фото: pexels.com
Әлемде көзі өткір балалардың саны кеміп барады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзекті мәселені көтерген ғылыми мақала «Британияның Офтальмология» журналында жарияланды. Ғалымдар 1990 жылдан бергі мәліметтерді зерттеп, салыстырған. Осыдан 34 жыл бұрын дүние жүзіндегі жеткіншектердің 24 пайызының көзі нашар көрген екен. Былтыр бұл көрсеткіш тағы 11 пайызға өсті. Ал 2050 жылға қарай миопияға шалдыққан жасөспірімдер 40 пайызды құрауы мүмкін. Бұл шамамен 250 млн бала.
Әлемдегі жасөспірімдердің нашар көру көрсеткіші:
1990 жылы - 24,32%
2023 жылы - 35,81%
2050 жылы - 40%
Ұлдарға қарағанда қыздардың көзі нашар көреді
Зерттеудегі тағы бір ерекше назар аударатын жайт, ұлдарға қарағанда қыздардың көзі нашар көреді екен. Көзі қашықтан көрмейтін кестетігерлер қатары қамшыұстарлардан 3 пайызға көп. Яғни әлемдегі қыздардың 33, ал ұлдардың 30 пайызы алысты көрер кезде көзін сығырайтуға мәжбүр.
Нашар көру көрсеткіші:
Қыздар - 33,57%
Ұлдар - 30,49%
Фото pexels.com
Көзі нашар көретін балалар саны бойынша жапония көш бастап тұр
Алыстан көре алмаудан алты құрлық арасында Азия алда тұр. "Кіші құрлықтағы" кішкентайлардың 35 пайызының көзі дұрыс көрмейді. Оның ішінде, жапон балаларының 85 пайызы көзілдіріктің немесе линзаның көмегіне мұқтаж. Екінші орында - Оңтүстік Корея. Күнгейдегі кәріс балалардың 73 пайызына қашықтан көру қиын. Қос көршіміз Ресей мен Қытайда да бұл мәселе ушығып тұр. Нашар көру көрсеткіші – 40%.
Балалардың нашар көру көрсеткіші жоғары елдер:
Азия - 35%
Жапония - 85%
Оңтүстік корея - 73%
Ресей, қытай - 40%
Алыстан көре алмау ауруы ауыл балаларында аз кездеседі
Осындайда ауылдың артықшылығы көрінеді. Зерттеу қаладағы жеткіншектерге қарағанда ауыл баласының көзі өткірлеу деп бағалады. Мамандар бұған даладағы тірліктің көптігі мен телефонға тәуелділіктің аздығы басты себеп дейді. Көзі нашар көретін балалардың үлесі АҚШ, Британия мен Ирландияда 15 пайыз. Ал олар Парагвай мен Угандада тіпті 1-ақ пайызды құрайды. Көзі нашар көретін балалар саны аз елдер: АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия - 15% Парагвай, Уганда - 1%
Балалардың көзі жақсы көру үшін далада кемінде 2 сағат жүру қажет
Мамандар: «Баланың көзі бастауыш сыныпта нашарлай бастайды» дейді. Бұған негізгі 2 фактор бар. Біріншісі, жас өрен үйкүшікке айналған. Көшеге көп шықпайды, таза ауа жұтпайды, күннің көзін көрмейді. Үйде омалып отыра береді. Екінші теріс фактор – телефон. Экранға телмірген баланың көзі өткірлігін жоғалтып, алысқа қарау қабілетінен айырылады. Мұндайда не істемек керек? Маманның кеңесіне құлақ асайық.
Даниел Хардиман-Маккартни, Оптометрист колледжінің клиникалық кеңесшіс: - Балалар үшін далада жүрудің пайдасы ұшан-теңіз. Олар күніне кемінде 2 сағат сыртта жүрсе, өте дұрыс болады. Өйткені далада көзге күн сәулесі түседі, қимыл-қозғалыс болады және алыстағы заттарға көбірек қарайды. Бұдан бөлек, ата-аналарға балаларын 7 мен 10 жас аралығында дәрігерге апарып, көзін тексертіп тұруды ұсынамын.
Дәрігерлердің айтуынша, миопияны емдеу мүмкін емес. Алыстағыны көру үшін балаға үнемі көзілдірік киюге немесе линза тағуға тура келеді. Баланың көзін ерте жастан сақтаймын десеңіз, оның өмір салтына ерекше мән берген абзал!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через