Маңғыстау облысында 1969 жылы салынған Маңғыстау станциясының теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Қайта құру барысында үш жер үсті және бір техникалық қабаттан тұратын вокзал ғимараты толығымен жаңартылды.
Вокзал заманауи хай-тек стиліндегі сәулеттік көрініске ие болды. Қасбет жылуды сақтауды және үй-жайларды ультракүлгін сәулелерден қорғауды қамтамасыз ететін витраждармен безендірілген. Жаңартылған шатыр жылу оқшаулағышымен және электр жылытуы бар нөсер су бұру жүйесімен жабдықталған.
"Ғимаратты функционалды аймақтарға бөлу жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылған. Бірінші қабатта тексеру алаңы, вестибюль, кассалар, күту залы, кофехана және багажды сақтау бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта қосымша күту аймағы, ана мен бала бөлмелері, жолаушылардың ұзақ демалу бөлмелері бар, сондай-ақ сауда орындарымен жабдықталған. Үшінші қабат әкімшілік және қызметтік үй-жайларға арналған", - дейді ҚТЖ.
Вокзал 1-класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 2 481 адамды құрайды. Станция арқылы Маңғыстауды Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Семей, Түркістан, Шымкент, Тараз, Орал және Атырау, сондай-ақ Өзбекстанмен байланыстыратын 16 жолаушылар пойызы өтеді.
Жоба ҚР үкіметінің, Көлік министрлігінің, "Самұрық-Қазына" және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның қаражаты есебінен іске асырылған.
Дерек көзі: https://sputnik.kz