Мұнай саласын мазасыздық жайлады

Мұнай саласын мазасыздық жайлады
фото: Фото: upstreampm.com

Беріге дейін жүздеген жылдар өтсе де қоры сарқылмайтындай көрінген қазақ мұнайына қатысты мәселелер туындап жатыр.

Бұрғыланып жатқан қара алтын кендерінің басым бөлігі 15 жылдан әріге ұзамауы мүмкін. "Басқа кен орындары" табылады дегенмен, оны анықтау уақыт пен еңбекті, қаржылай шығынды талап етеді. Шамасы, жер астынан шығатын шикізатқа байланған, артық өндіріспен бас ауыртпаған ел экономикасы енді дамудың басқа жолдарын іздеуге көшуге міндетті секілді. Сонымен, салада қандай ахуал болып жатыр?

Мұнайлы мекенде газ тапшы

20 қазан шамасынан бастап елдегі мұнайлы мекен саналатын Маңғыстауда автогаз тапшы бола бастады. Көлік жүргізушілері ұзын-сонар кезек күтіп, проблеманың аяқ асты неден туындағанын түсіне алмаған еді. Сөйтсек, тапшылық тек Маңғыстауда емес, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысында да басталғаны мәлім болды. Әйтеуір аталған өңірдегі жүргізушілер автогаз таппай 1 аптадан артық сенделді.

Көп өтпей Энергетика министрлігі ресми түрде тапшылық барын растап, қосымша 1,2 мың тонна автогаз жөнелтіп жатқанын хабарлаған. Дегенмен ведомство мәлімдемесінен ерекше бір қынжылыс байқалды. Қазақстанның ішкі нарығына автогаз жеткізе алмай отырғанын мойындаған министрлік елде сұйытылған газға сұраныс жылдан-жылға артып жатқанын тағы қайталапты.

Мәселен, ресми мәлімет бойынша 2023 жылы жылы сұйылтылған газға сұраныс 14 пайызға өсіп, 2,2 млн тоннаға жеткен. Ал газбен жүретін көлік қатары кейінгі үш жылда 1,5 есе көбейді. 2021 жылы газбен жүретін 313 мың көлік есепке алынса, қазір 582 мыңға жеткен. Мұның сыртында тіркелмеген көліктер бар. Осыны тілге тиек еткендер сұйытылған мұнай газының бағасы ішкі нарықта төмен екенін тағы да күн тәртібіне шығарды.

Әрине, бұл айта-айта жауыр болған тақырып. Дегенмен бір назар аударар тұс – қазан айының басында, Атырау мұнай өңдеу зауыты бір айға жөндеуге жабылатын кезде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "Қазақстанда мұнай өнімдеріне тапшылық болмайды" деп жария еткен. Іс жүзінде олай болмай шықты. Жиі жөнделе беретін зауыттардың бірі жабылса, елдің келесі бір аймағында тапшылық сезіле қалатын жағдай ұмытылмапты.

Арагідік тапшылық көрінетіні болмаса, қазір жағдай тұрақты екені рас. Биыл жазда Энергетика министрлігі Қазақстанда 2030 жылға қарай бензин мен дизель отынының үлкен тапшылығы болуы мүмкін екенін хабарлады. Бензин тапшылығы 1,7 млн тоннаға, дизельдік отын – 2 млн тоннадан 4 млн тоннаға, авиакеросин – 0,4 млн тоннадан 0,6 млн тоннаға жететіні болжанған. Ал мұнай өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2024-2050 жылдарға арналған тұжырымдамасында елдегі зауыттардың шамасы әлемдік деңгейдегі мұнай өңдеу зауыттарынан тым төмен екені, ысырабы мол болатыны жазылған. Дегенмен ол кезеңге жетпей-ақ қазір еліміз ондаған млн тонналап экспорттап жатқан мұнайдың өзіне зар болатындай. Өйткені шамамен алдағы 7 жылдан кейін мұнай өңдеу зауыттары шикізатқа мұқтаж болатыны болжануда.

Қорлардың көбі сарқыла бастады

Енді бір қызығы, қазақстандық тарап Қытайдың CNPC компаниясымен бірлесіп Қызылорда облысының аумағынан мұнай іздеуді бастамақ. Бұған дейін табаны құрғаған Аралдың асты шикізатқа мол екені қауесет ретінде тарайтын. Шындығында бір емес, бірнеше рет зерттеу жүргізіліп, көбі сәтсіз аяқталғандай. Шамасы, көпшілік ойлағандай аса үлкен қор болмай шықты. Дегенмен зерттеу жалғаспақ, бәлкім мұнайдың келешегі еліміздің батысынан оңтүстік-батысқа қарай жылжып қалар.

Мұнай қорын іздеудің әлегі себепсіз емес. Өйткені елдегі қара алтын кендері жыл сайын азаюда. Атап айтқанда, Қазақстанда үш алпауыт мұнай-газ кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ бар. Жыл сайын елдегі мұнай өндірісінің 70-80 пайызын осылар толтырады. 90-жылдары аталған кен орындарының әрқайсысымен 40 жылға келісімшарт жасалды. Теңізбен келісім уақыты – 2033 жылы, Қарашығанақтікі – 2038 жылы, Қашағандікі 2042 жылы аяқталады. Бұл аталған кен орындарының жұмысы жақсы.

– Елімізде Ұлттық компанияға қарайтын кен орындарында мұнай қоры жыл сайын азаюда. Яғни, кен орындары ескірген, түгелі дерлік Кеңес заманынан қалған. Егер жаңа кен орындары ашылмайтын болса, елдің мұнай саласы шетелдік компанияларға тәуелді болып қалады. Мысалы, шетелдік компаниялардың елдің мұнай өндірісіндегі үлесі 10 жыл бұрын 60 пайыз шегінде жүрсе, қазір 70-тен асты, тағы 10 жылдан соң 80 пайыздан асады. Шетелдіктер игеріп отырған 3 кен орнына тәуелділігіміз артқанының айғағы – осы, – деп түсіндірді экономист Абзал Нарымбетов.

Ендігі кезекте билік жаңа кен орындарын ашуға инвестиция тартуға тиіс. Бірақ инвестициялық тартымдылыққа мұнай-газ өнімдеріне қойылған тарифтік шектеулер мен Салық кодексінің "қағазбастылығы" кері әсер етуде. Бұны түзегеннің өзінде жаңа кен орындарын табу, зерттеу жүргізу, ол жерге инфрақұрылым тарту, өндіріс ошағын ашу 10 жылға уақыт талап етуі мүмкін.

Сарапшылар елдегі кендердің көбі 10-15 жылда, қоры мол саналғандары әрі кетсе 25-30 жылда сарқылатынын болжап жүр. Геологиялық барлау ісі мен оған қажетті кадрлардың жетіспеуі әсерінен жаңа кен табу қиынның қиыны саналып отыр. Жоғарыда баяндағанымыздай, амалсыз шетелдік мамандарды шақыруға мәжбүр.

Қорыта айтқанда, біржақты ойлаудан аулақпыз, салаға жауаптылар да мүмкіндігінше тапшылықты болжап, жаңа кен орындарын ашуға тырысып, өзге елдердегі әріптестерімен байланыс құруда. Дегенмен бұның бәрі Қазақстан экономикасына ескерту ретінде соғылған дабыл іспетті көрінеді. Басқа да өндіріс жолдарын іздемейінше, шикізатқа тәуелділік ұшпаққа шығара қоймайтыны анық білінді.

ҚазАқпарат