фото: pexels.com
Бұл мереке бізге алманы сақтау және оның барлық түрін бағалау қажеттігін еске салатын секілді.
Бұл датаны атп өту 1990 жылы Англияда басталды. Мереке барысында алмаға арналған ғылыми зерттеулердің қорытындысы, сонымен қатар алма бәліші, алма тұздығы, алма чипсі сияқты көптеген тағамдар ұсынылып келеді, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталының тілшісі.
Дүние жүзіндегі алма әуесқойлары бұл күнді бүкіл әлемде өсірілетін 7500-ден астам түрлі алма сорттарына деген сүйіспеншіліктерін білдіру арқылы атап өтеді!
Фото Айжан Сқақованың жеке мұрағатынан алынды
Дүниежүзілік алма күні қарсаңында Алдматыда Германияның қолдауымен «Қырғызстан мен Қазақстанда жойылып кету қаупі төнген Сиверс алмасының жабайы ормандарының мысалында биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелік қызмет көрсету бойынша аймақтық басқару және құндылық құру» жобасы бойынша семинар өтті
Сиверс алма ағашын сақтау бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба шығармашылық пен өнер элементтері бар білім беруден бастап, жабайы ормандардың құндылығын арттыруға бағытталған концепцияны әзірлеуге, туризмді дамытуға баса назар аудара отырып ғылымиға дейін бірнеше түрлі бағыттарды қамтиды.
Фото Айжан Сқақованың жеке мұрағатынан алынды
«Жабайы жеміс ағаштарының қандай жемістерін консервациялау мақсатында кешенді құн тізбегіне біріктіруге болады?». Семинарда осы мәселе көтерілді.
Жоба бірін-бірі толықтыратын бірнеше құрамдас бөліктерді қамтиды. «Алмалы Жұмақ» қоғамдық қорының директоры Ажар Жандосова жобаның бір бөлігі туралы айтып берді, Германиядан келген суретші Брижит Хоферр балаларға арналған тренингті сәтті өткізіп, кейін Сиверс алма ағашы тақырыбына арналған сурет көрмесін ұйымдастырды.
Фото Айжан Сқақованың жеке мұрағатынан алынды
Жалпы кейінгі жылдары шетел басылымдары алғашқы алмалар қазіргі Қазақстан территориясында өскен деген мәлімдемелерді жиі жариялай бастады. Мысалы Үндістандық Hindu газетінде «Қазіргі алмалардың шығу іздері Қазақстанға жетелейді» деген мақалада америкалық Boyce Thompson институтының қатысуымен жүргізілген жуырдағы зерттеу деректері қазіргі алмалардың отаны Қазақстанның таулы бөлігі, нақты айтқанда – Тянь-Шань тау тізбегінің батыс бөлігі екенін көрсетеді деп жазған. «Жиханкездер Жібек жолы арқылы шығыс пен батысқа барып жүрген кезде жабайы ағаштарда өсіп тұрған ең шырынды жемістің – алманың дәнегін әкеліп жүрген […] Зерттеушілердің айтуынша, ақыры бұл ежелгі сұрыптау қазіргі кезде өсетін алманың жеті жарым мың түрінің пайда болуына ұласты» деп жазады The Hindu.
Фото pexels.com
Ұлыбританияның Daily Mail таблоидында «Алманың шығу тегі: Еуропаға жемісті 10 мың жыл бұрын Жібек жолы арқылы саяхаттаған саудагерлер әкелген, олар Қазақстанда жұлып алған [жемістердің] тістелген қалдығын лақтырып тастап отырған» деген мақала шықты. Бұған қоса, мақалада жер жүзінен жиналған алманың 117 түрінің ДНК-сын салыстырып, алғашқы алма ағаштары қазіргі Қазақстанның таулы аудандарында өскен деп ұйғарған ғылыми зерттеудің жуырда жарияланған нәтижелерін сипаттайды. Алманың қазіргі түрі «қазақ» алмасы Еуропадағы дәмі қышқыл ранет алмасы ағаштарымен будандасып, қазір біз білетін сорттардың пайда болуына түрткі болды делінген зерттеуде.
Атауы алмаға байланысты Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда кей энтузиаст жандар әйгілі апорт алмасы сортын қалпына келтіруге тырысып жүргені белгілі, деп жазды azattyq.org сайты. Совет Одағы күйрегеннен кейін Алматы маңындағы алма бақтарының көбін үй салу үшін кесіп тастаған немесе қараусыз қалдырып құртқан болатын. Ауыл шаруашылығы күйрегеннен кейін бүкіл елде алма және өзге жемістерді өсіру азайды. Енді Қазақстан алмаға сұранысын көбінесе импорт есебінен қанағаттандырады, ел жыл сайын 100 мың тоннадай алма сатып алады. Кейінгі жылдары әлгі импорттың көп бөлігін Польшадан келетін болып жүр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через