TikTok арқылы жаңғақ сатып, миллиондаған табысқа кенеліп отыр

TikTok арқылы жаңғақ сатып, миллиондаған табысқа кенеліп отыр
фото: https://pixabay.com/ru/

Аспан асты елінде қазір live-commerce қарқын алды.

Көршілес Қытайда интернет алаңдардағы тікелей эфирде тауарлар белсенді сатылады. Қытай елшілігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында стрим қолдану арқылы айына миллиондаған табыс тауып отыр.

Тікелей эфирде тауарды таныстырып, оның маңызы мен сапасы туралы ақпарат беріп жарнамалауды стрим деп айтады. Онлайн трансляцияны тамашалағандар сарапшыға сұрақ қоя алады.

Грек жаңғақтарын сатумен айналысатын "Бостан" кооперативтік серіктестігі Куча қаласында орналасқан. Мекеме басшысы Әбдірахман Кибярдің сөзінше, кооператив 2010 жылы сәуір айында құрылған.

"Ол уақытта серіктестіктің құрамына 12 мүше енді. Жарғылық капиталдың мөлшері 600 мың юань болды. Сол уақытта жергілікті тұрғындардан жүздеген мың тонна грек жаңғағын алдық. Интернетте стрим қолдануды не үшін бастадық десек, стрим арқылы тауардың бағасы жоғарылайды әрі осы арқылы жергілікті тұрғындардың табысы да арта түсіп, өнімдердің қосымша құны ұлғаяды", - деді Әбдірахман Кибяр.

Ол көрермендер стримді қызығып көреді, тауар да жақсы өтеді деп отыр. Грек жаңғақтары TikTok, Taobao, Wechat, Tmall алаңдарында сатылады. 2017 жылдан бері тауарлар интернет магазиндерде сатыла бастады. Кооперативтің негізгі тауарлары қатарында грек жаңғақтарының түрлі сұрыптарынан бөлек миндаль, кептірілген інжір, мейіз, грек жаңғағының майы да бар.

"Басқа провинцияларда түрлі қоймаларды аштық. Тауарлар Шыңжаң арқылы жіберілетін болса, онда жеткізілім уақыты 5 күннен 7 күнге дейін барады. Шэньси провинциясынан өнімдер сатып алушыларға 2 күн ішінде жетеді", - деп түсіндірді кооператив басшысы.

Әбдірахман Кибяр бұрын тауарды Ресей мен Дубайға жеткізілгенін де айтты.

Дүкенде стрим арқылы тауарды сататын мамандар айына 4 мың юань жалақы алады. Егер сатушылар өнімді белгіленген шамадан артық өткізетін болса, онда айына жоқ дегенде 6 мың юаньға дейін кіріс табады.

"Стримді тоқтаусыз жүргізген жағдайда әдетте бұл күндізгі 12-ден кешкі 6-ға дейінгі уақытты алуы мүмкін. Арасында үзіліс қажет болса, орнына басқа мамандар шығады. Қазір сіздер көріп отырған сатушы тауарды TikTok эфирінде жарнамалап тұр. Интернет алаңдарда бізге жазылған адамдардың саны 100 мыңнан асып жығылады. Мәселен, TikTok-тағы кооперативтің парақшасына 92 мың адам жазылған", - деп жалғастырды спикер.

Айына орташа есеппен сату көлемі 1,5 млн юаньға дейін жетеді. Әдетте адамдар стрим көрген соң 3 немесе 5 келі грек жаңғағына тапсырыс беретін көрінеді.

 ҚазАқпарат