Қырғыздар қазақтың екі әрпін өз алфавитіне қосқысы келеді

Қырғыздар қазақтың екі әрпін өз алфавитіне қосқысы келеді
фото: https://pixabay.com/ru/

Қырғыз тілі қайтсе, алтын бастауларына орала алады?

Мыңдаған жылдық тарихы бар қырғыз тілі кеңес заманында түп-төркінінен қол үзді, байлығынан біраз айрылды, шұбарланды. Мысалы, бүгінде қырғызшада бас тарту – "отказ кылуу", Отанды сүю – "родинаны сүйүү", бұғаттау – "блокада уюштуру", есептілік – "отчёттуулук", бастық – "начальник", ресми – "официалды", баяндамалар – "докладдар" сияқты болып, орысша қалыбында кете береді.

Түркі әлемінде тек екі мемлекет – Қазақстан мен Қырғызстан ғана кириллицада қалғаны мәлім. Кезінде латыншаға ұмтылған Қазақстан енді ол қарқынын тежеді, қашан көшетіні белгісіз. Қырғыз Республикасы әзірге кирилл қарпімен қош айтысуға ниетті емес.

Тіл жанашырлары мен тіл мамандары ең құрығанда қырғыз кириллицасын жетілдіруді ұсынады. Өйткені қолданыстағы алфавиттің кемшілігі кесірінен қырғыз тілі түп қайнарынан қашықтап барады. Мамандар ең құрыса, қазақтың "Қ" және "Ғ" әріптерін қырғыз әліпбиіне қосу бастамасын дүркін-дүркін көтереді.

Қырғыз тілінің алфавиті мен орфографиясына өзгеріс енгізу

Қырғыз тілінің алфавиті мен орфографиясына өзгеріс енгізу бастамасын көтергендердің бірі "Даанышман" студенттік-интеллектуалдық клубының төрағасы Әсел Орозбаева болды.

"Қырғыз сөздерінде "К" және "Г" мүлдем басқаша, қатаңырақ дыбысталады. Сол себепті олар кириллицадағы осы символдарына сәйкес, үндес келмейді. Сондықтан қазақтың "Қ" және "Ғ" әріптерін біздің ана тіліміздің алфавитіне енгізуіміз керек", – деп ұсынды Әсел Орозбаева.

Бұл бастаманы қолдаушылардың да, қарсылардың да қарасы қалың. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін қазақтар сияқты, Алатаудың арғы баурайындағы ағайын ел де арабша хат танитын.

Латын графикасы негізіндегі қырғыз жазбасының негізін қалаушы мемлекет қайраткері, ақын, ғалым Қасым Тыныстанов Кеңес үкіметі орныққаннан кейін, 1923 жылы араб әліпбиін реформалап, оны қырғыз фонетикасына бейімдеді. Мұны соның алдында, 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы әзірлеген қазақтың "төте жазуымен" салыстыруға болады. Тыныстановтың арабша әліпбиі де ресми бекітіліп, қырғыздың тұңғыш "Эркин-Тоо" газеті сол қаріптермен басылып шыға бастады.

Алайда КСРО "советтік Шығысты" Шығыс әлемінен ажыратып алу үшін Орталық Азия елдерінің әліпбиін өзгертуге кірісті. Қазақ КСР-і сияқты, 1927 жылы Қырғыз АКСР-інде арабшамен бірге, латын алфавитіне мемлекеттік мәртебе берілді. Содан екеуі қатар қолданылды. Ақыр соңында, 1930 жылы арабша әліпби ресми түрде толығымен қолданыстан алып тасталды, оған тыйым салынды.

Арада он жыл өтпей жатып, 30-шы жылдардың соңына қарай Кеңес одағы латын әліпбиін де жойып, Қырғызстанды түпкілікті кириллицаға көшірді.

Қырғыз ағайынның қазіргі алфавитін қолданғанына биыл 83 жыл

Осылайша, қырғыз ағайынның қазіргі алфавитін қолданғанына биыл 83 жыл. Бұл бауырлас елде латын графикасындағы ыңғайлы жаңа әліпбиге көшу бастамасы арагідік көтеріліп тұрады. Алайда билік тарапынан қолдау таппады. Дегенмен, Бішкек көшелерінде латын қарпімен жазылған маңдайшаларды байқауға болады. Кәсіпкерлердің пікірінше, кириллицаға қарағанда, сол сәндірек, әрі заманауи болып көрінеді.

Kaktus медиа жазуынша, кеңес заманындағы "тіл және әліпби реформасы" кесірінен қырғыз алфавиті бірқатар дыбысынан айрылып қалды. 1940 жылы Қырғыз тілі және педагогикасы ғылыми зерттеу институты үкіметтің тапсырмасымен, кириллицадағы қырғыз әліпбиінің нұсқасын әзірлеп шықты. Онда 39 әріп болған.

