Бүгін ұлттық валютамыз – теңге күні

Бүгін ұлттық валютамыз – теңге күні
фото: Коллаж: Kazinform

Бүгін ұлттық валютамыз – теңге күні. Осы атаулы датаға орай ел тұрғындарынан қолына алғаш тиген теңгені қандай мақсатқа жұмсағанын және Қазақстанның мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау мақсатында «Сақ стилінде» айналымға шыққанына бір жыл тола қоймаған 5 000 теңгелік банкнотаның дизайнына қатысты пікірлерін білген едік,kaz.inform.kz деп жазды .

Теңге: өткені, бүгіні және келешегі

Соңғы уақытта еліміздің қаржы нарығына цифрлық технологиялар жаппай енгізіліп, тұрғындар оның игілігін де көріп отыр. Соның жарқын мысалының бірі – қолма-қол ақша дәуірінің келмеске кетіп бара жатқаны. Айталық, 2020 жылдан бастап қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі 5,5 есе өсіп, 2024 жылдың 8 айында 100 трлн теңгеге жетті. 2022 және 2023 жылдары жыл сайынғы өсім 40 пайыздан асты. Ал биыл 15 пайызға дейін баяулағанына қарамастан, 17 пайызға тең орташа әлемдік өсу қарқынына жақындады. Негізгі үлес, яғни қолма-қол ақшасыз төлемдердің 80 пайызы - интернет және мобильді құрылғы арқылы жасалатын төлемдер: 82 трлн теңге сомасына 4,4 млрд транзакция. Демек, жылдан жылға қолма-қол ақшамен есеп айырысу көлемінің қысқара беретіні сөзсіз. Мұндай жайтты сауал салған ел тұрғындарының пікірлерінен де байқауға болады.

Мәселен, Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленов бүгінде қолма-қол ақшаны мүлдем ұстамайтынын айтады.

Бинур Жаленов

Фото: ҰКП

«Алғашқы теңгемді мектептегі байқауда тапқан едім. Оны анама сыйлық алуға жұмсадым. 5 мың теңгелік жаңа қағаз ақшаны көрдім, дизайны қатты ұнайды. Дегенмен, өзім қолма-оқл ақшаны мүлдем ұстамаймын», - деді ол.

Экономист Олжас Құдайбергенов те қолма-қол ақшамен есеп айырысуын жылдан жылға азайтып келе жатқанын айтады.

Олжас Худайбергенов

Фото: zhaikpress.kz

«5 мың теңгелік жаңа купюраны көрдім. Көлемі кішірейген, ыңғайлы. Қолма-қол ақша қолданамын. Бірақ, әрине жылдан жылдан азайып келе жатыр. Шығыстар мен жағдай бірте-бірте қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшуге итермелейді. Ал алғашқы теңгемді қайда жұмсағаныма келер болсам, ол кезде мектепте 5 сынып оқитын едім. Қағаз тиындар болған еді. Нақты есімде жоқ, дегенмен, достарыммен мектеп асханасына жұмсаған сияқтымын», - деді экономист.

Қаржыгерлер қауымдастығының бұрынғы басшысы Юлия Якупбаева да көпшілік сияқты қолма-қол ақшаны сирек қолданады. Сонымен қатар ол алдағы уақытта тиын монеталар айналымнан шығып қалуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Юлия Якупбаева

Фото: "Атамекен" ҰКП

«Алғашқы жұмыс орным – Ұлттық банк. 1998 жылы жалақы айтарлықтай жоғары бола қойған жоқ. Жалақымның алғашқы бөлігін алған кезде оны ата-анама торт, кәмпит, жеміс-жидек сатып алуға жұмсаған едім. Сонымен ақшам таусылып қалды. Әрине, одан кейін үнемдеп ұстап, тіпті жинай да алатын болдым. Көптеген адам сияқты мен де қолма-қол ақшаны сирек қолданамын. Жалпы, алдағы уақытта тиын монеталар тіпті айналымнан шығып та қалатын шығар. Жаңа 5 мың теңгелікті көрдім, динайны қызық. Қолма-қол ақшаны сирек қолданатындықтан жаңа купюраның айналымға енгізілгенін бірден түсіне қоймағаным рас», - деді ол.

Биыл қолма-қол ақшасыз төлемдердің орташа чегі іс жүзінде өзгерген жоқ. Нақты мәнде тіпті қысқарды десек те болады. Бір қызығы қолма-қол ақша алу операциялары бойынша кері үрдіс байқалып отыр. Яғни, қазақстандықтар ақшаны сирек ала бастады. Алайда бір рет алынатын ақшаның сомасы шамамен екі есе өсті - 2020 жылдың 8 айында 51 583 теңге болса, 2024 жылдың дәл сондай кезеңінде 101 707 теңгеге жетті.

