испания – ағза донорлығы бойынша көшбасшы ел. Мұнда “opt-out” жүйесі бар, яғни әрбір азамат автоматты түрде донор болып саналады, егер бас тартпаса.

Франция мен Бельгия сияқты елдер де Испанияның жолын ұстанып, “opt-out” жүйесін енгізді. Мұнда да азаматтар донор болудан арнайы түрде бас тартпаса, автоматты түрде донорлық тізімде болады.

АҚШ пен Канада елдерінде “opt-in” жүйесі қолданылады, яғни адам өз еркімен донор болуға келісім беруі керек. Бұл елдерде донорлықты дамыту үшін насихат жұмыстары кеңінен жүргізіледі, бірақ тізімге ену ерікті түрде жүзеге асады.

Жапония мен Корея сияқты Шығыс Азия елдерінде донорлыққа мәдени кедергілер де әсер етеді. Кейбір дәстүрлі наным-сенімдер донор болуға кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл елдерде донорлық деңгейі төменірек.

Израиль елінде донорлықты қолдау үшін ерекше бағдарлама енгізілген. Донор болуға келіскен азаматтарға денсаулық сақтау саласында жеңілдіктер қарастырылған, бұл донорлыққа ынталандырудың бір тәсілі ретінде қолданылады.

Иран - ағза донорлығының коммерциялық моделін енгізген әлемдегі жалғыз ел

 Онда адамдар бүйрегін сатуға рұқсат етілген, алайда бұл модель халықаралық  деңгейде  этикалық сынға ұшырап жатыр.

Кімдер донор бола алады?

Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тірі кезінде және қайтыс болған адам донор бола алады.

Кімдер тірі кезіндегі донор бола алады:

18 жастағы және одан үлкен;

әрекетке қабілетті;

ағзасын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) одан әрі трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген;

ағзасын (ағзасының бөлігін) алу денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтінін растайтын жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өткен адам бола алады.

Қайтыс болғаннан кейінгі донор – 18 және одан жоғары жастағы, ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіні (тінінің бөлігі) реципиентке транспланттау үшін пайдаланылуы мүмкін. Қайтыс болғаннан кейінгі бір донордың органдары шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады.

Қазақстанда тірі кезіндегі донордан ағзаны ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды, ол теріс пайдалануды болдырмау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында жоғарыда аталған барлық растайтын құжаттарды қарайды, ықтимал реципиент пен тірі кезіндегі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 209-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, трансплантациялаған кезде:

адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады.

Қазақстандағы ағза донорлығы қалай?

Елімізде ең алғаш трансплантация 1979 жылы жасалған. Алайда мелицинаның даму үрдісі төмен болды. Ең бірінші бүйрекке жасалды. Ал қарқынды даму 2012 жылдан басталады. Елімізде трансплантация үйлестіру орталығы құрылды.

Қазіргі уақытты елімізде 4 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, науқастардың басым бөлігі бүйрекке зәру. Оның ішінде 3 661 ересек адам, 85-і бала. Бауырға 180 ересек пен 10 бала мұқтаж. 20 ересек өкпесін ауыстыру бойынша, ал жүрек бойынша 136 ересек пен 5 бала күту парағында тұр. Сондай-ақ жүрек-өкпе кешеніне 4 ересек пен 2 бала мұқтаж.

eGov.kz порталында мәйіт донорлығына келісім беру немесе бас тарту туралы формасы бар. Ол электрондық үкімет порталында 2021 жылы іске қосылған. Оған дейін қазақстандықтар донорлыққа қатысты өз еркін емханаларда білдіріп келген еді.

Мәйіт донорлығына қазақстандықтар келісім бермейді

Қайтыс болғаннан кейін мәйіт донорлығына қазақстандықтар неге келісім бермейтінін «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құқықтық жұмыспен құжаттау бөлімінің басшысы Әйгерім Матыбаевадан сұраған едік.

Ол дінім-нанымға да байланысты. Қазір барынша БАҚ өкілдері арқылы ақпарат беруге тырасамыз. БАҚ өкілдері арқылы дұрыс жеткізу жүйесін ұйымдастырған жөн деп ойлаймын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қазіргі таңда түйткілді, шешу қиын мәселенің бірі. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты қазақ елінде дамыту барынша ұлттың саулығы деп білемін. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты елімізде дамытсақ, өте кейінгі, 20 жылдан кейін болсын, ұрпақ саулығының барынша жақсарады және мүгедектер саны азаяды деп білемін. Бұл донорлық дамымаған соң бізде туыстық донорлыққа барады. Яғни бір отбасында мұқтаж адам болса, бір бүйрегін бере тұра, екінші мұқтаж адам болады. Бұл дегеніміз мүгедектер санының көбеюіне алып келеді. Бұл дертке ұшырауына көптеген факторлар әсер етеді. Оған ешкім тосқауыл бола алмайды, ешкім кепіл бере алмайды. Бір донор кем дегенде 5-6 адамның өмірін ұзартады, - дейді Әйгерім Матыбаева.

Дініміз не дейді?

Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды тарансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді. Сонымен бірге, тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Себебі тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттайды, жалғыз Жаратушыға құлшылық етеді. Ислам шариғаты бойынша ананың жанын сақтап қалу – жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген. Өйткені ананың жанын сақтап қалуға мүмкіндік бар, ал баланың тірі туылуы екіталай. Міне, ана өмірінің жатырдағы баладан жоғары тұруы да тірі адамның мүддесі үшін өлі адамның ағзасын тіріге ауыстыруына рұқсат екендігіне дәлел. Және бұл әрекет өлген адамға зиян жасау немесе қорлау болып саналмайды.

Донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету шартымен, сауда-саттық, пайда табу секілді мақсаттар көзделетін болса, трансплантация жасау рұқсат етілмейді.

ҚазАқпарат