"Шығыс салбурыны-2024" фестивалінде биші "ортеке" өнер көрсетуде

"Шығыс салбурыны-2024" фестивалінде биші "ортеке" өнер көрсетуде
фото: https://informburo.kz/kaz

       Жанар Нұрлыбек гастрономиялық туризмді дамытудың ауыл халқы мен жергілікті өндірушілерге қандай пайдасы барын түсіндірді.

       Қазақстанға саяхаттап келетін туристер арасында көшпенділер тағамы танымал болып келеді. Әсіресе италиялықтар ұлттық тағамдарын еске түсіретін жылқы етінен жасалған тар-тар мен ми сүйектерін сүйсініп жейді, деді Almaty Tourism Bureau өкілі Жанар Нұрлыбек. Сондай-ақ маман Алматы қаласында ұлттық тағамдарды насихаттау үшін қандай іс-шаралар қолға алынғанын, гастрономиялық туризмнің жергілікті өндірушілер үшін қандай пайдасы барына тоқталды. 

       "Неокөшпенділер тағамы мен дәстүрлі асханамыз шетелде асқан танымалдылыққа ие болып келеді. Қазір тағамдарымыздан дәм татуға әртүрлі елдің азаматтары келеді және олардың гастрономияға қатысты қалауы әртүрлі. Қалай десек те біздің асүйде өзіне еліктіретін, бірегей дәм бар. Қонақтардың кез келгені қазақ асханасынан өзіне ұнайтын дәм табады. Мысалы, италиялықтар "оссобуко" тағамын еске түсіретін жылқы етінен жасалған тар-тар мен ми сүйектерін жоғары бағалады", – деді Almaty Tourism Bureau PR-менеджері Жанар Нұрлыбек.

       Сондай-ақ ол бірегей контент жасаудың гастрономиялық туризмді дамытуға қалай көмектесетіні туралы ойын бөлісті. Ұлттық тағамдар танымалдылығын арттыру үшін креатив тәсілдерді қолдану қажеттігін алға тартты. 

       "Алматы қаласына жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келіп, ол гастронимиялық астанаға айналып келеді. Қазақстанның дәстүрлі тағамдары бұл дәм мен мәдениеттің бірегей үйлесімі және ұлттық дәмге деген қызығушылықтың артуына себеп те жоқ емес. 2024 жылғы 24-25 қыркүйекте қазақ тағамдарын насихаттауға және гастрономиялық туризмді ілгерілетуге арналған "Gastro Fest" ауқымды гастрономиялық фестивалі өтті. Фестивальге 20 мыңнан астам қонақ келді, оның ішінде 2 мың қонақ шетелден келді. Іс-шараға ұлттық және халықаралық тағамдардың ең үздігін ұсынған 50 мейрамхана, сондай-ақ 30 фермер мен жергілікті органикалық өнім өндірушілер қатысты", – деп қосты Almaty Tourism Bureau өкілі. 

       Менеджердің айтуынша, Қазақстандағы гастрономиялық туризм дәмдік дәстүрлер мен экономикалық мүдделерді біріктіре отырып даму үшін зор әлеуетке ие. Бұл синергетикалық тәсіл өңірлердің тұрақты дамуы мен ұлттық экономиканы нығайтудың негізгі факторы болуы мүмкін.

       Сондай-ақ маман гастрономиялық туризмнің артықшылықтарына тоқталды:

       Туристер жергілікті өндірушілердің өнімін сатып алады.
       Мұндай туризм түрі ауылда инфрақұрылымның дамуына атсалысады. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, жаңа жұмыс орнын құрады.
       Ұлттық бірегейлікті нығайту: қазақстандық тағамдарды насихаттау аспаздық дәстүрлерді сақтауға және елдің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.

       https://informburo.kz/kaz