Ажырасудың басты себебі қаражат па?

Ажырасудың басты себебі қаражат па?
фото: https://pixabay.com/ru/

       Көптеген жастар отбасын құруды шектен тыс романтизациялап, той мен әдемі киімдерінің артында не жатқанын ойлай бермейді. Шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде олар "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген халық даналығын еске түсіреді.

      Ерлі-зайыптылардың айтуынша, мінездер мен менталитеттердің әртүрлі болуы, бала сүйе алмау, зорлық-зомбылық және басқа да себептермен отбасын сақтап қалу қиынға соғады.

      Ал 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, қаржылық қиындықтар ажырасудың негізгі себептерінің біріне айналған. Ақша мысқылдап кіріп, отбасындағы татулыққа батпандап зиянын тигізуде. Осылайша, қаржылық мәселелер басқа себептерді ығыстырып, шаңырақтың ортаға түсуіне әкеп соғып отыр.

      Соның салдарынан әйелдер зардап шегеді: балаларымен жалғыз қалады, жұмысы, алименті немесе қаржылық қоры болмайды. Қаржылық қиындықтар отбасы қарым-қатынасына қалай әсер ететіні туралы «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасына жүгінген әйелдер баяндап берді. 

      «Қарызсыз қоғам» жобасы — AMANAT партиясының Қазақстан халқының қаржылық сауатын арттыруға бағытталған бастамасы. Жобаға 18 жастан асқан кез келген тұрғын, тіпті борышкерлер тізімінде немесе мерзімі өткен несиелері барлар да қатыса алады. Бұл бағдарлама жеке қаражатын тиімді басқаруды үйренгісі келетіндерге, жеке кәсіп ашуды жоспарлап жүргендерге және қаржылық білім алғысы келетіндерге де пайдалы.

      Бүгінгі таңға дейін Қазақстанда 245 мың адам «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы қаржылық сауатын арттырды.

      Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен қаржы негіздерін білу, сондай-ақ базалық цифрлық дағдылардың азаматтар үшін өте маңызды бола бастағанын атап өтті.

Президент AMANAT партиясы бастамашылық еткен «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған жоба өткен жылы 65 мың адамды қамтыды. Биыл жоба аясын айтарлықтай кеңейтіп, одан да көп адамды қамту жоспарланған, - деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

      Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, жобаның негізгі қатысушылары – отбасылық шығындарды жабу үшін несие мен қарыз алуға мәжбүр болған әйелдер. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар саны мен қарыз сомасы күннен-күнге артып келеді.

     Қатысушылардың көпшілігі – қарыз құрсауына шырмалған әйелдер. Олардың иығына өз болашағы мен балалардың болашағы үшін ауыр жүк пен жауапкершілік артылған.

     Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегіне сүйенсек, елдегі ажырасудың 38,4%-ы күйеулерінің құмар ойындарға тәуелділігі, яғни лудоманияға бой алдыру салдарынан болып отыр. Осындай ауыр сынақты Майра да (еск. - кейіпкердің өтінішімен аты өзгертілді) бастан өткерді, қазір ол үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. 12 жылдық некеден кейін күйеуінің құмар ойындарға тәуелділігі үшін ажырасуға мәжбүр болған.

Біз үйленгенде бәрі тамаша болған еді. Бірақ соңғы екі жылда күйеуім қатты өзгерді. Өзіне де, маған да несие мен микронесиені толтырып алды. Кейін оның құмар ойындарға әуестенгенін білдік. Тіпті енем де оның қарызын жабу үшін өз атына несие рәсімдеді. Бірақ күйеуім лудоманияны қоя алмады. Бір жыл, екі жыл шыдадым, бірақ әрі қарай төзу мүмкін болмады. Балаларымды алып, өз үйіме кетіп қалдым. Қазір мектепте жұмыс істеймін. Егер ол үйге ақша әкелмей, бәрін ойынға жұмсаса, ондай күйеудің маған не керегі бар, - дейді Майра.

