Қазақ ғалымы бидайдың генетикалық кодын зерттеп жатыр

Қазақ ғалымы бидайдың генетикалық кодын зерттеп жатыр
фото: pixabay.com

Қазақ ғалымы Орталық Азияда шығарылған бидайдың генетикалық кодын анықтап, жылдам селекциялау жолдарын зерттеп жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Қанат Ермекбаев бастаған ғалымдардың жобасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің 150 миллион теңге грантын жеңіп алды. 3 жылға жоспарланған жұмыс нәтижесінде 450-ге тарта бидай сұрыптарының генетикасы, стандартталады. 

«Бұл – өте ауқымды жұмыс», – дейді мамандар. 

Себебі бір дақылдың генетикалық коды 16 миллиард әріптен тұрады. Компьютерлік өлшеммен алғанда әрбірінен 16 гигабайттық ақпарат алынады. Сонымен қатар жылдам селекциялау бағытының ауқымы кеңейеді.

 Тың салаға ден қойған ғалым Орталық Азия елдері арасында бірінші болып, спид брейдинг технологиясын енгізді. 

Сол арқылы 120 күнде пісіп жетілетін бидайды 60 күнде өсіру тәжірибесін сынақтан өткізіп жатыр.

 Қанат Ермекбаев, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі: - Бір өнімді төзімді белгілі бір ортаға бейімді сұрыпты шығару үшін 14-12 жыл уақыт кетеді. Яғни, бұл деген өте көп уақыт, өте көп ресурсты талап етеді. Адам жағынан, қаржы жағынан болса да. Бұл технологияның маңыздылығы – осы селекциялық процестерді 6 есеге дейін жылдамдату.