Астана әуежайында автотұрақ бағасын көтеруге тыйым салынды

Астана әуежайында автотұрақ бағасын көтеруге тыйым салынды
фото: https://ulysmedia.kz/

Астана қаласы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің ескертуінен кейін елорда әуежайы ақылы тұрақ аймақтарында бағаны көтеруден бас тартты.

«Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-на бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы ескерту жасады», - деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін әуежайдың ресми Instagram парақшасында ақылы тұрақ аймақтарында тарифтердің көтерілетіні туралы ақпарат жарияланған болатын.

Ақпарат құралдарында да Астана әуежайында автотұрақ қымбаттайтыны жарияланған еді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ескертуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ақылы тұрақ аймақтарында бағаның көтерілуіне жол бермеу шараларын қабылдады.