Полиция әскерге шақырылғандарды мәжбүрлеп жеткізуге құқылы

Полиция әскерге шақырылғандарды мәжбүрлеп жеткізуге құқылы
фото: kz.kursiv.media

Қорғаныс министрлігі кәмелет жасына толған азаматтардың әскери міндетін өтеу тәртібін тағы да түсіндірді, деп жазды kaz.inform.kz.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап алып, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан бейнематериалдар таратылуда. Шақыру науқандары барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақытылы келмеу фактілері байқалады. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды. Өйткені, көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді», - деп түсіндірді министрліктен. 

Әскерге шақыру қағазы кәмелет жасына (18 жас) толғандардың қолына беріледі, ал олардың әскери бөлімге жеткізу жағы ішкі істер органдарына жүктеледі. 

«Рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуді жүзеге асыруға құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген әскер жасындағы азаматтардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды босатады. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді», - дейді ведомстводан. 

Еске салсақ, Қорғаныс министрлігі бұған дейін де жасөспірімді әскерге көшеден еріксіз алып кетуге қатысты мәлімдеме жасаған еді.