фото: фото кадрден алынды
Жапония жасанды интеллект көмегімен ұлттық биді насихаттауға кірісті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Жаңа технология ежелден келе жатқан дәстүрлі өнерді дәріптеп, жас ұрпақтың мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.
Жасанды зердеге негізделген құрылғы жапондардың ежелгі билерін қайталап, үйретеді. Ол үшін технология бишінің әрбір қимыл-қозғалысын камераға жазып алып, талдайды. Содан кейін алынған мәліметтерді қорытып, экранға шығарады. Жоба авторларының сөзінше, аталмыш жүйе ұлттың ежелде театрлардағы билердің қыр-сырын көрсетіп қана қоймай, дәстүрлі өнерді меңгеру процесін жеделдетуге жәрдемдеседі.
Хиденори Фудзивара, Fujitsu компаниясының бөлім басшысы: - Біздің құрылғы түсірілген бейнежазба арқылы дене құрылымын терең зерттеп, буындардың қозғалыстарын түрлі қырынан бейнелеуге мүмкіндік береді. Ал компьютерлік графика арқылы адам моделі жасалады. Бұл нұсқаулық би үйренушілер мен биге икемі жоқ адамдарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, тез меңгеруге септігін тигізеді.
Қазіргі таңда жаңа технология Токионың спорт мектептерінде қолданысқа енгізіліп жатыр. Компания өкілдері бұл инновацияның білім беруді жаңа деңгейге көтеріп, оқыту әдістерін түбегейлі өзгертуі мүмкін деп отыр. Сонымен қатар жастардың мәдениет пен өнерге қызығушылығын арттыруға ықпал етеді деген үмітте.
Ибуки Кондо, студент: - Керемет әсер алдым. Озық технология мен дәстүрлі өнерді ұштастыру жаңа дәуірге қадам басқандай сезім тудырады. Бұл инновация арқылы өнерді жаңаша көзқараспен қабылдауға болады деп ойлаймын.
Инновация жапон халқының мәдени салт-дәстүрін дәріптеуді мақсат етеді. Fujitsu компаниясы болашақта бірегей технологияның Жапонияның мәдени өмірінің басқа салаларында да қолданыс табарына сенімді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через