Елімізде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды

Елімізде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды
фото: pixabay.com

 Ішкі істер министрлігінде жаңа бейінді департамент құрылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Polisia.kz. сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

 Бұл бастама азаматтарды заманауи қауіп – киберқылмыстан қорғауға бағытталған. Департамент киберқылмыстарды анықтаумен және ашумен, олармен күресте стратегиялық қадамдарды әзірлеумен айналысады.

Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтарымен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылды, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелді. 914 қылмыскер ұсталды. Жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталары анықталды. «Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды.

 – Технологиялардың қарқынды дамуы және интернет-қатерлер санының артуына байланысты мамандандырылған арнайы бөлініс құру қазіргі заманауи қауіпке  неғұрлым тиімді жауап беруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

 ІІМ басшысы жеке құрамға жаңа департамент бастығы полиция полковнигі Жандос Сүйінбайды таныстырды.

Фото pixabay.com.

Компьютерлік қылмыс туралы ұғым ең алғаш өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары алдымен америкалық, одан соң өзге де әлемдік басылымдарда пайда болды. 

1983 жылы Париж қаласында ОЕСD (Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) сарапшылары бас қосып, компьютерлік қылмысқа криминологиялық  айқындама берді.Этикалық-тәртіптік қағидаттарға қайшы келетін іс-әрекеттер, сондай-ақ автоматтандырылған мәліметтерге қол сұғушылық сол кезден бастап қылмыстық санатқа жатқызылатын болып шешілді., деп жазды egemen.kz. 

Халықарылық мәртебелі ұйымның алаңдауы тектен-тек емес еді. Өйткені, интернет-ресурстардың шексіз де шетсіз мүмкіндіктері ең алдымен техникалық саладағы сан-алуан қылмысқа жаппай жол ашты. Қылмыс әлемінде бет перде кимей, қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы қаражаттарды қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер пайда болды.