фото: Unico Play\kaz.inform.kz
Unico Play онлайн-кинотеатрының қазақстандық «TWO» атты жастарға арналған сериалының трейлері әлемдік кинонарықтың ең танымал көрмесі MIPCOM-ға ұсынылған болатын. Қазақстандық өнім MIPCOM-ның Fresh TV секциясында Netflix, STUDIOCANAL және Beta Film секілді индустрияның әлемдік лидерлердің жобаларымен қатар көрсетілді. Бұл осы секцияда таныстыруға іріктеліп алынған қазақ киносының тарихындағы бірінші туынды, деп жазды kaz.inform.kz.
MIPCOM — Францияның Канн қаласында өткізілетін халықаралық контент нарығының көрмесі. Көрменің әсіресе Fresh TV секциясының беделі өте жоғары. MIPCOM-ды The Wit халықаралық зерттеу компаниясы ұйымдастырады және көрменің мақсаты emerging talents (жаңа таланттар) мен кино мен медиа саласындағы жаңа идеяларды іздеу.
«Жыл сайын әлемнің мың жарымнан астам жетекші дистрибьютор компаниялары мен продюсерлік студиялары телесериалдар мен жанрлық контенттің үлкен ассортиментін осы көрмеде таныстырады. Fresh TV секциясының іріктеуінен өту кез келген компания үшін өте үлкен жетістік, себебі бұл жобаны басқа елдерге сату мүмкіндігін арттырады. Казақстандық жобаға осындай жоғары бағаның берілуі бізді қатты қуантты. Бұл «TWO» сериалының идеясы, сюжет желісі және сапасы халықаралық трендтер мен сапа стандарттарына сай екендігін көрсетеді», - деді Unico Play компаниясының бас продюсері Ирина Сосновая.
«TWO» сериалының сюжеті бойынша Марго есімді жоғарғы сынып оқушысы жігітінен айырылмас үшін жүкті екендігі туралы өтірік айтады, бірақ кейін алдаудың зияны алдынан шығады.
«Бұл сериал біздің жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесіне қатысты маңызды тақырыпты көтереді. Жоба әлеуметтік желілер дәуірі баланың дамуы мен оның әлеуметтік интеграциясына қалай әсер ететіндігі, «цифрлық буллинг деген не?» және виртуальды емес, шынайы өмірдегі адамдар арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығы туралы ой тастайды. Жоба бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың құндылығына ерекше назар аударады», - деп Unico Play бас продюсері Бексултан Қазыбек пікірін білдірді.
Атап өтейік, бұл Uni-Q Group медиа холдингіне кіретін Unico Play онлайн-кинотеатрының әлемдегі ең ірі кино нарықтарының бірінің көрмесіне алғаш қатысуы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через