Қазақстанда 90-шы жылдардан бері болмаған дәрі-дәрмек тапшылығы туындауы мүмкін

Қазақстанда 90-шы жылдардан бері болмаған дәрі-дәрмек тапшылығы туындауы мүмкін
фото: Фото: canva.com

Елдегі 6 926 дәрінің небәрі 736-сы ЕАЭО ережелеріне сай, қалғанына келесі жыл соңында тыйым салынғалы тұр.

Ауыл-аймақ түгіл, еліміздің ірі қалаларында, мегаполистерінде тіпті ірі дәріхана желілеріне бас сұққан қазақстандықтар байқаған болар, ел іздеген көптеген дәрі жоқ болып шығады. Ұсынған ұзын тізімнің ішінен бірнешеуін ғана әзер тауып береді.

Сарапшылар мен дәріхана желілері дабыл қағуда. Келесі жылы Қазақстанда 90-шы жылдардан бері болмаған ауыр дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін. Оған Еуразиялық одақтың талабы кінәлі. Салдарынан елде әрбір он дәрінің тек біреуі ғана қалуы ғажап емес.

Үкімет төніп келе жатқан қауіпті жоққа шығарып, жауырды жаба тоқымады. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Сенатқа хатында ондай проблеманың барын растады.

Мәселенің мәнісі мынада: 

Еуразиялық одақ құрылғанға дейін Қазақстан тәуелсіз өзінде тіркелген кез келген дәріні шетелден емін-еркін әкеле беретін. Одақ құрылған соң Мәскеу одаққа кіретін елдердің бұл саласын да қатаң бақылауына алуға күш салды.

Атап айтқанда, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің" 20-бабында талап етілгендей, бұдан былай Қазақстан төл ұлттық заңнамасына сәйкес берілген тіркеу куәліктерін тегіс ЕАЭО талаптарына сәйкестендіруге тиіс. Онсыз Қазақстан аумағында дәрілік заттарға ұлттық заңнамасымен берілген тіркеу куәліктері жарамсыз болып қалады.

Астана бұл қатал талаптың күшіне енетін күнін созбалаңға салып-ақ бақты.

Бұрынғы билік оны 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін шегерте алды. Бұл күн зымырап жақындап қалды. Одақ ол мерзімді енді кейінге ысырудан үзілді-кесілді бас тартты.

Фармацевтика саласы мамандарының айтуынша, егер Қазақстан қысқа мерзімде тіркеу куәліктерін толығымен көрші таңған ЕАЭО талаптарына сәйкестендірмесе, халқымыз дәрісіз қалмақ.

Олардың жанайқайын Сенат депутаттары жоғарыға жеткізуге тырысты. Бірақ мына жағдайда үкіметтегілер елдің тығырыққа тіреле бастағанын онсыз да түсініп отыр.

"Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қазақстанда 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО құқығына сәйкес келтіруді талап ететін 6 926 дәрілік заттар тіркелген. Алайда 2024 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша соның ішінде ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіруге небары 736 дәрілік зат немесе 16,4%-ы ұсыныла алды. Қазақстанда одақтың "Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау қағидалары" бойынша тіркелген дәрілік препараттар өте аз. Осыны ескере отырып, 2023 жылғы қарашадан бері Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алаңында қазақстандық тараптың бастамасы бойынша келісімде көзделген өтпелі кезең мерзімдерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде", – деді вице-премьер С.Жұманғарин.

Оның мәліметінше, 2023 жылғы 24 қарашада Қазақстанның бастамасы бойынша ЕЭК Кеңесінің отырысында өтпелі кезең мерзімдерін алып тастауға қатысты келісімнің 20-бабына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Бірақ Астанаға айтылғанды орындауға кеңес берген.

Қазақстанда кейінгі жылдары дәрілік препараттар күрт азайып кеткені анықталды.

"Алайда қазақстандық тараптың келісімді түзету жөніндегі ұсынысын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер қолдамады. Тараптар қабылданған халықаралық міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындау қажеттілігін білдірді", – деді вице-министр.

Қорқыныштысы сол, Қазақстанда кейінгі жылдары дәрілік препараттар күрт азайып кеткені анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, республикада бұрын тіркелген 6 926 дәрілік заттың ішінен бүгінде нарығымызда тек 4 476 дәрілік зат қана айналымда қалыпты.

