фото: GR NEWS
Сарапшылар "Газпромға" жаһандық алпауыттан негізінен Ресеймен шектелген компанияға айналу ғана қалғанын айтуда.
Моңғол Үкіметі РФ-тің алып газ корпорациясының Моңғолия аумағы арқылы өтеді деп жоспарланған алып газ құбырының құрылысын 2028 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына енгізбей қойды. Сарапшылардың байламынша, "Сила Сибири–2" халықаралық ірі газ магистралін салуға рұқсат беруден Моңғолияның бас тартуы "Газпромды" шығын батпағына одан сайын батырып жібереді. Оның биржадағы акцияларын сатып алудан шетел түгіл, ресейлік инвесторлар да теріс айналуда.
Осы орайда қытайлық The South China Morning Post хабарлауынша, РФ басшысы Владимир Путиннің Қытайға көгілдір отынның жеткізілімін арттыру және осы мақсатта "Сила Сибири–2" жаңа құбыр желісін тарту бойынша өршіл-амбициозды жобасы "қатырылды" және таяу жылдары жүзеге асырылмайтын болды.
Кейбір деректерге сәйкес, Мәскеудің өзіне тәуелді болып қалғанын түсінген Бейжің Путиннің биылғы мамырдағы сапары аясындағы келіссөздерде бұл ғаламат жобаны жүзеге асыру үшін басты талабын қойған: онымен жіберілетін ресейлік газ ҚХР-ға РФ-тің ішкі нарыққа босататын бағасымен экспортталуға тиіс. Төл дереккөздеріне сілтеме жасап, The Moscow Times хабарлауынша, мұндай қысым-қиянат сөзді естіп, Кремльдің қожайыны шалқасынан түсе жаздапты.
Өйткені "Газпром межрегионгаз" компаниясының мәліметінше, Ресейдің өз субъектілерінің – республикаларының, облыс-өлкелерінің қажеттіліктері үшін газдың 1 мың текше метрі 6 932–8 257 рубльден (шамамен 69–82 доллардан) беріледі. Дәл сондай бағамен Қытайға сатса, қатты ұтылады. Салыстырғанда, Нидерландыдағы әлемдік TTF хабында газдың қыркүйекте жеткізілетін фьючерсінің құны 1 мың текше метр үшін 444 доллардан асты. Шың елі одан 6,5 еседей арзандатуды талап етіп, РФ-тің буынсыз жеріне пышақ ұрып отыр.
Осылайша, "СС-2" газ құбыры жобасының құрылысынан бас тартуға Ресейді ҚХР мәжбүр етті. Жалпы, шығыс көршіміз стратегиялық ресурстың импортында бір елге, оның үстіне Ресейдей халықаралық келісімдерді еш сақтамайтын мемлекетке тәуелді болып қалмау үшін көгілдір отынды құбырмен – Ресей сыртында, Қазақстаннан, Түрікменстаннан, Өзбекстаннан және Мьянмадан, ал, сұйытылған табиғи газ түрінде Австралиядан (бір жылдық жалпы көлемдегі үлесі 34%), Қатардан (23%), Малайзиядан (10%) алады, мұндағы Ресейдің еншісі – 11%.
Ресейлік экономист Сергей Алексашенко The Insider-ге сұхбатында, "Газпромның" шығындары онсыз да артып бара жатқанын айтты. Соның ішінде, бұған газ құбырларын салу бағытындағы жүзеге аспай қалған жоспарлары да ықпал етіп отыр.
Атап айтқанда, 2023 жылы "Газпром" өз тарихында тұңғыш рет жылды үлкен табыспен емес, үлкен шығынмен аяқтады. Былтырғы жыл қорытындысында ресейлік "трансұлттық, жаһандық энергетикалық компаниясының" шығыны 629 миллиард рубльден асып кетті (3,3 триллион теңгедей). Бұл туралы "Газпромның" 2024 жылғы 2 мамырда жарияланған есебінде көрсетілген. Онда компанияның мұндай шығынға батуы бұрын ешқашан болмағаны айтылған. Мысалы, дағдарысты 1999 жыл да шығынды болыпты, бірақ оның көлемі сонда 79,3 млрд рубльден аспаған екен.
Ресми есебінде "Газпромның" жағдайының ауырлығы ашық айтылған. Тіпті кең ауқымды соғыс басталып, алғашқы санкциялар енгізіле бастаған, оған жауап ретінде Кремль Еуропа елдерін көгілдір отынынан айыруға кіріскен 2022 жылмен салыстырғанның өзінде, 2023 жылы "Газпромның" түсімі бірден 27% құлдырады. Еуропа биыл екінші жыл қатарынан ресейлік газсыз қыстап шықпақ. Демек, 2024 жылдың есебі ресейлік әлемдік алпауыттың ахуалы нашарлай түскенін паш етуі мүмкін.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 50%-дан асатын бақылау пакеті мемлекетке тиесілі "Газпромның" барлық түсімі 2023 жылы 27 пайызға кеміп, небары 8,542 трлн рубльді құрады. Бұл қаражат оның қаптаған активін ұстап тұруға да жетпеген. Шығынға батуы да содан.
