Пусан Оңтүстік Кореядағы қариясы ең көп қала болып танылды

Пусан Оңтүстік Кореядағы қариясы ең көп қала болып танылды
фото: https://pixabay.com/ru/

       Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында тұратын жас отбасылар жергілікті биліктен миллиондаған вон қаражат алуы мүмкін.

       Осылайша, бұл мегаполистың басшылығы халық санының азаю мәселесін шешуді көздеп отыр. Ал Инчхон қаласында балабақша шығынын бюджет ішінара жауып береді. 

       Пусан Сеулден кейін – Оңтүстік Кореяның екінші ең ірі қаласы. Бірақ қалалық ойын алаңдарында балалардың күлкісін сирек естисіз. Пусан бұл елдегі қариясы ең көп қала болып танылды. Тұрғындарының жартысына жуығы 50 жастан асқан. Мегаполис халқының 23%-і 65 жастағы ата-әжелер. 1

       995 жылы Пусанда 3 миллион 880 мыңдай халық тұратын. Қазір бұл сан жарты миллионға азайды. Дәл осы мегаполис халқының саны жыл сайын азайып келеді. Сондықтан билік елдің түкпір-түкпірінен жастарды тарту үшін барлық шараларды қолға алуда. Жақында Пусандағы Хэундэ ауданының әкімдігі жүкті әйелдерді теңіз жағасында демалуға шақырды. Тіпті 20 мен 30 жас аралығындағы жалғызбасты 40 тұрғынды бір-бірімен кездестірді. Танысу күнінде қыздар мен жігіттер ойын ойнады, жағажайда демалып экскурсияға шықты. Ал кешке қайықтың үстінде күннің батуын тамашалады. Нәтижесінде жаңа отбасылар пайда болды. Келесі жылы танысу күніне қатысушылардың санын көбейту туралы шешім қабылданды. Пусан билігі жастар үшін көптеген жағымды тосынсыйлар дайындады. 

       Чхве Джи Сон, Пусан мэриясы демографиялық саясат бөлімінің басшысы: 

       - Жас отбасылар бірінші балаға 2 миллион вон, яғни, бір жарым мың долларға жуық, екінші және одан кейінгі балаларға 3 миллион вон, яғни 2 мың 250 долларға жуық ақша алады. Бір жарым мыңнан астам жас отбасы жалға берілетін баспанаға несие алады. Пусанда шамамен 22 университет бар. Жастар оқуды бітірген соң осы жерден жұмыс тауып, басқа қалаларға кетпеуі үшін үкіметпен бірлесе отырып, өңіріміздің ерекшеліктерін көрсететін университеттерді қалыптастыру жұмыстары жүруде

       Кореядағы балабақшалардың 30%-і 2028 жылға қарай жабылуы мүмкін. 

       Оңтүстік Кореяда соңғы 5 жылда бес жасқа дейінгі сәбилер тәрбиеленетін балабақшалар саны 21%-ке қысқарды. Яғни, 8200-ден астам мектепке дейінгі мекеме жабылды. Бірақ кейбір балабақшалардың сұранысқа ие болуы екіталай. Бұл жеке мекеме 11 жыл бұрын тұрғын үй кешенінің бірінші қабатынан ашылған. Жақын маңдағы тұрғындар балаларын осында әкеледі. Себебі, өте ыңғайлы, балаңызды әкелу және алып кету үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Корея заңы бойынша балалардың бетін әлеуметтік желіде немесе теледидарда көрсету үшін олардың ата-аналарының рұқсаты керек. Біздің түсіру тобымызға Қазақстаннан келген бұл баланың әкесі мен анасы рұқсат берді. 

       Ким Ён Хун, балабақша директоры: 

       - Біздің шағын балабақшада 18 бүлдіршін бар. Ата-аналар айына 100 мың вон төлейді, бұл шамамен 75 доллар. Қалған шығынды мемлекет төлейді. Мысалы, бір жасқа дейінгі балаларға бюджеттен миллион вонға дейін беріледі. Тұрғын үй мәселесі мен бала тәрбиесіне кететін шығынға байланысты көптеген жастар балалы болғысы келмейді. Егер балада вирустың қандай да бір түрі болса, онда оған балабақшалар мен мектептерге баруға тыйым салынады, бірақ бұл кезеңде балаларды күтетін мекемелер жоқ. Осыған байланысты кейбір жұмыс істейтін ата-аналар үйде отыруға мәжбүр. Әйелдер мансаптық өсуді қалайды, бірақ бұл жағдайда ол мүмкін емес. 

       Корей білім және бала күтімі институты туу деңгейінің төмендеуіне байланысты республикадағы балабақшалардың үштен бірі 2028 жылға қарай жабылады деп болжайды. Бірақ демографиялық жағдай оңтүстіккореялықтардың басқа елдердің азаматтарымен некеге тұру санының артуына байланысты өзгеруі мүмкін. Статистикаға сәйкес, мұндай отбасыларда бірнеше бала пайда болады. Білім министрлігінің мәліметінше, биыл көпұлтты отбасылардан шыққан мектеп оқушыларының саны ел тарихындағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Ол 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ке өсіп, 193 мың адамнан асты. Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.

       https://24.kz/kz/