фото: pixabay.com
Күз келісімен тұмауға қарсы шаралар қолға алынды. Себебі қазіргі кезде тұмау дегеніміз ең көп тарайтын жұқпалы аурулардың біріне айналды. Күз, қыс, көктем мезгілдерінде тұмаудан аман-сау жүру үшін не істеу керек?
«Сапалы Қазақстан» ақпарат порталының тілшісі қойған осы сұраққа Алматы қаласы Әуезов ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бастығының орынбасары Меруерт Шаймерденқызы Жансейітова жауап берді.
Тұмауға қарсы алдын алу шаралардың бірі - халықты жаппай тұмауға қарсы егу жұмыстары басталғаны жөнінде сіздерді хабардар еткіміз келеді.
Бүгінгі күні тұмау көп тарайтын жұқпалардың бірі болып есептеледі. Маусым сайын бұл жұқпалы ауруды ересектердің 5-10 пайызы, жетіншектердің 20-30 пайызы жұқтырады, -дейді маман.
Атап өтерлік бір жайт, тұмаудың алдын алмау, дер кезінде емделмеу салдарынан тұрғындар арасында жаңа ауру қоздырғыштарының түрлері пайда болады.
Фото pixabay.com
Вирус кейде адам өміріне қауіп төндіретіндей ауыр асқыну түрінде байқалады(пневмония, өкпе абсцессі, өкпе көк ет эмпиемасы,респираторлық дистресс синдром, құлақтың қабынуы, кеңірдектің ісінуі, энцефалит, менингит, токсико-аллергиялық шок т.б.). Осының өзі тұмауға қарсы алдын алу шараларды кешенді түрде жүргізуді талап етеді.
Алдын алу шаралардың ең тиімдісі - тұмауға қарсы иммундау (вакцинация).
Бүгінгі күнгі талаптарға сай, тұмауға қарсы шаралар тұрғылықты мекен жайға қарасты емханаларда, тұмаумен ауырып қалу қаупі жоғары адамдар тобына жататындарға ақысыз жүргізіледі. Әсіресе жиі ауыратын балалар мен кәрі (егде) кісілер, жүкті әйелдер, иммундық жағдайы төмен, жүрек, өкпе, бүйрек, эндокриндық және орталық жүйке жүйесі ақаулары бар адамдарға, жүкті әйелдерге көңіл бөлінеді, деді - Алматы қаласы Әуезов ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бастығының орынбасары Меруерт Шаймерденқызы.
Сәби сүюді жоспарлаған әйелдер құрсағына шарана біткенге дейін немесе жүктіліктің алғашқы 2-3 айлығында екпе алғаны дұрыс, өйткені тұмау жүкті әйелдердің немесе нәрестенің денсаулығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Фото pixabay.com.
Егер сіз осы аталған топқа қатысты болсаңыз, біздің Әуезов ауданындағы бүгінгі күні тегін екпе жүргізіліп отырған емханаларға тұрғылықты мекен жайыңыз бойынша қаралуыңызға болады.
Сонымен қатар тұмауға қарсы екпе алуы қажет топқа қоғамдық орында жұмыс істейтін қызметкерлер (тәрбиешілер, мұғалімдер, дәрігерлер, сатушылар, сонымен қатар ірі мекеме қызметкерлері) кіреді.
Тұмауға қарсы арнайы екпені күзде жүргізіледі.
Тұмауға қарсы екпе арнайы медицина мекемелерінде, жауапты медицина қызметкерлерімен, рұқсат қағазы бар, арнайы бөлмеде, барлық төтенше жағдайларға дайындығы бар, алғашқы көмек көрсетуге дайын орындарда, егу алдында дәрігердің қарауымен жүргізілуі тиіс, - дейді маман.
Тұмауға қарсы жүргізілген бір ғана екпеден кейін, адам ағзасында тұмауға қарсы төзімділік 14 күн аралығында пайда болып, бір жыл аралығында сақталады.
Тұмауға қарсы егілген адамның тұмаумен ауырып қалуы егілмеген адамнан 3-4 есе төмен.
Егер тұмауға қарсы екпе алып ауырып қалсаңыз, онда ауру асқынусыз өтеді.
"Егер сізде, қандайда бір сұрақ туындаса, Әуезов аудандық санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау мамандарынан келесі байланыс телефондарымен кеңес алуыңызға болады 3098710, 3098712, 3098675", - деді Меруерт Шаймерденқызы.
Өз денсаулығыңызға немқұрайлы қарамай, қазірден бастап екпе алу мүмкіндігін қолға алыңыз!!!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через