фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында төрт күн бойы Астананың «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлеген көкпар ойындары бүгін мәресіне жетті.
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Ақтық сында Қырғызстан көкпар командасымен сайысқа түскен қазақстандық шабандоздар 5:4 есебімен жеңіске жетіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесін қанжығалады.
Қырғыз көкпаршылары күміс жүлдегер атанды.
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Айта кетейік, бірінші таймда серкеге талас кезінде екі елдің көкпаршылары қақтығысып қалып, ойын уақытша тоқтаған болатын.
Төрешілердің араласуымен 10 минутқа созылған дау-дамай оң шешімін тауып, ойын қайта жалғасты.
Екінші кезеңде қазақстандық шабандоздар жігерлене шабуылға көшіп, есепті еселеді. Сөйтіп 4:3 есебімен алға шықты.
Алайда, ойынның соңғы секундтарында қырғызстандық көкпаршылар тағы бір салым салып, ойынды теңестіріп, негізгі уақыт 4:4 есебімен тең нәтижемен аяқталды.
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Төрешілер қосымша 10 минут уақыт қосты. Осы шешуші сәтте алғашқы салымды қазақ көкпаршылары салып Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, кеше қазақстандық көкпаршылар Ресейді 18:2 есебімен жеңіп, финалға өткен.
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Бұған дейін Kazinform тілшісіне ҚР көкпар құрама командасының аға жаттықтырушысы Омарбек Еркебай шабандоздардың финалдық кездесуге тас-түйін дайын екенін айтқан еді.
Көкпар ойындарына Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия сынды 9 мемлекеттің спортшылары бақ сынады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через