фото: pixabay.com
Кейде әңгіме барысында адамға ойланбастан ыңғайсыз сұрақ қойып қаламыз. Бұл адамдармен қарым-қатынасыңызды және әңгімені бұзады. Кез келген әңгімеде орынсыз болып саналатын бірнеше сұрақты ұсынамыз, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
"Неге әлі жалғызсың?"
Ешбір адам өзінің неліктен жалғыз екенін түсіндіре алмайды. Бұл сұрақ оны қорлағандай естіледі немесе оның кемшілігін айқындап жатқандай, оны сынағандай қабылданады. Жалғыз болу - таңдау немесе жағдай. Оның орнына адамның қызығушылығы, хоббиі жайлы сөйлескен дұрыс.
"Қашан тұрмысқа шығасың/үйленесің?"
Кей адамдарға мұндай сұрақ қою арқылы оларға психологиялық қысым жасайсыз және тығырыққа тірейсіз. Бұл сұрақ біреулерді ашуландыруы, жағымсыз эмоциялар тудыруы мүмкін. "Уақыт зымырап өтіп жатыр", "Солай жүре бересіңдер ме?" деген сөздер дөрекілікке жатады және ол оны сынау деп қабылдауы мүмкін.
"Қашан бала көтересің?"
Кез келген әйелден қашан бала көтеретінін сұрамаңыз. Бұл еш зияны жоқ сұрақ секілді көрінгенімен, ол жеке нәрсе. Олар көптен бері бала көтере алмай жүрген болуы немесе әлі балалы болуға дайын болмауы мүмкін. Кей адамдарға балалар жайлы сұрақ қою арқылы олардың жанын ауыртуыңыз, ашуландыруыңыз немесе кінә сезімін тудыруыңыз мүмкін. Басқаның отбасы - олардың жеке өмірі, сондықтан бұл тақырыпты көтерудің қажеті жоқ.
"Қанша ақша табасың?"
Адамдармен ақша жайлы сөйлесуге болады, бірақ оның нақты қанша табатынын сұрамаған жөн. Бұл - дөрекілік және адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Көпшілік адам жеке қаржысы жайлы ашық айтпауды жөн санайды. Себебі көпшілік адам басқаларда оған қатысты көреалмаушылық немесе аяушылық сезімі туындағанын қаламайды.
"Неге ажырасып кеттіңдер?"
Жақын танымайтын адаммен әңгіме барысында серігімен неге кездеспей кеткенін немесе ажырасып кеткенін сұраудың қажеті жоқ. Бұл тақырып ол үшін ауыр болуы немесе оны құпияда сақтағысы келуі мүмкін. Сондықтан бұл жайлы өзі бастап айтпаса, ол тақырыпты көтермеген дұрыс.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через