Қалалық типтегі кенттерге мұғалім мен дәрігер тапшы

Қалалық типтегі кенттерге мұғалім мен дәрігер тапшы
фото: https://vr-vyksa.ru/

       Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай қалалық типтегі кенттерге мемлекеттік қолдау керегін айтып, Үкімет басшысы сауал жолдады.

       Қалалық типтегі кенттер өздерінің арнайы аралық мәртебесі жоқтығы салдарынан көптеген мемлекеттік бағдарламаның қамту аймағынан шеттетілген. Депутаттың айтуынша, бұл жағдай жергілікті тұрғындарды күрделі әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет қалдырып отыр.

Қалалық типтегі кент тұрғындарының басты мәселелерінің бірі – мұғалімдер тапшылығы. Әсіресе химия, биология, физика және математика пәндері бойынша педагог кадрлардың жетіспеушілігі оқушылардың сапалы білім алуына айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Денсаулық сақтау саласында да кадр тапшылығы бар. Білікті дәрігер мамандардың жетіспеуінен халықтың денсаулық деңгейі төмендеп барады, - дейді Әлтай.

       Депутат атағандай, қалалық мәртебеге де, ауылдық мәртебеге де толық сәйкес келмегендіктен, бұл аймақтар екі бағыттағы да мемлекеттік қолдау шараларынан шет қалып жүр. Салдарынан жолдар, су және энергиямен қамту, әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі шешімін таппаған басқа да мәселелер тұрғындардың тұрмыс сапасын төмендетіп отыр.

       Әлтайдың сөзінше, қалалық типтегі кенттер 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына да енгізілмеген. Бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырады.

Депутат мәселені шешу үшін мынадай ұсыныстар жолдады:

1. Ұлттық экономика министрлігі қалалық типтегі кенттерге инфрақұрылымдық және экономикалық қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламалар әзірлеуі тиіс.

2. Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталған аймақтардағы педагогикалық кадр тапшылығын жою, әсіресе STEM пәндері бойынша мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін нақты бағдарлама қажет.

3. Жас мамандарды осы аймақтарға тарту мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы ынталандыру тетіктерін қарастыруы қажет.

4. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалалық типтегі кенттерге заманауи инфрақұрылымдық жобаларды енгізу маңызды.

5. Кенттерге келген жас мамандарды баспанамен қамту мәселелері оң шешімін табуы тиіс.

https://baq.kz/