Елімізде баспана бағасы 15 пайызға өсуі мүмкін

Елімізде баспана бағасы 15 пайызға өсуі мүмкін
фото: https://pixabay.com/ru/

2001 жылдан бастап су жаңа баспананың құны 21 есе қымбаттаған

Келесі жылы елімізде тұрғын үй бағасы 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін. Себебі құрылыс саласына 12 пайыздық қосылған құн салығы қайта енгізілмек.

Телеарнаның хабарлауынша, елдегі құрылыс компаниялары бұл салық түрінен сонау 2001 жылы босатылған. Осылайша үкімет үйдің бағасын арзандатпақ болды. Енді сол салық келер жылдан бастап қайта енгізілгелі отыр. Құрылыс компанияларына жеңілдік берілген 2001 жылдан бастап су жаңа баспананың құны 21 есе қымбаттаған.

Қазақстан құрылысшылар одағының Астана филиалының директоры Вячеслав Лазаревтің айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс компаниялары орта есеппен алғанда 15 пайыздық пайдамен жұмыс істеп отыр.

"Егер 12 пайыздық салық енгізілсе, құрылыс компаниясы нөлге жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз істейді немесе шаршы метр бағасын көтереді", - дейді ол.

Сарапшылардың болжамынша, жаңа салынған үйлердің бағасы көтерілсе, бұл екінші нарықтағы тұрғын үйлердің құнына да әсер етеді.

ҚазАқпарат