Алматыда ішек ауруларын емдеуге арналған еліміздегі алғашқы орталық ашылды

Алматыда ішек ауруларын емдеуге арналған еліміздегі алғашқы орталық ашылды
фото: https://pixabay.com/ru/

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында еліміздегі ішектің қабыну ауруларын (IҚА), қысқа ішек синдромын (ҚІС) емдеу және нутритивтік түзету жөніндегі алғашқы мамандандырылған орталық ашылды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

"Біздің орталықта диагностика үшін заманауи технологиялардың және терапияның үлкен арсеналы бар, сонымен қатар пациенттерге оңалту және емдеу үшін қызметтердің толық спектрін алуға мүмкіндік беретін мультидисцплиналық команда жұмыс істейді. Біз әрбір пациентке сапалы көмек, сондай-ақ толыққанды өмірге оралу үшін қажетті қолдау көрсетуге ұмтыламыз",- деп атап өтті Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жамиля Қайбуллаева.

Крон ауруы мен ойық жаралы колитті қамтитын ішектің қабыну аурулары бүкіл әлемде жиі кездеседі. АҚШ пен Еуропа елдері сияқты табысы жоғары елдерде 6 миллионға жуық адам IҚА-дан зардап шегеді. Науқастардың саны дамушы өңірлерде, соның ішінде бұрын сырқаттанушылық салыстырмалы түрде төмен болған Азияда да өсуде.

Қазақстанда әрбір 100 мың адамға шамамен 5-10 IҚА жағдайы келеді деп есептеледі және бұл көрсеткіш, әсіресе диагностиканың жақсаруын және аурулар туралы хабардарлықтың артуын ескере отырып, өсе беруі мүмкін.

ҚазАқпарат