Майраның жағдайын қиындата түскені — банктердің төленбеген қарыздар үшін жалақысын ұстай бастағаны.

Маған арнайы заңгер бөлінді, ол төлемдерімді қайта реттеуге көмектесті. Заңгер несиелік тарихымды тегін талдап, құнды кеңестерін берді, - деді ол.

Несие мәселесі балалардың психологиялық жағдайына да әсер етпей қоймайды.

Балалар, әрине, бәрін біледі. Бірнеше рет әкелерімен бірге тұруды да өтінді. Бірақ мен мұны істей алмадым, себебі ол өзгермеді. Күйеуімді дәрігерлерге де апардым. Бірақ бәрі бекер кетті – біраз уақыт ойнауды қояды да, кейін қайтадан бастайды. Ол өзін ұстай алмайды, - дейді кейіпкер.

     Майраның айлық табысы шамамен 230 мың теңге. Оның жартысын банк ұстап қалады. Ол үш баласымен айына 115 мың теңгемен күн көруге мәжбүр.

     Отбасын құруды жоспарлап жүрген қыздарға Майра сүйіктілерінің мінезін, қызығушылықтарын және қаржылық жағдайын мұқият зерттеуге кеңес береді.

Әрине, оның құмар ойынға тәуелді болып кететінін болжай алмайсың. Мен де мұндай жағдай болатынын еш күтпедім. Бірақ түнгі сағат 2-3-терде оның телефонмен отырғанын байқап жүрдім. Бастапқыда мән бермеген едім, кейін бақылайтын болдым. Ол ұйықтағанда, телефонын тексеріп, букмекерлік кеңселердің сайттарына кіргенін көрдім. Күйеуімнен кету туралы шешімді қабылдау маған оңай болмады. Біздің менталитетте «ұят» деген ұғым бар. Үйге қайтып келген қыз ата-анасы үшін ұят саналады, бірақ бұлай өмір сүре алмадым және осындай жағдайға тап болған басқа қыздарға да қалуға кеңес бермеймін, - деп бөлісті ол.

     Қазіргі отбасылар шынымен де қаржылық қиындықтар үшін ажыраса ма? Ақмола облысының қаржы сарапшысы Алма Қазбанованың айтуынша, ауылдарда қарыз-несиеге байланысты жағдай шамамен бірдей. Қаржылық қиындық салдарынан ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық мәселелер туындап, түсінбеушілікке тап болады.

Кейде отбасы мүшелерінің бірі жақсы табыс табады, бірақ адамдар қаражатты дұрыс басқара алмайды. Табысы мен шығындарын есепке алмай, артық ақшаны үнемдеуді ойламайды. Осы себепті адамдар несие алуға мәжбүр болады, қарыз ауыртпалығы артады. Мен көбіне ауылдарда жұмыс істеймін. Онда азық-түлікті қарызға алып, дәптерге жазып қояды. Мұның бәрі үлкен қарыз көлемін туындатады. Осы қарыз салдарынан тұрмыстық қиындықтар орын алады. Кейде әйелдер күйеулеріне айтпай, несие алады. Сол сияқты ер адамдар да әйелін ескертпей жатады. Мұның бәрі түсініспеушілікке, тіпті ажырасуға дейін әкеледі, - дейді сарапшы.

     Алма Қазбанова атап өткендей, тұрмысқа шықпаған қыздар өздерінің қаржылық қауіпсіздік қорын жасауы керек.

Мысалы, біздің қоғамда декреттік демалыста отырған, бірақ мемлекеттен жәрдемақы алмайтын, бала тәрбиелеп отырған әйелдер көп кезікті. Өз баспанасының болмауы жағдайды қиындатады, алимент төлемейтін ер адамдар да кездеседі. Кейде ер азаматтар әйелдерінің атынан несие рәсімдейді. Өкінішке орай, мұндай ауыр жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан мен әйелдер қаржылық жағынан қорғалуы қажет деп есептеймін, - деді сарапшы.

https://baq.kz/