Астана медицина университетінің студенті Дария Шәкірт қолма-қол ақшасыз есеп айырысу ыңғайлы әрі уақыт үнемдейтінін алға тартады.

«Apple Pay-ды баптап қойғанмын және картам барлық жерде тіркеулі. Бұл кез келген уақытта жылдам төлем жасауға мүмкіндік береді. Мен үшін әр минут қымбат әрі уақытымды кезекте тұруға, қолма-қол ақшамен төлем жасап, қалған ақшамды қайтарып алуға немесе жеткізушіге төлем жасау үшін үйдің ішінен купюра іздеуге жұмсағым келмейді. Мұның үстіне қағаз ақшаны үнемі жоғалтып аламын не қайда қойғанымды ұмытып қалатын кездерім болады», - деді ол.

Дария Шәкірт әкесі берген ең бірінші ақшаға чупа-чупс, балмұздақ және киндер-сюрприз, кеңсе стикері мен «Дело№» журналын сатып алғанын еске алды.

«Ыңғайлы болғандықтан қолма-қол ақшасыз есеп айырысамын. Мұның үстіне қазіргі уақытта барлығы цифрландырылған. Сондықтан ол төлемді одан ары жеңілдете түседі. Алғашқы ақшамды косметика сатып алуға жұмсаған едім. Ал 5 мың теңгеліктің жаңа дизайнын әлі көрген жоқпын», - деді Астана медицина университетінің студенті Аружан Даниярбек.

Ал Ұлттық банктің бас дизайнері Санжар Нұрқасымов қана қолма-қол ақшаны қолға ұстап, зерделей қарағанда, сақтап қойғанды және есеп айырысқанды ұнататынын айтады. Оның атап өтуінше, «Сақ стилі» жаңа банкноталар сериясы дизайнымен көп адам айналысқан. Сондай-ақ ақша дизайнын оқтын-оқтын жаңартып отыру қажет.

«Бұл Орталық банктер үшін үлкен ұсыным десек те болады. Ол әлемдік тәжірибе саналады. Ақшаның қорғаныс кешенін жаңартуға 7-8 жыл кетеді. Технология алға жылжып барады, ештеңе де бір орнында тұрмайды. Яғни, технология ауысып отырады. Уақыт сынынан қалып қоймауға тиіспіз. «Банкнота фабрикамызды» жаңа қорғаныс элементттерін пайдалана алуы үшін жабдықтап отырамыз. Негізінен бұл жалған ақша жасаушылармен күрес десек те болады. Біз әр уақытта да бір қадам алда жүруіміз қажет», - деді Санжар Нұрқасымов.

Санжар Нуркасимов

Фото: Александр Павский / Kazinform

Айта кетейік, «Сақ стилі» жаңа банкнота сериясы дизайнының тұжырымдамасы 2022 жылы әзірлене басталды. 2023 жылғы 15 қарашада банкнота сериясы ресми түрде таныстырылды. Ал 5 000 теңгелік алғашқы банкнота 2023 жылғы 25 желтоқсанда айналымға шықты. Серияны әзірлеген кезде отандық және шетелдік ғалымдардың, археологтардың, антропологтардың, этнографтардың, суретшілер мен реставраторлардың көптеген еңбегі мен материалы зерттеліп, қолданылды. Банкноталардың жаңа сериясы ежелгі көшпенділердің дүниетанымындағы ерекшеліктерді, олардың табиғатпен және жануарлар әлемімен байланысын бейнелейді. Сондай-ақ «Сақ стилінің» бірегейлігін айқындап, ұлт мәдениеті мен тарихын зерттеуге деген қызығушылықты оятуға арналған.

Қазақстан Ұлттық банкі әлемдік тәжірибеде алғаш рет банкнотаға екі түсті микрооптикалық қорғаныс жіптерін енгізді. 

Бұл қорғаныс элементі банкнотаны ары-бері аударып қарағанда, екі түс өзара әрекеттесіп, динамика әсерін тудырады. Мұндай элементті тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде жасауға болады, яғни материал полимерлік емес болуы керек.

Сонымен қатар, банкноталардың дизайнында жарқын әрі есте қалатын 3D әсерін, сондай-ақ үш өлшемді қорғаныс элементтерін қалыптастыратын оптикалық өзгермелі голографиялық элементтер қолданылды. Бұл элементтер банкноталардың «Сақ стиліндегі» дизайнын толықтырып тұр. Жаңа сериядағы банкноталардың дизайнында банкноталарды жарамды немесе тозған деп сұрыптау үшін қолданылатын касса техникасының алгоритмдері де ескерілген. Сондай-ақ, жаңа банкноталарда серия нөміріндегі әріптер мен сандардың биіктігі бірдей (алдыңғы серияларда әртүрлі өлшем қолданылған). Бұл банкноталарды жоғары жылдамдықта өңдейтін жүйелерді барынша дәлме-дәл етеді.