Сатылған пәтердің салығын қашан және қалай төлеу керек

Сатылған пәтердің салығын қашан және қалай төлеу керек
фото: https://pixabay.com/ru/

Бүгінде жылжымайтын мүлік сататын қазақстандықтардың көбісі салықты төлеуді ұмытып жатады. Ал заң бойынша сатылған пәтердің салығы міндетті түрде төленуі керек. Оны кешіктірсе, өсімпұл есептеледі, бұдан бөлек айыппұл салынады. Бір жылдан кейін төлемеуге болады.

Салық кодексіне сәйкес, үй немесе пәтер бір жылдың ішінде сатылса, одан түскен пайдаға салық салынады. Ал меншік құқығы бір жылдан асқан жағдайда салық төлеудің қажеті жоқ.

Бір жылды меншік құқығы тіркелкен уақыттан бастап есептеу керек. Ол үшін электронды үкімет порталынан жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамаға тапсырыс беру қажет. Аталған қызмет 15 минуттың ішінде орындалады. Анықтамада меншік құқығы тіркелген нақты уақыт көрсетіледі. Содан бері бір жыл өтпесе, табыс салығын төлеуге тура келеді.

Салықтың бұл түрі пәтер, үй, саяжай және гараж сияқты барлық жылжымайтын мүлікке салынады. Оған мұрагерлік жолмен, сыйға немесе жекешелендіру арқылы меншік құқығы тіркелсе де, бір жылдың ішінде сатылған жағдайда табыс салығын төлеу керек.

Салықты қалай есептейді

Табыс салығы жылжымайтын мүліктің бағасына емес, одан түскен пайдаға салынады. Мәселен, пәтер 20 млн теңгеге сатып алынды. Ал жаңа иесі оны бір жыл болмай, 22 млн теңгеге сатып жіберді. Ондайда үстіне қосылған пайда, яғни, 2 млн теңгеге салық салынады. Үйдің бастапқы бағасы сатып алу келісімшартында көрсетіледі.

Ал мұрагерлік жолмен, сыйға немесе жекешелендіру арқылы алынған пәтерге бағалау актісін алу қажет. Мамандар меншік құқығы тіркелген кездегі пәтердің бағасын жазып береді. Соның негізінде табыс салығы есептеледі.

Салықтың мөлшері қандай?

Заң бойынша табыс салығының мөлшері – 10 процент. Бұл дегеніміз, сатылған пәтердің үстінен 2 млн теңге қосылса, соның 10 процентін, яғни, 200 000 теңгесін табыс салығы ретінде төлеу керек. Одан бұрын 240.00 формасы бойынша салық декларациясы тапсырылады. Осы құжатты бірнеше жолмен жіберуге болады. Олар:

E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы;

eGov.kz сайты;

Салық төлеушінің электронды кабинеті.

Сондай-ақ, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына барып, декларация тапсыруға болады.

Декларация мен салықты төлеу мерзімі

Салық декларациясын келесі жылдың 31 наурызына дейін тапсыру керек. Ал табыс салығы 10 сәуірде дейін төленеді.

Мәселен, пәтер 2024 жылы сатылса, декларацияны 2025 жылдың 31 наурызына дейін жіберу керек. Салық та сол жылы 10 сәуірде дейін төленуі шарт.

Табыс салығын барлық банктерде, Қазпошта бөлімшелерінде, кейбір банктердің мобильді қосымшаларында және eSalyq Azamat-та төлеуге болады.

Айыппұлдың мөлшері қандай?

Табыс салығын уақытында төлемегені үшін 10 сәуірден кейін әрбір күнге өсімпұл есептеледі. Бұдан бөлек, 15 АЕК немесе 55 380 теңге көлемінде айыппұл төлеу керек.

Бұл салықты бөліп төлеуге де болады. Ол үшін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына барып, өтініш жазу керек.

Ал I, II мен III-топ мүгедектері, сондай-ақ, мүгедек баланың ата-аналары табыс салығынан босатылған.

ҚазАқпарат