фото: pixabay.com
Келер жылдан бастап Қазақстанда жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытуға негізделген ірі ұлттық орталық құрылады. Бұны Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Ендігі мәселе – орталық құрылған жағдайда елімізге қандай артықшылықтар беруі мүмкін? kaz.inform.kz тілшісі осы сауалды халықаралық жобаларда тәжірибелі IT маман Талғат Бекқалиевке қойып көрді.
Жасанды интеллектінің келешегіне қатысты болжамдар жетерлік. Тіпті, өткен аптада Астанада Орта державалар тақырыбына арналған екікүндік халықаралық форумда Ерекше тапсырмалар жөніндегі қазақстандық елші Асқар Тәжиев «келешекте жасанды интеллект те өзінше бір державаға айналып, барлық салаға дендеп енеді» деген тосын пікірін айтқан болатын. Жалпы, кейінгі жылдары еліміз осы салаға көбірек көңіл бөліп жатқаны аңғарылады.
– Егер ұлттық орталық құрылса, бірнеше маңызды жұмыстар атқармақ. Біріншіден, жасанды интеллект саласындағы отандық және халықаралық таланттарды қызметке алып, инвестиция тартуға көмектеседі. Екіншіден, әр түрлі секторларда жасанды интеллекттің енгізілуі экономикалық өсімге ықпал етпей қоймайды. Яғни, елдің әл-ауқатын көтеруге септеседі. Үшіншіден, зерттеушілерді, кәсіпкерлерді және өнеркәсіп мамандарын бір жерге жинау арқылы академиялық зерттеулер жасалып, жасанды интеллектіні практика жүзінде қолдана бастаймыз, – деді Талғат Бекқалиев.
Фото: Талғат Бекқалиевтің жеке мұрағатынан
Бұған қоса, маманның айтуынша, орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін жауапкершілік керек.
– Менің ойымша, бұл бастама еліміздің жаһандық жасанды интеллект саласындағы позициясын жақсарта алады, бұған потенциалымыз жеткілікті. Алайда оның табысты жұмыс істеуі үшін тиімді басқарып, білікті кадрларды тартып, оларды ұстап тұра алуымыз қажет, – деп түйіндеді Талғат Бекқалиев.
Ұлттық орталық 2025 жылы Астанада құрылмақ. Оқушылардан бастап, студенттерге, ғалымдар мен кәсіпкерлерге әрдайым ашық болатыны айтылған. Сондай-ақ орталық цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеуге, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісіне үлес қосады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через