фото: uzbekny.com
Бүгінде оны пайдаланушылардың саны 500 адамға да жетпейді.
"Қазақ Энциклопедиясының" 7-ші томында жазылғандай, біздің аймақта астанасы Марқанд (қазіргі Самарқанд) қаласы болған соғды мемлекеті дәуірлеген. Соғдылықтар бастапқыда парсы патшаларына күмістен салық төлеп, қымбат бағалы тастар жеткізіп, бодан болды, бостан күнді аңсады.
Біздің дәуірімізге дейінгі 329-328 жылдары соғдылықтар сақ қолбасшысы Спитаменнің (немесе Сыпатай, шамамен б.д.д. 345-326) басшылығымен Александр Македонскийге күшті қарсылық көрсетті. Орта Азияны тұтас жаулап алмақ болған Македонский қазіргі Қызылорда облысы аумағына дейін жетіп, Сырдария бойында жараланып, кері қайтқаны мәлім.
Соғдылар болса, 4-5 ғасырларда ақ ғұндарға, 6-7 ғасырларда Түрік қағандықтарына бағынды. Арабтардың Орталық Азияға жорықтары кезінде Түргеш қағандығы соғды халқына барынша көмектесті.
Бертінде соғдылықтар халық ретінде бірте-бірте жойылды. Осы соғдылықтардың тікелей ұрпағы – ягнобтықтар. Бұл атау Тәжікстанда өздері шоғырланып тұрып қалған Ягноб өзеніне байланысты туындаған.
Лингвистер әлемдегі ең байырғы тілдердің бірі саналатын осы ягноб тілінің "өліп" бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Оның төркіндес жақын тілі осетин тілі саналады, ол тіл де жойылудан алыс емес.
"Радио Озоди" хабарлауынша, қияндағы Ягноб алқабының тұрғындары туған тілінің құрып кетуінен қауіптенеді. Орталық Азияның өзге елдері түгіл, Тәжікстанның өзінде бірде бір мектеп бұл тілде білім бермейді. Ягнобтықтардың ұрпағы мектепте, жоғарғы оқу орындарында тәжік тілінде білім алады.
"Бүгінде әлемдегі ең байырғы тілдердің бірінде – ягнобша шамамен 500-дей адам ғана сөйлейді. Бұл ұлыс жинақы тұратын алқапта мектеп болмағандықтан, жергілікті жұртшылық балаларын интернатта жатып оқуға жібереді. Онда сабақ тәжік тілінде жүреді. Душанбеден солтүстікке қарай орналасқан, табиғаты көркем Ягноб алқабында 500-дей ғана адам қалды. Олар шалғайдағы ауданның жартылай бос қалған ауылдарында шашырай тұрады", – деп мәлім етті тәжікстандық "Озоди".
Ақпарат құралының дерегінше, заманында Ягноб тұрғындарының саны шамамен 4 мың адамнан асатын. Алайда 1970-1971 жылдары кеңес билігі оның тұрғындарын күштен көшіріп, Тәжікстанның Соғды облысындағы Варзоб ауданына және Өзбекстан территориясына ішкері еніп жатқан Зафарабад ауданына тікұшақтармен тасып жеткізді.
Ресми құжаттар бойынша бұған тауда жер сілкінісі қаупінің күшеюі себеп болған. Шынында, мақта өсіру үшін қосымша жұмыс күші қажет болды. Кейін көптеген ягнобтықтар Душанбеге қоныс аударды, тәжіктер арасына сіңіп кетті. Тек бір бөлігі ғана 1990 жылдары туған жеріне оралды. Алайда олардың көпшілігі жұмыс пен табыстың жоқтығына, оқшауланған таулы мекендегі тұрмыстық қолайсыздыққа шыдамай, көшіп кетті.
"Қауымдастығының қысқаруына байланысты тұрғындар ана тілі – ягнобшаның жер бетінен құрып кеткелі тұрғанына алаңдайды. Егер билік тілді дамытуға қолдау көрсетіп, осы тілде білім беретін мектеп ашпаса, солай болғалы тұр. Сондай-ақ осы тілде сөйлейтіндер де оны сақтап қалу үшін бар күшін салғаны жөн. Ең бастысы, ягнобтықтар өз тілінің мектеп бағдарламасына енгізілуін қалайды. Бірақ Ягноб алқабында мектеп жоқ", – дейді жергілікті журналист Фарангиз Наджибулла.
