фото: https://pixabay.com/ru/
Биыл Қазақстанда егін бітік, астық өсімі мол болғалы тұр. Ішкі нарықты айтпағанда алыс-жақын шет елдерге көптеп жөнелтуге мүмкіндік бар. Алайда дәнді дақылдарды экспорттауда еліміз кедергілерге ұшырап жүр. Әсіресе, өте ауқымды Қытай нарығы өнімнің аз мөлшерін ғана қабылдап отыр. Енді диқандар артылған астықты не істейді? Бұл мәселелер жөнінде сарапшылардың пікірі қандай? Kazinform тілшісі тақырыпты талдап көрді.
Дәнді дақыл түсімі мол
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына жүгінсек, 10 қыркүйектегі жағдай бойынша диқандар шамамен 4,7 млн гектар дақыл жинап үлгерген. Былтырғыға қарағанда 28 пайыз өсім бар. Орташа өнімділік бір гектарға шаққанда 14,9 центнерге жетіп отыр, былтыр бұл көрсеткіш 11 центнер шегінен аспаған болатын.
Ал бастырылған астық 10 қыркүйекте 6,9 млн тоннаға жуықтады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31,8 пайызға артық.
Жалпы алғанда, биыл көктемде ел диқандары 16,6 млн гектар алқапқа дән сепкен. Шамамен барлық дәнді дақыл түрін қосқанда 23-24 млн тонна астық жиналуы мүмкін.
Қытай тарапының лимиті қолбайлау болып отыр
Осындай жақсы өсімнің арқасында биыл Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті 10 млн тоннадан асқалы тұр. Дегенмен ол оңайға соқпайды, себебі дәнді дақылды шетелге тасуға теміржол инфрақұрылымының әлеуеті жетпейді. Оның үстіне, Қытай нарығы астық қабылдауға белгілі бір шектеулер қойған. Мәселені Көлік министрлігіне қарасты Темір жол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов та растап отыр.
— Құпия емес, Қазақстанның теміржол инфрақұрылымының тар тұстары жетерлік. Оларды кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте экспорттық және транзиттік жүк тасымалының күрт артуына байланысты Қытаймен арадағы бағыттардың өткізу қабілеттерін кеңейту қажеттілігі туындады. Алайда Қытай қазақстандық астықты көп сатып алмай, шектеп отыр. 5 жыл бұрын біз ҚХР-дан астығымызды қабылдайтын инфрақұрылымын ұлғайтуды сұрадық. Олар сөзімізді жерде қалдырмай, Алашанькоу станциясында үлкен терминал салды. Соның арқасында былтыр біз 2,2 млн тонна бидай жеткіздік. Бұл — біздің рекорд болды, — деді ол.
Қазақстан Қытайға мол астық жеткізе алар еді, бірақ 2,2 млн тоннамен шектелуге мәжбүр. Салдарынан шығыстағы көршіміздің алып нарығына ай сайын 150-200 мың тоннадан аспайтын бидай экспортталады. Келбуғановтың сөзінше, бұл шектеу Қазақстанның емес, қабылдаушы тараптың инфрақұрылымының жеткіліксіздігінен болып тұр. Сондай-ақ ҚХР меморгандары мол астықты кіргізуге құлықты емес. Мүмкіндік берсе Қазақстан теміржол арқылы Қытайға толассыз астық жөнелтуге әзір екен.
Әрине, астық экспортын айтпағанда екі елдің сауда байланысы, тауар айналымы жақсы қарқынмен өсіп жатыр. Былтыр тек теміржол арқылы 28 млн тонна жүк тасымалданып, рекордты көрсеткіш тіркеді. Оның 12,6 млн тоннасы Қазақстан үлесінде десек, көлемі жағынан Қытайға бағытталған жалпы экспорттың 17,5 пайызы ғана бидай. Еліміз негізі мұнай, түрлі металл, табиғи газ бен уранды көптеп жөнелтеді.
Kazinform.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через