Батысты бетке алып. Жолсапар күнделігі

Батысты бетке алып. Жолсапар күнделігі
фото: pixabay.com

Еліміздің шалғай аймақтарына сапар шегіп, ел көріп, жер тануды соңғы жылдары үрдіске айналдыра бастадық. 

Бұл жолы еліміздің Батыс аймағына бет түзедік. Мақсатымыз — жер асты табиғи байлыққа, тіршілігі рухани құндылықтарға толы Батыс аймақтың тыныс-тіршілігімен танысу. Оңтүстіктің абыз ақсақалы, ақын Нармахан аға Бегалыұлы мен төлебилік тарихшы-өлкетанушы, жазушы ағамыз Жақсылық Сыдықбаевты алға тартып, арыстық кәсіпкер, өнер жанашыры Тұйғынбек Мәуленұлы екеуміз жол талғамайтын «темір тұлпарды» кезек-кезек тізгіндеп, жолға шықтық. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

Шымқаладан таңертең ерте шыққан біздер сәске түсте Қызылорда қаласында болдық. Қаладан шыға бере күре жолдың бойындағы демалыс алаңшасына жайғасып, шайланып әрі жайланып алған жайымыз бар. Сол тойғанымызбен қас қарая Арал қаласына жеттік. Аралда бізді Тұйғынбектің курстасы Жалғас бауырымыз күтіп алып, қонақ етті. Кең жайылған дастарқаннан дәм татып, сыралғы досымызбен ұзақ-сонар әңгіме-дүкен құрдық. «Сыралғы досымыз» дегеннен шығады, өткен жылы дәл осы мезгілде Сыр бойына сапар шегіп, Арал қаласында екі-үш күн Жалғас бауырымыздың қонақжай шаңырағында болғанымыз бар. Сонда, Арал қаласындағы Әбдіжәміл Нүрпейісов атындағы әдебиет үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, осындай рухани орталықтың қай жерде болмасын қажет екендігіне көз жеткіздік. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

Елге оралған соң Арыс қаласында жазушы-драматург, аңыз ағамыз Дулат Исабеков атындағы әдеби орталығын ашу туралы ойымды қала әкімі Гүлжан Құрманбековаға жеткіздім. Ол кісі бұл ұсынысымды бірден қолдады. Бірақ, әдеби орталыққа лайықты деп таңдалған ғимарат жайлы да, ыңғайлы жерге орналасқанымен екі-үш адамның атына тіркеліп, әрі банкіге кепілдікке қойылған жағдайы да бар екен. "Шешінген судан тайынбас" деп, осы ұсыныспен Шымкент қаласындағы танымал да табысты кәсіпкер Әлімхан Әбжановқа шықтық. Біздің бұл идея-ұсынысымызға қолдау көрсеткен Әлімхан бауырымыз өзі салып жатқан «Аужан» көп тілді лицей аясында аумағы 250 шаршы метрлік Дулат Исабеков атындағы әдеби орталығын ашып, азаматтығын танытты. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

«Жол анасы – із» дегендей, бүгінде жұмысы қыз-қыз қайнаған, ішінде жастар жайлаған 6 мың кітап қоры бар Дулат Исабеков атындағы әдеби орталық осындай тәлімі мол жол сапарымыздың нәтижелі ізіндей болған рухани білім ордасы десек артық айтқандық емес. Алыс сапар алғашқы адымнан басталады. Шымқаладан шыққалы 900 шақырымды артқа тастап, Арал қаласына жетсек, Аралдан Ақтөбе қаласына дейін 605 шақырым екен. Біз таспадай тілінген, тақтайдай тегіс жолмен Ақтөбе облысы аумағына қалай жеттік, солай жол сапасы да өзгеріп сала берді. Ойлы- қырлы, толқын-толқын болып білеуленіп жатқан автожолмен Хромтау қаласына дейін әрең жеттік. Хормтаудан Ақтөбе қаласына дейінгі 100 шақырымдық жол да сын көтермейді. Ақтөбеде бізді Тұйғынбектің тағы да бір курстасы Кенжебек бауырымыз күтіп алды. Ол Ақтөбе медициналық университетінің ғалым-оқытушысы әрі өзіндік айтар ойы бар байсалды азамат екен.