Тәжікстанның өзге өңіріндегі мектептерге, оған балалары баратын тәжіктерге бөтен ягноб тілі тіпті де қажет емес. Ягнобтық балалар туған жерінен шамамен 40 шақырым қашықта, Анзоб қаласындағы мемлекеттік мектеп-интернатта жатып оқиды. Бүкіл Тәжікстанда мектептер тек мемлекеттік тілде – тәжік тілінде оқытады.
Нәтижесінде, атажұртынан кіндік үзген, бүкіл оқу жылын жырақта өткізетін ягнобтық жас ұрпақ ана тілін ұмыта бастады, олар негізінен тәжік тілінде сөйлеседі.
Ягноб өлкесі ақырған аяз, бұрқыраған боран, қалың қар кесірінен жеті ай қыс өзге әлемнен оқшауланып қалады. Жастар ондай қараң қалған қиырға қайтқысы келмесе керек.
"1990-шы жылдары ең құрығанда, ягноб балаларына арналған бастауыш мектебі болатын. Онда жергілікті балалар ана тілінде алғаш тіл сындырып, білімнен сусындайтын. Осы мақсатта бұл тілде оқулықтар әзірленді. Ягноб ұлты өкілдерінің саны қатты азайған жағдайда осы тілді оқыту шешуші мәнге ие. Тек сол арқылы ғана тілді сақтап қалуға болатын еді", – дейді ягноб тілін зерттеп жүрген лингвист Рустам Рамазони.
Енді ол да жоқ. 2000-шы жылдардың басында мемлекет ягноб тіліндегі оқу бағдарламасынан толық бас тартты. Осы арқылы ана тілінде азын-аулақ қана білім алатын ягнобтық балаларды сол игіліктен де айырды.
Фарангиз Наджибулла жергілікті тұрғындардың екі тілде сөйлейтінін айтады. Соның ішінде ана тілі тек өзара қарым-қатынаста ғана қолданылады. Білім беру, мемлекеттік қызмет көрсету, бизнес жүргізу, арыз-шағым жазу, хат-хабар жолдау, бұқаралық ақпарат құралдарының хабар таратуы және басқалары – тәжік тілінде жүреді.
Жергілікті тұрғындар журналистерге баяндағандай, алардың балалары ягноб тілін тек мектепке барғанға дейін қолданады. Ары қарай құрбы-құрдастарынан қалыспау үшін тәжік тіліне көшіп алады.
Аға ұрпақ негізінен, өткенмен өмір сүреді. Олар "Озоди" тілшілеріне Зафарабад ауданынан елге қандай қиындықпен оралғандарын, иесіз қаңырап бос қалған ауылдарын қалай жандандыруға тырысқандарын еске алып, әңгімеледі. Ол кезде Үкімет мақта өсіру үшін сол ауданға қоныс аударту бағдарламасын доғарған болатын.
Пискон ауылының тұрғыны Сафарәлі Боқиев 20 жастан асқан шағында атамекеніне оралған. Сонда бұдан былай Отанынан басқа жерге кетпеуге бекініпті.
"Мен Ягнобқа әскердегі борышымды өтеген соң, 1988 жылы қайттым. Осында үйленіп, отау құрдым. Жеті балам бар. Шама-шарқымызға қарай өмір сүрудеміз. Бұл жерден ешқайда кетпеймін. Өйткені біздің бәріміз қоныс аударсақ, өз тілімізде тілдесетін адам таппай қаламыз. Салдарынан, тіліміз жойылып кетеді", – дейді Боқиев.
Бірақ тәжік тілшілері тұрғындардың көпшілігі алқапта ары қарай қалғысы келмей, көшуді ойластырып жүргенін айтады. Өйткені даму перспективасы байқалмайды, өлкеде не асфальтты жол жоқ, аурухана немесе ойын-сауық орталықтары қарастырылмаған.