Бұл компанияның иелігінде ресейлік газ тасымалдау – магистралді құбырлар жүйесі, сондай-ақ газды, газ конденсаты мен мұнайды геологиялық барлау, өндіру, тасымалдау, сақтау, өңдеу инфрақұрылымы мен желілері, электр және жылу энегиясының өндіріс орындары, көптеген жергілікті және шетелдік курорттар, өнеркәсіптік-өндірістік кешендер, ғимараттар, тіпті ақпарат құралдары кіреді. Мәселен, "Газпром-медиа" медиахолдингі RuTube сервисін, НТВ, ТНТ, Матч ТВ, "НТВ-Плюс" телеарналарын, "Эхо Москвы", "Первое популярное радио" ("Попса"), NEXT, "Сити FM", Relax FM, Детское радио радиостанцияларын, баспаханалар мен газет-журналдарды, бірнеше кинотеатрларды бақылайды. Олардың бәрі дерлік пайда әкеле бермейді және мол шығынды талап етеді. Егер "Газпром" күйресе, соның бәрі жайрап қалуы мүмкін.
Былтыр "Газпромның" газ бизнесінен түскен түсім 43%-ға бір-ақ құлады және небары 4,41 трлн рубльді құрады. Жағдайды мұнай бизнесі шамалы түзетті: оның түсімі жыл ішінде 4%-ға өсіп, 3,52 трлн рубльге жетті. Электр энергетикалық бизнесінен түсімі ғана салмақты, 9%-ға артып, 606 млрд рубльден асты. Бірақ соңғы жайт ресейлік бұқара мен бизнесті қуантпаса керек: РФ алпауыты өз тарифтерін жаппай және бірнеше рет көтеріп, осы қаражатты солардың қалтасынан өндіріп алуда. Біраз активтерін, санаторийлерін саудаға шығарып, құтылуға мәжбүр.
"Газпромның" осынша мүшкіл, бишара халге жетуі ресейлік сарапшыларда "шок" тудырған. Өйткені өткен жылдың соңында компанияның басқарма төрағасының орынбасары Фамил Садыгов 2023 жыл қорытындысында "Газпром" жақсы қаржылық нәтижелерімен қуантатынын уәде еткен болатын. Оның тобының EBITDA (сыйақы пайыздарын, салықтарды, тозу, амортизация сияқты шығыстарды алып тастағанға дейінгі табысының) жалпы көрсеткіші шамамен 2,2 триллион рубльді құрайды деп күтілді.
Сондай-ақ Садыгов "газ экспорты көлемдерінің және бағаларының ары қарай төмендегеніне қарамастан, 2022 жылға қарағанда 2023 жылы "Газпром" газ сатудан 4 трлн рубльден астам, сондай-ақ басқа қызмет түрлерін жүзеге асырудан тағы 3,4 трлн рубль түсімге қол жеткізетінін" мәлім еткен еді. Мұндай сенім қайдан пайда болды? "Газпром" басшысы орынбасарының айтуынша, мұндай қомақты нәтижелерді Қытайдың ресейлік газды сатып алу көлемін қарқынды түрде арттыруы қамтамасыз етуге тиіс. Олай болмады.
"”Сила Сибири–2” газ құбырын салу – Ресейдің арманы болатын. Соғыс басталғаннан кейін Кремльдің бұған деген құмарлығы күрт күшейді. Өйткені Путин Украинаны қолдаған Еуропаны жазалау үшін оны ресейлік газсыз қалдырды. "Газпромға" Батыс елдеріне көгілдір отынын жеткізуді доғаруға бұйрық берді. Саясат араласса, бизнес оңбайды. Еуропа Мәскеудің аяғына жығылмады, дереу ресейлік газсыз өмір сүруге ден қойды. Сөйтіп, "Газпром" өзінің ең бай, басты нарығынан айрылып қалды. Сонымен бірге, "Газпром" газ сатудан түсетін түсімнің төрттен үш (!) бөлігінен айрылды", – дейді оппозициялық көзқарастағы ресейлік экономист, РФ қаржы экс-вице-министрі Сергей Алексашенко.
Оның түсіндіруінше, егер Мәскеу ”Сила Сибири–2” жобасын жүзеге асыра алғанда, онда Еуропа сатып алудан айныған газ көлемінің үштен бір бөлігін Қытайға қосымша жіберіп, экспортты шамалы да болса қалпына келтіруге болатын еді.