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

Ертесіне ертемен Бекет ата кесенесін бетке алып жолға шықтық. Атырау қаласына бағыт түзеген жолдың Доссор елді мекенінің тұсына келгенімізде жол екіге айырылды. Доссор кентінің сол қапталына бұрылып, бағытымызды Ақтау қаласына қарай түзедік. Біз жүрген жерімізде көбінесе ерекше атауларға мән беріп, оның шығу тарихын анықтауға тырыстық. Доссор 1911 жылы қазақ мұнайының қарашаңырағы болып құрылған елді мекен болғандықтан біз “Доссор” сөзін сол мұнайлы аймақты игеруге келген шетелдік білікті мамандардың бірінің есімімен қойылған деп түсіндік.

Жергілікті тұрғындармен тілдескенімізде бұл жөнінде бірнеше пікір бар екен. Әдебиетші-ғалым Ермек Өтебаев “Доссор” сөзін қалашықтың оңтүстігіне таман 4-5 шақырым жердегі Достың моласымен байланыстырады. Моланың айналасы аппақ сор болып жатқандықтан «Достың соры» деген тіркес келе-келе «Дос-сор» болып қалыптасқандығын алға тартады. Ал, топономиканың білгір маманы болған марқұм Махсот Жолжанов кезінде:

—О баста бұл арада ащы көл болған. Адамдар оны «тұзды сор» атаса керек. Бара-бара ол «тұз-сор» түріне көшіп, дыбыс үндестігіне қарай «Доссорға» айналған,— деп аталмыш сөз этимологиясына талдау жасапты.

—Қазақ тілінде «тұз» және «сор» сөздерінің қосарланып қолданылуы кездеспейді,— дейді жолсерігіміз Нармахан аға Бегалыұлы тіл маманы ретінде. — Өйткені, «сор» сөзі бетінде балшық пен тұз қабыршағы бар батпақты көл мағынасында түсінік береді. Қазақ тілінің 2 томдық түсіндірме сөздігінде: «Сор – сортаң, тұзды жер» делінген. Сор «тұзды», «тұзсыз» деп те айтылмайды.

Нарағаның көңілге қонымды бұл тұжырымынан кейін қалғанымыз «Доссор» атауының алғашқы нұсқасының дұрыстығына көз жеткізгендей болдық. Күн қызарып, ұясына батар алдында Құлсарыға да келіп жеттік.

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

Құлсары Тінекейұлы 1820 жылы дүниеге келіп, 1898 жылы қайтыс болған белгілі тұлға. Аса бай болмаса да өз дәулеті өзіне жетерлік дәрежеде өмір сүрген. Еңбекқор бабамыз таза мал шаруашылығымен айналысқан. Құлсары би өзінің көріпкелділігімен де елге әйгілі екен. Қайтыс боларының алдында өздері мекен етіп отырған жердің қойнауы байлыққа толы, несібесі мол екендігін айтып кеткен. Қайтыс болғаннан кейін Құлсары бидің өсиеті бойынша ол кісіні ауыл сыртындағы төбе басына жерлейді. Содан сол жер Құлсары атанып кетіпті.

Құлсары бүгінде 66 мыңнан астам тұрғыны бар мұнайшылар қаласы. Жылыой ауданының орталығы. Жылыой ауданы жалпы қоры 2,5 млрд. тонна болатын қырықтан астам мұнай кен орны бар еліміздегі ең бірі стратегиялық маңызы зор өңір. Бірақ, биылғы көктемде Құлсары қаласын қақ жарып өтетін Жем өзені арнасынан асып, қаланы тасқын су басқан. Табиғи апаттан 2920 тұрғын үй, 200-ге жуық кәсіпкерлік, 15 әкімшілік және әлеуметтік нысан бүлінген. 300 бас мал суға кетіп, адам шығыны да орын алған. Бүгінде зардап шеккен қала тұрғындарына өтемақы төлеп, су шайып кеткен үйлерінің орнынан жаңа үй салып жатса да біз жүріп өткен қала жолдарында қарғын судан қалған қаралы іздер «мен мұндалап» сайрап жатыр. «Атар таңға жүрсең де, батар күнге жүрме» деген аталы сөзді басшылыққа алып, сол күні түнделетіп Бейнеу қаласына жетіп, қонақ үйге түнеп шығуымызға тура келді.

“ Жол мұраты — жету” дегендей, ертесіне ертелеп тағы да жолға шықтық.

Жалғасы бар. 

Әбдімәлік Ағыбай