фото: Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Бекет ата кесенесі маңына жақын ешқандай елді мекен болмаса да жол қатынасы жақсы жолға қойылған. Тақтайдай тегіс жолменен Боқты тау маңына қалай жеткенімізді де білмей қалдық.
Боқты – ежелгі теңіз түбінде пайда болған таулы жота. Биіктігі 165 метр. Ұзыннан ұзақ маңғазданып созылып жатқан таудың етек жағы аппақ ақ түсті болып келсе, үстіңгі қабаты бозғылт түсті жар тастармен өрілгендей. Түрлі – түсті жыныстардан құралған ақ бауырлы Боқты тауы алыстан-ақ мен мұндалап әдемілігімен көз тартады.
Боқты тауынан шығысқа қарай 20 шақырым жерде танымал табиғи орын – Бозжыра шатқалы орналасқан. Бұл шатқалға жолымыз түспесе де Үстірттің батыс бөлігіндегі әктас және бор жыныстарынан тұратын шалғай тау сілемі деп есіттік. Жолымызда кездескен Қызылқұп шатқалы да алуан түсті жыныстардан құралған табиғаттың тамаша бір көрінісі екен.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Түрлі минералдардың қоспалары қабат-қабат болып, шатқалдардың қабырғаларына арнайы қаланғандай. Ақ қабаттар бор болса, қызыл қабаттарда темір бар. Алыстан қарауытқан үстірттің тау қошқарларын да көзіміз шалды. Соған қарағанда бұл жақтың жануарлар дүниесі де сан алуан болса керек.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Жаңаөзен қаласына жақындағаннан-ақ тіршіліктің қыз-қыз қайнап жатқанына көз жеткіздік. Әр елу-алпыс қадам сайын жер қойнауынан мұнай сорып жатқан құрылғылардан көз сүрінеді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Өзен кен орнын барлау жұмыстары басталыпты. Қызылсайда алғашқы мекен жайлар пайда болып, жан-жақтан халық жинала бастаған. Түбекті игерушілердің еткен еңбек, төккен терлері зая кетпеген. Көп ұзамай Өзен кен орнынан газ бен мұнайдың мол көзі табылады. 1964 жылы қазіргі мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі пайда болған. 1968 жылы 21 қазанда Жаңаөзен поселкесі қала мәртебесін иеленді. Бүгінде мұнайшылар қаласы 130 мыңнан астам тұрғыны бар үлкен өндіріс ошағы.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Облыс орталығы – Ақтау қаласына 40-50 шақырым қалғанда атақты Қарақия ойпаты арқылы өттік. Азия құрылығындағы ең терең жер нүктесі болып саналатын Қарақия ойпаты табиғаттың таңғажайып көріністерің бірі. Теңіз деңгейінен 132 метр төменде жатқан ойпат ерекше сұлулығымен шетелдік туристерді өзіне көптеп тартуда. Ұзындығы 85, енді 25 шақырымды құрайтын ойпат терең қазан шұңқырға ұқсайды. Ойпаттың бел ортасына барып көрмесек те шеткері жағасымен өтетін автожол бізді қара қазанның түбіне түсіріп, қайта алып шыққандай әсерде қалдырды.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Сол күні күн жарықта еліміздің теңізге шығар қақпасы – портты қала Ақтауға да келіп жеттік. Рүстем бізді бірден Әбіш Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне алып барды. Музейдің сырт келбеті бізге қатты ұнады. Қолдан құйылып, тұғыры гранитпен қапталған ұлы ойшыл Әбіш Кекілбайұлының 6 метрлік ескерткіші айналасының ажарын аша түскен. Жұмыс күні аяқталып, музей қызметкерлері үйлеріне жиналып жатыр екен. Біздің алыстан арнайы келгенімізден хабардар болған олар музей ішін аралап, танысысып шығуымызға мүмкіндік жасады.
— Мұражайымыз еліміздегі ең ірі мәдени орталықтардың бірі,— деді бізге мұражай тарихымен таныстырып жүрген экскурсовод қыз. — Мәдениет орталығы заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай ашылған. Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған экспозициялық залдардан тұратын музейдің жалпы аумағы 8742 шаршы метрді құрайды.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Шынында, мұражай жұмысымен танысу барысында бұл жердің маңғаз да мұнайлы Маңғыстаудың тарихынан сыр шертетін рухани – мәдени құндылықтарды зерттеп, зерделеп әрі насихаттап, еліміздің мәдени өміріне сүбелі үлес қосып келе жатқан батыс аймағындағы бірден бір тарихи-ғылыми орталық екендігіне көз жеткіздік.
Рүстем ініміз қаланың қақ ортасында тұрады екен. Бибісара келініміздің молынан жайылған дастарқаны біз кеткенше жиылған жоқ. Елгезек ініміздің шаңырағына бір-бір кітабымыздың сыйлап, Нар ағамыз ақ батасын жаудырды.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Ақтау Каспий теңізінің шығыс жағасына орналасқан Маңғыстау облысының орталығы. Маңғыстау түбегінде мұнай, газ, уран сияқты т.б. қазба байлықтарының игеріле бастауына байланысты іргетасы 1959 жылы қаланған қаланың бүгінде 283 мыңнан астам тұрғыны бар. 1963 жылдан бері қала мәртебісіне ие Ақтау шаһары 1964-1991 жылдар аралығында Шевченко аталып, кейіннан тарихи жер атауы қалпына келтірілген. Ақтау еліміздегі жалғыз портты қала. Портта жылдық қуаты 12 млн. тонналық алты мұнай айлағы жұмыс істейді. Ақтау портының тасымалдау үлес салмағын Каспий теңізіндегі жалпы тасымал көлемінің 40 пайызын құрайтындығынан-ақ білуге болады. Қазіргі таңда Қазақстан Ақтау порты арқылы халықаралық көлік дәлізінің түйініне айналған.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Қаланың көшелері кең әрі жол жиектерінде әсем бұталар көп. Жергілікті ұлутастардан тұрғызылған көп қабатты үйлер өзінің ерекше сыртқы келбетімен бірден көз тартады. Теңіз жағалауында демалушыларға мәдени қызмет көрсету жұмыстары жақсы жолға қойылған. Бір қызығы, қалада екі-ақ көшенің атауы бар. Қалған көшелер ықшам аудан, үй және пәтер ретті нөмірлерімен аталады. Біз теңіз жағасына біраз уақытымызды бөліп, қарт Каспидің асау толқындарын тамашаладық.
Теңіз жағасындағы 11 қабат тұрғын үйдің төбесіне орнатылған «Маяк» шамшырағы қаланың бой тұмары іспетті. Кемелердің жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шамшырақ 1974 жылы орнатылыпты. Теңіз деңгейінен 73 метр биік нысан сегіз қырлы құрылымнан тұрады. Белгі беру нысанының беріктігі сонша, жұмыс істеу сапасы бастапқы қалпынан айнымаған. Біз сол күні түс қайта Атырау бағытына бет түзедік.
(Басы ФБ-ы парақшамда. Жалғасы бар).
Әбдімәлік АҒЫБАЙ,
Шымкент – Бекет ата – Ақтау,
29.10.2024 жыл.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через