Соңғы 3 жылда тіркелген дәрілік заттардың ішінен Қазақстанға жыл сайын 2 450-ге жуық аталымы енді әкелінбейді. Сонда нарықтық айналымда қалғанының арасында 1 019 дәрілік заты – отандық, тағы 3 457 дәрілік заты – шетелдік өнім.

Одақтың талабы кесірінен қазақстандықтар шетелдік түгіл, қазақстандық дәрі-дәрмектердің басым көпшілігінен айрылып қалуы мүмкін. 

"Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы" (ДЗСҰО) мемлекеттік сараптама ұйымы ұсынған "ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіру кестесіне" сай, отандық тауар өндірушілер тіпті субстанцияларды есептемегеннің өзінде жалпы саны 879 дәрілік заттарын одақ талаптарына сәйкес келтіруге тиіс. Алайда соның ішінде бар-жоғы 121 дәрілік заттарға немесе 14%-ына ғана өтініш берілді. Бұл сонау 2014 жылдан бергі жағдай.

Мерзім аяқталуға таяды. Сондықтан билік отандық фармацевтика өндірушілерінің екі аяғын бір етікке тығып, асықтыра бастады. Олардан 2024 жылдың соңына дейін құжаттарын, өндірістерін сәйкес келтіріп, тағы 340 дәрілік заттарына (38%-ына) өтініш беру талап етілуде. Сонда 2024 жылы отандық медикаменттердің барлығы 461 аталымы (жалпы санның 52%-ы) бойынша одаққа өтініш берілетін еді. Ол өтінішті мәскеудегілер мақұлдамауы да мүмкін. Жыл аяқталып қалды, отандық өндірушілер үлгермейтінге ұқсайды.

Ал, 2025 жылы – қалған 418 дәрілік заттарына (жалпы санның 48%-ына) өтініш берілуі шарт. Бұл кесте орындалмаса, Қазақстанда не болатынын елестетудің өзі үрейлі.

Үкімет қолдауындағы отандық фармацевттердің жағдайы осындай, шетелдік өндірушілерге қатысты жағдай одан да ауыр. Олар үшін Қазақстанның нарығы тым шағын, сол үшін өндірістерін одақ талабына сәйкестендіріп, шығындалғысы келмейді. Оның үстіне санкцияларға байланысты шетелдіктер алып Ресей (және Беларусь) нарығынан кетуде.

"Одақ белгілеген өтпелі кезеңнің мерзімі аяқталғанға дейін біз отандық тауар өндірушілердің дәрілік заттарын 100% ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіруіміз керек. Шетелдік дәрілік заттарды өндірушілердің Қазақстанға жеткізетін 3 457 дәрілік заттарының ішінде бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 615 дәрілік заттары бойынша ғана өтініш берілді. 2024 жылдың соңына дейін 753 дәрілік заттарға (40%-ына), 2025 жылы – 604 дәрілік заттарға (17%-ына) өтініш беру жоспарлануда", – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бірақ бұл жоспар ғана, іс жүзінде олар өтініш бере ме, бермей ме, одақ талаптарын орындай ма, онысы кейін белгілі болады.

Бұдан бөлек, тағы 1 485 дәрілік заттарды өндірушілер немесе шетелден келетін дәрілердің 43%-ы бойынша толыққанды келісім жоқ. Егер шетелдік бұл фармзауыттармен келісімге келе алмаса, қазақстандық сырқаттар керек дәрінің жартысына жуығынан айрылады.

"Бұл мәселе менің тұрақты бақылауымда. Мәселелердің шешімін талқылау мақсатында ағымдағы жылғы 18 мамырда, 10 маусымда, 29 шілдеде және 6 қыркүйекте Үкімет жанындағы Экономикалық интеграция мәселелері үйлестіру кеңесінің бірқатар отырыстары өткізілді. Бұл отырыстар қорытындысында Денсаулық сақтау министрлігіне және мүдделі меморгандарға Еуразиялық одақ қағидаларына ұлттық заңнама бойынша тіркелген тіркеу куәліктерін жеделдетіп сәйкестікке келтіруге бағытталған шараларды қамтамасыз ету бөлігінде тиісті тапсырмалар берілді", – деп хабарлады сенаторларға Серік Жұманғарин.

Өз кезегінде, бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды тіркеу дерекнамасын ЕАЭО қағидаларына уақтылы сәйкестікке келтіру үшін келесідей жұмыстарды жүргізуде: біріншіден, одақ қағидалары бойынша сәйкестікке келтіру үшін сараптамалық жұмыстарды жүргізу мерзімдерін жеделдету (70 жұмыс күніне дейін).

