Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке ұшырайды

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке ұшырайды
фото: pixabay.com

Біздің елде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке ұшырайды. Былтыр тіпті бұл көрсеткіш 45 мыңға дейін жеткен. Инсульт алғандар арасындағы өлім-жітім жүрек ауруларынан кейінгі екінші орында тұр, деп хабарлайды 24kz.

Республикалық диагностикалық орталық мамандарының айтуынша, инсульт алғандардың 35%-і өмірмен қош айтысады. Ал 30%-ке жуығында неврологиялық өзгерістер пайда болады. Көп жағдайда бұл тірек-қимыл аппараты жұмысының бұзылып, өз бетімен жүріп-тұрудан қалу, сол сияқты сөйлеу, есте сақтау қабілеттерінің нашарлауы. Инсультті толық емдейтін дәрі әзірге жоқ. «Бірақ оны тудыратын ауруларды алдын ала анықтап, болдырмаудың емі жетерлік», - дейді дәрігер.

Гүлжан Жоламанова, невропатолог: - Инсультті тудыратын негізгі бірқатар аурулар бар. Олар қан қысымының көтерілуі, қант диабеті және жүрек аурулары. Адамдар көп жағдайда осы ауруларға шалдыққанын байқай бермейді. Сондықтан емделмей ұзақ уақыт жүріп қалуы мүмкін. Соның кесірінен инсульттен зардап шегіп жатады. Сол секілді зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы және шаршап-шалдығу да тікелей инсультке алып келуі мүмкін.
 

Жыл сайын млн-даған адам аурудан көз жұмады. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын, арбаға таңылғандары қаншама?! 

Ғалымдар дертті ерте анықтап, өлім-жітімді азайтудың тың тәсілдерін іздеп келеді. Тақауда Ұлыбритания ғалымдары ауруға шалдыққандарды оңалтатын құрылғы құрастырды. Инсультті емдеудегі әлем елдерінің тәжірибесі қандай? Дамыған елдер дертті емдеуде инсульт орталықтарын құруға күш салып жатыр. Инсульт – жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде кең таралған дерт.

«Аурулардың жаһандық ауыртпалығы» деректер базасына сүйенсек, 2019 жылы әлемде инсульттің таралуы 523 млн адамға жеткен. Бұл өткен ғасырдың 90 жылдарымен салыстырғанда екі есе көп. Өлім-жітім өсімі де әжептәуір артқан. 2021 жылы 6 млн-нан астам адам аурудан көз жұмды. Әрісі Африка, берісі Орталық Азия аймағында инсультке шалдығу деңгейі жоғары.

Денсаулық сақтау мамандары мұны жоғары қан қысымы, шылымға тәуелділік, дене белсенділігінің төмендігі мен дұрыс тамақтанбау сияқты факторлармен байланыстырады. Олардың айтуынша, бұл дерт 55 жасқа толмаған адамдар арасында айтарлықтай өскен.

1990 жылы 271 млн

2019 жылы 523 млн адам инсультке шалдыққан

2021 жылы 6 млн адам инсульттен көз жұмды

Инсульт 50 жастан асқан ересектер арасында кең таралған

Инсульттің алдын алу үшін көп ел халықтың қан қысымын тұрақты тексеретін ұлттық скринингтер мен профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Кей мемлекеттер инсульт орталықтарын құруға басымдық беріп жатыр.

 Дүниежүзілік инсульт ұйымының мәліметі бойынша дамыған елдерде емдеу мекемелерінің 96%-і жоғары сапалы скрининг өткізуге қабілетті. Ал табысы төмен елдерде көрсеткіш 16%-тен аспайды. Сондай-ақ алпауыт мемлекеттер тромболизис, тромбэктомия әдісіне сүйенеді. Ұйыған қанды дәрілік препаратпен еріту медицинада тромболизис деп аталады, ал тромбэктомия механикалық жолмен алып тастау. Алайда, бұл заманауи емдеу түрлері жаһандық деңгейде толық қолжетімді емес.

Еуропада науқастардың шамамен 7% ғана тромбэктомиядан өтеді. Дамушы елдерде бұл әдіс атымен жоқ.  

Инсультке себеп – жалғыздық

Дерттің қай түрі болмасын, егде жастағыларға жабысады. Алдымен жүректі, сонан соң мидың қызметін бұзатын инсульт жалғыздықтан жапа шеккен қарттарға үйір болады екен. Гарвард университетінің ғалымдары осындай тоқтамға келген. Соқа басты ересектердің әсіресе, 50 жастан кейін инсультке шалдығу қаупі жоғары. Жүргізілген зерттеуге сүйенсек, бұл кезеңдегілердің 56%-і дерттің шырмауына ілігіпті.

Йени Сон, зерттеу авторы: - Жалғыздық – америкалықтар арасында өлім мен мүгедектікке әкелетін инсульттің ең қауіпті факторы.  

Есту және көру қабілеті нашар адамдар инсультке бейім

Ал Қытайда жүргізілген зерттеуге қарасақ, көзі өткір, саққұлақтарға қарағанда көру және есту қабілеті төмен ересек адамдар инсультке бейім келеді. Көзі нашар көретіндердің 24%, есту қабілеті бұзылғандардың 20%, ал екі мүшесі де зақымданған адамдардың 35%-інде инсультке шалдығу қаупі жоғары. 

Ғалымдар 2050 жылға қарай әлемде 895 млн адамның көру қабілеті нашарлайды. Тағы 2,5 млрд адамның есту қабілеті төмендейді деген болжам жасады. Демек, алдағы уақытта жер шары халқының 31%-іне инсультке шалдығу қаупі туып тұр.