Соның ішінде Қырғыз тілі ҒЗИ-і орыс тіліндегі сол кездегі 33 әріпке қырғыз тілінің фонетикасына сәйкес келетін, соған тән төл дыбыстарды – Ғ ғ, Җ җ, Қ қ, Ң ң, Ө ө, Ү ү әріптерін қосты.

Алайда әліпбидің кейінгі нұсқасы өзгертілген түрде қабылданды. Кириллицадағы қырғыз алфавитін 1941 жылғы 12 қыркүйекте Қырғыз КСР Жоғарғы кеңесінің төралқасы ресми бекітті.

Онда қырғыз тілінің төл дыбыстары ретінде небәрі үш-ақ әріп қосылды, бұлар – Ң ң, Ө ө, Ү ү ғана.

Қырғыз лингвистері, тіл жанашырлары қазақтарға қызыға қарайды.

Содан бері қырғыз лингвистері, тіл жанашырлары қазақтарға қызыға қарайды. Өйткені кеңес кезеңінде қазақтың көрнекті ғалымдары мен білікті қайраткерлері тегеурінді күресе жүріп, кириллицадағы қазақша әліпбиге қазақ тілінің 9 төл дыбыстарының бәрін енгізе алды. Бұлар – Ә ә, І і, Ң ң, Ғ ғ, Ү ү, Ұ ұ, Қ қ, Ө ө және Һһ.

Байланыс инженері, қоғам белсендісі Тілек Сәмиевтің байламынша, сонау Манас заманынан бері әрбір қырғыздың бойына ғаламат шабыт пен сарқылмас қуат құйып келген бай қырғыз тілі өткен ғасырдан бері "интернационализмдармен" былғанып болды.

"Қырғыз тіліне негізінен орыс тілі арқылы енген кірме сөздер орыс тілінің фонетикасына сәйкес жазылады. Мен бірде қызыма дүкеннен Марк Твеннің "Том Сойердин жоруктары" кітабын сатып алып, ұйықтар алдында соны оқып беруге ұйғардым. Шыны керек, шошындым. Ана тілімдегі балалар кітабының мәтінінің төрттен бірі кірме сөздер екенін байқадым. Содан төртінші тарауға жеткенде, әрі қарай оқуды доғарып, сөреге қоя салдым. Содан кейін өзімді сынайын деп, Ш.Айтматов, А.Токомбаев, К.Баялинов сияқты қырғыз классиктерінің ерте туындыларын оқып шықтым. Ондағы сөздердің шамамен 20%-ының мағынасын түсінбейтін болып шықтым", – деп Тілек Сәмиев қырғыз тіліне қатысты қалыптасқан күрделі ахуалдан хабар берді.

Ол тіл маманы болмаса да, тіл тағдырына алаңдаулы.

"ХХ ғасырда орыс тілі алдымен қырғызшамен қатар қолданылып, артынша оны ығыстырды. Орыс тілі қырғыздар үшін екінші ана тілге айналды. Қырғыздар өзара орысша сөйлесетін жағдайға жетті. Бірақ кеңес заманында шенеуніктер, әртістер, ғалымдар таза, әдеби қырғыз тілінде майын тамыза сөйлей алатын. Бұл сонша сүйкімді, сұлу көрінетін, сүйсіндіретін. Шетелдік шығармалар тілімізге барынша сауатты, көркем тілмен аударылды. Терминжасау ісі ілгеріледі. Тарихи, ағартушы кинофильмдер түсірілді. Оның бәрі мемлекеттік деңгейде реттелді. Қазіргі кезде оның бірі жоқ. Білім беру саласы да нашарлады. Бүгінде қырғызша сөйлейтіндер, тіпті боқтаса да жарым-жартылай орысша сөздерді кіріктіріп, қолданады", – деп қапаланады Тілек. 

Ол қырғыз депутаттары, түрлі басшылары, танымал тұлғалары сұхбат берсе, сұраққа жауап қатса, қырғыз-орыс сөздерінен қойыртпақ жасайтынына қынжылады.

Мысалы, Жогорку Кенештің отырысында спикердің өзі: "по мере поступления сунуштарды коём" (Ұсыныстарды түсуіне қарай дауысқа қоямын) дей салады. Немесе, "өзүнүн служебный полномочиясынан злоупотреблять эткендиги үчүн" дейді.

Осы арқылы кірме орыс сөздеріне қырғыздың жұрнақ-жалғауларын қоса салып, "қырғызшалайтын" жаман әдет белең алған.

Олай болса, қазақ тілі сияқты қырғыздың тілі де тілдік реформаны, емлесін өзгертуді, әліпбиін ауыстыруды, жаңа сөздер, заманауи терминдер жасауды қажет ететіні аңғарылады.

ҚазАқпарат