"Бірақ бұлай болмайды. Қытай қазіргі сатып алып отырған көлеміне де қанағаттанатынын анық аңғартты. Егер "Газпромның" қаржылық есептілігіне үңілсеңіз, тарихында алғаш рет алапат шығынға отырғанын байқайсыз. Биылғы жылы ол шығыны екі есеге артты. Дәл қазір "Газпром" банкрот болып, мемлекетке оның активтерін бөлек-бөлек сатуға тура келеді деп күтуге болмас. Соған қарамастан, "Газпром" енді тек залалды компания болады. Оны қолдау үшін билік мемлекеттік банктерді мәжбүрлейді. Ұлттық әл-ауқат қорына да қол салады", – деді Сергей Алексашенко.
"ПФ "Капитал" консалтинг компаниясының бас экономисі Евгений Надоршин "Газпромды" не құтқарып қалатынын түсіну қиын дейді.
"Ресейдің ішкі нарығында газ тарифтері серпінді түрде қымбаттауда. Тарифтердің өсу қарқыны барған сайын жылдамдауда. Алайда ішкі нарық Еуропаның жоғалтқан нарығынан түскен түсімді толық шамада өтей алмайтыны даусыз. Сонша астатөк табысты тағы қайдан таба алатыны белгісіз. Ондай жоқ. "Газпром" ішкі тарифтерді еселеп өсіру арқылы мүлдем жайрап қалмаудың қамын жасауда. Сонда компанияның тіршілігінің доғарылуына қатысты проблема болмайды", – деді Надоршин.
Оның айтуынша, сыртқы нарықтардан жаппай шеттетілген "Газпром" бұдан әрі ресейлік нарықпен шектеліп, ішкі жобалармен айналыса бастауы мүмкін. Мысалы, сарапшының айтуынша, "Владикавказ жақтан Ресейдің өзге өңірлеріне сапарлағанда Грузияның Верхний Ларс өңірін кесіп өтуге тура келеді". Сонда Ресей жағындағы елді мекендер газсыз отырғанын, ал, Грузия жақтағы ауыл-қалалардың бәрі көгілдір отынмен қамтылғанын көруге болады.
Financial Times 2022 жылы Владимир Путиннің Си Цзиньпиннен сатып алатын ресейлік газ көлемін 100 миллиард текше метрге дейін жеткізуді сұрағанын еске салды: сонда "Газпром" еуропалық нарықты жоғалту шығынын сәл де болса өтей алатын еді. Алайда "шекарасыз стратегиялық серіктестік" туралы пафосты мәлімдемелерге және Кремль иесінің Бейжіңге бірнеше рет сапарлағанына қарамастан, ҚХР төрағасы "ғасыр құрылысын" бастауды сол бойы құптамады. Моңғолия осы жобаға "соңғы нүктесін" қойып отырғандай.
Файнэншл Таймс "СС-2" бойынша Қытай тарапының ресейлік газдың 1 мың текше метрі үшін шамамен 60 доллар ғана баға ұсынғанын анықтады. Салыстырсақ, қолданыстағы "Сила Сибири–1" арқылы Қытай ресейлік газдың әрбір мың текше метрін 260 доллардан алуда.
Бірқатар сарапшы "Газпромды" "Титаникке" теңейді, сол сияқты халықаралық қоғамдастықты таң-тамаша, тіпті тәнті еткен титан еді. Бір өзіне қаншама қызмет пен кәсіп түрін сидырған әмбебап еді. Енді міне, оның "бүйірін" шығындар атты алып мұзтау бұзып өтіп, ақырындап тұңғиыққа бата бастады. Бірақ қиындықпен жалғыз қалған "Титаниктен" айырмашығы сол, "Газпром" жалғыз емес. Оған Ресей атты басқа "Титаник" көмекке келуге дайын.
2008 жылғы 10 маусымда "Газпромның" басшысы Алексей Миллер 7–8 жылдан кейін "Газпромның" капитализациясы 1 триллион долларға жететінін, нәтижесінде ол әлемдегі ең ірі компаниялардың аз шоғырына қосылатынын мәлімдеді. Сол 2008 жылы оның нарықтық құны шырқау шегіне – 365,1 млрд долларға жетті. Миллер ғасыр басынан, 2001 жылдан бері табан аудармай "Газпромды" басқарып келеді. Уәдесін орындамады: 2008 жылдан кейін арада 16 жыл өткенде, 2024 жылы "Газпромның" ағымдағы нарықтық капитализациясы небары 2 трлн 896 млрд рубльді немесе 29 миллиард долларды құрайды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через