Ең нашары – Ягнобта жұмыс жоқ. Ондағы халық негізінен, мал бағып, төрт түліктің өнімдеріне күнелтеді, картоп өсіреді.
Қыста алқап жеті айға жуық қар қоршауында қалғанда, адамдар мысалы, ауруханасы бар таяу елді мекендерге жету үшін оппаға төзімді мал – есек жегеді.
Жақын маңда ну орман болмағандықтан, көмір сыртында, қи ойып, қалыпқа салып құйма тезек құйып, пешке жағып, қыстап шығады.
Керте ауылының тұрғыны, үш баланың анасы Фируза Мухаррамова перзенттерінің бәрін өз үйінде туғанын айтады. Қасында жағдайы ауырласа көмекке келер дәрігер де, акушерлер де болмаған.
Тағы бір қиыны – бүгінде Ягноб электр желісінен ағытылған. Нарық заманында мұндай алысқа сым тартып, қуат тасу – өзін-өзі ақтамайтын бизнес болса керек. Содан кейінгі жылдары тұрғындар өзен суының арынын құрықтап, шағын электр станцияларын салып алған.
Ягнобтың жағдайын білген батыстық волонтерлар бұл алқапты бірегей туристік орталыққа айналдыруды қарастыратын жобалар жасапты. Еріктілер бұл жобаларды өз бетінше ілгерілетуге тырысуда. Жылдың басым бөлігінде қар құрсауында қалатын, оның үстіне инфрақұрылымы кенже қалған өңірге саяхатшыларды тарту да оңай шаруа емес.
Жергілікті тұрғындар мұндай жобалар алқапқа азды-көпті инвестиция тартып, жұмыс орындарының ашылуына ықпал ете ме деп үміттенеді. Соған қарамастан, жұртшылық, әсіресе, жастар біртіндеп қалаға көшіп кетіп жатыр.
"Біз жастарымыздың Янгобта қалғанын қалаймыз. Олар кетсе, тілді сақтайтын ешкім қалмайды. Тіл өледі. Бұл даусыз. Қалаға көшіп кеткендердің көбісі тәжіктеніп кетті. Алайда біздің балалар да алқапта тұрғысы келмейді", – дейді Боқиев.
Ақпарат құралдары осының дәлеліндей, Ягноб алқабында тарыдай шашылған ауылдарда саманнан салынған үйлердің жайрап жатқан жұртын паш етіп тұрады.
Сонымен қатар ол ауылдарда заманауи құрылыс материалдарын қолдана отырып, жаңадан салынған бірнеше тұрғын үйлерді де байқауға болады. Бұл – аға ұрпақтың тілін алып, ақылына жүгініп, өз болашағын атажұртпен байланыстырған (салыстырмалы түрде) жас ягнобтықтардың баспанасы.
Ягноб алқабын тәрк еткен осы ұлттың өкілдері тәжіктеніп бара жатқандарын мұңая мойындайды. Зафарабад ауданында тұратын ягнобтықтар журналистерге сұхбатында ана тілі мен төл мәдениетінің жойылып бара жатқанын бақылаудан басқа амалы жоқтығын айтады.
"Егер сіз ягнобтықтардың үйлену тойларына, басқа тойларына бара қалсаңыз, жиналған жұрттың шырқаған әнінің 95-98 пайызы – тәжік әндері екенін білесіз", – дейді Зафарабад тұрғыны Мырза Рамазанов.
"Біз дәстүріміздің басым бөлігінен айрылып болдық. Бұған Зафарабадқа көшуіміз ықпал етті. Тіпті ягноб тілін білетін адам әлдеқалай табыла қалса, бәрібір тәжікшеге аңдаусыз ауысып кетіп жатамыз", – деп қынжылды ягноб ақыны Саидмурод Холов.
Отбасымен бірнеше жыл бұрын Ягнобтан Душанбеге қоныстанған Шарапат Шарифов мемлекет астанасында тұратын ягнобтықтардың шағын қоғамдастығы ана тілінде тілдесетінін жеткізді. Бірақ оның байламынша, аға ұрпақпен бірге тіл де жоғалып кетеді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через