фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Кейінгі уақыттарда қазақстандықтар жол апаты туралы ақпараттарға жиі ұшырасатын болды.
Қазақстанда жол апатынан ай сайын 170-ке жуық адам көз жұмады
Тіпті, күнделікті бірнеше адамның қаза тапқаны туралы ақпарат шығады десек – қателеспейміз. Қазір жол апаттары құдды бейбіт замандағы астыртын майдан іспетті өмірлерді жалмауда. Ішкі істер министрлігі бұған еліміздегі жолдардың сапасыздығын айыптаса, дәрігерлер тағы бір басқа себептерді алға тартуда.
Сапасыз жолдың салдары
Бұл мәселенің Қазақстанда өзекті болып тұрғаны сонша, мәселеге билік өкілдері де зер салуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгінгі Жолдауда тақырыпқа арнайы тоқталғанын көрдік. Дегенмен жол апаттарының астарында шешімін таппай жатқан көп мәселенің барын анық аңғарып отырмыз.
Алдымен жыл сайын қанша жол апаты болатынын қарап көрсек, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 1 984 адам қайтыс болған. Ал биыл мамырда Ішкі істер министрлігі жыл басынан бергі 4,5 ай уақыт ішінде 542 адам көз жұмып, 7 мың адам әртүрлі жарақат алғанын мәлімдеген. Дәл осы тұста ведомство жол апаттарының көбеюіне елдегі жолдардың сапасыздығы себеп болғанын алға тартқан екен.
Қазақстанда жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық жолдардың еншісінде. Айтпақшы, Көлік министрлігі 2024 жылдың алғашқы 6 айында еліміз жол құрылысында рекорд орнатқанын жария еткен еді. 12 мың шақырым жол жөнделген, оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желілік жолдар. Бұндай позитивті сандар жетерлік, алайда жол құрылысы жұмысындағы сапа тағы бір мәселе тудырып тұрған сыңайлы. Бұл тұста халық Батыс Қазақстан облысының ауданаралық, Ақтөбе облысының, құрылысы ондаған жылдар бойы айтылса да бітпей келе жатқан Қызылорда-Жезқазған тасжолын жақсы біледі. Қауіпсіздігіне күмән басым бола тұра жолға шығуға мәжбүр жолаушылар көп.
Расын айтқанда, елдегі жол-көлік оқиғалары тек адам өмірі мен қоғамға қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне, соның ішінде туристік әлеуетіне кері әсер етеді. Сондықтан халықаралық қауымдастықтар жол апаты төңірегінде түрлі зерттеулер жүргізген. Мәселен, Біріккен ұлттар ұйымы бұған дейін әлемде жыл сайын 1,3 миллион шамасында адам жол апатынан қаза табатынын хабарлаған. Оқыс оқиға салдарынан көз жұматындардың әрбір төртіншісі жаяу жүргінші мен велосипедші. Ал жарақат алатындар 50 миллион шегінде. Ең қызығы, өміріне қауіп төнгендердің орташа жасы 5-тен 29-ға дейін. Яғни, жастар жағы жол апатынан көбірек құрбан болуда.
Былтырғы Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде жол сапасы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 93-орынға тұрақтапты. Өте төмен көрсеткіш. Бұған қоса сарапшылар елдегі жол апаттарының 25 пайызы жолдардың сапасыздығынан болатынын алға тартады.
Дәрігерлер жүргізушілердің энергетик тұтынуын айыптауда
Әрине, кінә бір жақтан емес, жүргізушілердің де жауапкершілікті сезінбейтін тұстары жетерлік. Таяуда Көлік министрлігі 2025 жылдан бастап рөлі оң жақта орналасқан автокөлік иелерінің такси қызметін атқара алмайтынын мәлімдеді. Ол үшін қала аралық тасымалда танымал Индрайвер, Яндекс компанияларымен келісім жасалған. Бұл да жол апаттарын азайтуға септессе игі. Әйтпесе алыс жолдарда апатқа түсіп жатқан көліктерді қарасақ, рөлі оң жақта орналасқан, жүргізушілер арасында "зымыран" атанған Toyota Alphard секілді көліктер екенін жиі байқаймыз.
Енді дәрігерлер де жол апатының кезекті себебі ретінде энергетикалық сусындарды атауда. Қала арасында такси арқылы жол жүргендер болса, көбінің ұйқысы қанбаған күйі жүретінін және басым бөлігінің энергетикалық сусындарды ішетінін көргені анық. YesMED клиникасының директоры, дәрігер-терапевт Надир Нарзулланың айтуынша, аталған сусындардың кесірінен жүргізушілер жолда көлікті басқара алып қалып жатады.
– Жол апатының көбеюінің бірінші себебі – энергетикалық сусындар. Көбі назар аудармайды, энергетикалық сусындарды шығарушы компаниялардың өзі "жүйке жүйесі қозған адамдарға тыйым салынады" деп ескертіп отырады. Жүйке жүйесі қозған адамдарға кімді жатқызамыз? Мәселен, неврология бойынша ұйқысы қанбаған немесе ұйқысы дұрыс болмаған адамдар осы санатқа кіргізіледі. Елімізде такси жүргізушілері ұйқысы қанбаған күйі энергетикалық сусын алып жолға шыға беретінін жақсы білеміз. Бұл сусынның ішіндегі L-карнитин және кофеин заттары жүйке жүйесін толықтай блоктайды. Жүргізушінің көзі ашық, сөйлеп, әңгімелесуі мүмкін, бірақ өзін басқара алмайтын күйде болады. Адам бұны сезінбеуі мүмкін, шынында барлығы өз бақылауында болмайды, – деп жеткізді маман.
Демек, жол апатының көбеюіне себеп көп: сапасыз жолдар, жүргізушілердің жауапсыздығы, рөлі оң жақтағы автокөліктер және энергетикалық сусындар. Алғашқыларын міндеттеулер арқылы шешуге болар, ал соңғы мәселені тыйыммен шешу мүмкін бола қоймайтындай.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через