фото: ҚДИАҒО баспасөз қызметі
2024 жылғы 26 қарашада Алматы қаласында «АИТВ-ның алдын алу және емдеу бойынша инновациялық шаралар: саясат, зерттеулер, практика» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференция 1 желтоқсанда атап өтілетін ЖИТС-пен күресудің Дүниежүзілік күніне арналған «Дұрыс жолды таңдаңыз – адам құқықтарының жолын» ұранымен өткізілетін Дүниежүзілік науқан аясында ұйымдастырылды. Конференцияның тағы бір маңызды себебі – Қазақстанда АИТВ қызметінің құрылғанына 35 жыл толды.
Конференцияны ұйымдастырушылар: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы (ҚДИАҒО), «Қоғамдық денсаулық сақтау» қауымдастығы. Конференцияға Денсаулық сақтау министрлігінің, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың – ДДСҰ, UNAIDS, USAID, CDC, ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қордың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Беларусь, Германия, Грузия, Дания, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украинадан АИТВ саласындағы жетекші сарапшылар шақырылды.
Қазақстанда АИТВ алдын алу қызметінің құрылғанына 35 жыл толуына орай, конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А.Ш.Әлназарова сөз сөйледі:
- Сіздердің жұмыстарыңыздың арқасында Қазақстан АИТВ инфекциясымен күресте елеулі үлес қосты және бұл қауіп-қатерді жоюға ұмтылған жаһандық қауымдастықтың бір бөлігіне айналды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар толыққанды және ұзақ өмір сүруге үміт, көмек пен қолдау алды, - деп атап өтті министр.
Қазақстан 2021 жылы UNAIDS-тің АИТВ/ЖИТС бойынша саяси декларациясын қолдап, 2030 жылға дейін ЖИТС-ті толық жоюға бағытталған күш-жігерді жеделдетуге міндеттенді. Қазақстанда 95-95-95 мақсаттарына қол жеткізу көрсеткіштері төмендегіні құрады:
- АИТВ-пен өмір сүретін адамдардың 82%-ы өз мәртебесін біледі;
- АИТВ диагнозы қойылған адамдардың 88%-ы антиретровирустық терапия алады;
- Терапия алатын адамдардың 90%-ы вирустық жүктемені басқан, яғни олар вирусты өзгелерге жұқтыра алмайды.
- Қазақстанда 95-95-95 мақсаттарына қол жеткізу нәтижелері Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің көпшілігімен салыстырғанда жоғары. Елде АИТВ-ның негізгі таралу жолы – жыныстық қатынас болып табылады. 2024 жылдың басына дейін Қазақстанда АИТВ-пен өмір сүретін 32 659 адам тіркелген. Өткен жылы алғаш рет тіркелу өсімі қарқынының төмендеуі байқалды. Анадан балаға АИТВ жұғу көрсеткіші 3,6%-дан 1,6%-ға дейін төмендеді. ЖИТС-тен өлім-жітім төрттен бірге азайды. Қазақстанда ДДСҰ ұсынған барлық 12 профилактика бағдарламасы енгізілген, оның ішінде кең танымалдылыққа ие бола бастаған контактіге дейінгі профилактика бар. Бүгінде бұл әдісті АИТВ-сыз 11 мыңнан астам адам қолдануда, – деді ҚДИАҒО директорының міндетін атқарушы Ұлықбек Медеубеков.
АИТВ-инфекциясы елде тұрақты бақылануда. Бірақ, бұл процесті күшейту үшін халықты инфекциядан сақтандыратын және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыратын тиімді ақпараттық жұмыс қажет. Жастар денсаулық орталықтарында, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында және жеке медициналық орталықтарда алдын алу жұмыстарын кеңейту қажет. Ауруды ерте кезеңде анықтау АИТВ-ның алдын алу мен емдеуде маңызды басымдық болып табылады. Жастар арасында АИТВ-ға тест тапсыруды сәнді үрдіске айналдыру керек.
Соңғы жылдары елде жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ), соның ішінде мерез, гонорея, хламидиоз ауруларының азайғаны байқалады. Бұл аурулардың нақты статистикасын жақсарту үшін меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдарға бірыңғай ақпараттық жүйе енгізу қажет. Халыққа медициналық көмектің сапасын арттыру үшін аймақтық дерматовенерологиялық диспансерлер желісін қалпына келтіру қажет.
Конференция АИТВ-инфекциясы мен дерматовенерологиялық аурулардың алдын алу саласындағы тәжірибе мен озық тәжірибемен алмасу үшін жемісті алаңға айналды.
Талқылаулар барысында анадан балаға (АИТВ, мерез және В гепатиті) үштік элиминацияны енгізу, негізгі халық топтарына қатысты стигманы азайту бойынша тиімді шараларды әзірлеу, алдын алу шараларын жетілдіру және басқа да мәселелер көтерілді. Қатысушылар АИТВ тестілеудегі инновациялық тәсілдерді, АИТВ профилактикасында әлеуметтік маркетинг, краудсорсинг элементтерін және мектептердегі интерактивті әдістерді пайдалануды талқылады.
Қатысушылар атап өткендей, конференция АИТВ мен дерматовенерологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған заманауи тәсілдерді жетілдіруде маңызды қадамға айналды.
ҚДИАҒО баспасөз қызметі Байланыс: Марина Максимова
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через