Екіншіден, отандық тауар өндірушілер үшін ЕАЭО қағидалары бойынша сараптамалық жұмыстардың құнын 90%-ға дейін төмендету. Мұнда бағалар прейскурантына сәйкес, сараптама құны шамамен 600 000 теңгені құрайды. Денсаулық сақтау министрлігінің "Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды бекітуге" қатысты бұйрығы бекітілгеннен кейін бұл құн 60 000 мың теңгені құрауға тиіс.

Үшіншіден, одақ шеңберінде дәрілік заттар сараптамасына арналған портал іске қосылыпты. Министрліктің сендіруінше, порталдың чаты құжаттарды енгізу процесі бойынша бизнес сұрақтарына күн сайын жауап беруді, өтініш беруден бастап тіркеу куәлігін беруге дейінгі дәрілік заттардың тіркеу процесін қадағалауға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, ЕАЭО қағидаларына сәйкестендіру бойынша бизнеске кеңес беру үшін Call-орталық құрылды: телефоны 8-800-080-0071. Бесіншіден, ДЗСҰО ақпараттық жүйесінің базасында дәрілік заттарды тіркеу дерекнамасын XML форматына көшіру функционалын интеграциялау жүргізілуде. Бұл өтеусіз, тегін болмақ. Бұл жұмыстарды аяқтаудың алдын ала мерзімі – 2024 жылғы 4-тоқсан.

Еуразиялық одақтың "ортақ дәрі нарығы" құрылып жатыр.

Осының бәрі алдағы жылдары Қазақстанда дәрі-дәрмектің өткір тапшылығын туындатпауға жеткілікті ме, уақыт көрсетеді. Қалай болғанда, геосаяси ахуал ушыққан сайын Қазақстан Үкіметін үлкен сын-қатерлер күтіп тұрғаны байқалады.

Сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, Еуразиялық одақтың "ортақ дәрі нарығы" құрылып жатыр. Одақ оның халыққа қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын айтады. Алайда Сенатқа келген отандық фармацевтика өнімдерін өндірушілер одақтың талаптары үлкен проблемаларға соқтыратынына шағымданыпты.

"Олардың айтуынша, бұл процесс біріншіден, үлкен қаржылық ауыртпалық әкеле жатыр. Өз кезегінде бұл елімізде дәрі-дәрмектің тағы да жаппай қымбаттауына ұрындырады. Еске сала кетейін, елдегі дәрілердің бағасы тек ресми статистика бойынша былтырдан бері 11,2%, жыл басынан бері тағы 5,7% көтерілді. Екіншіден, одақ талабы бойынша дәрілік құралдардың айналымының жекелеген аспектілері шектен тыс реттеледі, бюрократияландырылады. Бұл да елдегі дәріге деген қолжетімділікті одан сайын қиындатады және қосымша кедергілер туғызады", – деді сенатор Айнұр Серікпайқызы.

Ол мына масқара жайтқа назар аудартты. Еуразиялық одақ Қазақстанның осы талапты енгізу мерзімін кейінге қалдыру талабын қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты, сонымен бірге дәрі-дәрмектің регистрациялық досьесі бойынша ақпарат алмасуға арналған ЕАЭО-ның төл ақпараттық жүйесі әлі күнге дұрыс жұмыс істемейді, ақаулы. Одақ ол проблемаларын шешпесе, Қазақстан тиісті ақпаратын бұл жүйемен Еуразиялық экономикалық комиссияға бере алмайды.

Сенаторлар мен сарапшылар одақтың осыған арналған жүйелерінің қалпымен шикі екеніне назар аудартты. Мысалға, ЕАЭО Бірыңғай тіркелім-реестрінде референттік елде де, сондай-ақ танушы елде де тіркелген дәрілік құралдар бойынша толыққанды ақпарат жоқ. Салдарынан, бұл "ол дәрілерді елімізге шекарадан алып өтуге және денсаулық сақтау саласында практикалық қолдануға кедергі болады".

Қорыта айтқанда, жағдай жыларман хәлде. Үкіметтегілердің ұстанымынша, одан шығар жалғыз жол – Еуразиялық одақтың айтқанымен жүріп, дегеніне көну.

ҚазАқпарат