фото: pixabay.com
М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы Өзбекстан астанасына гастрольдік сапармен келді, деп хабарлайды kaz.inform.kz агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өнерге шөлдеп, театрдың тылсымына бойлауға асыққан өзбекстандық көрерменнің қарасы қалың. Асанәлі Әшімов бастаған әртістер ұжымын жергілікті жұрт ыстық ықыласпен қарсы алды.
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform
«Халықпен халықты қауыштыратын, табыстыратын – өнер. Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы байланыс екі елдің мәдениеті, әдебиеті және тарихы арқылы нығайып келеді. Өзге де жұмыстарға, 90-ға таяған жасыма қарамастан сіздермен көрісіп, амандасайын деген ниетпен әдейі келіп отырмын. Осылайша, 17 жылдан кейін Ташкентке ат басын бұрып отырмыз», - деп құшақ жая қарсы алған өзбекстандық көрермендерге ілтипатын білдірді Асанәлі Әшімов.
Бұл күндері 80-ге жуық әртіс Ташкенттегі музыкалық комедия және оперетта театрының сахнасында қойылымдарын көрермен назарына ұсынып жатыр. Алғашқы туынды - «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі. Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған махаббат дастаны тұңғыш рет 1940 жылы сахналанған. Содан бері тұтас түркі әлеміне ортақ мұраға айналып, рухани құндылығын жоғалтпай келеді.
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform
«Негізгі рөлдерді, яғни Қозы мен Баянның бейнесін Мағжан Тұрыс пен Индира Құлмағамбетова сомдайды. Қодарды Ғалым Оспанов ойнайды. Ал кейін көрерменге ұсынылатын «Қорқыттың көрі» спектаклінде басты рөлді Қазақстанның Халық әртісі Дулыға Ақмолда сомдайды», - деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы-режиссері Елік Нұрсұлтан.
Отандық өнер ұжымы Ташкентте үш күн болып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» туындысынан бөлек, «Қорқыттың көрі» және «Бес бойдаққа бір той» спектакльдерін қояды.
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform
Одан кейін гастрольдік сапар Қарақалпақстан астанасы Нөкісте жалғасады. Ондағы көрермен «Қыз Жібек», «Қоштасқым келмейді» және «Махаббат пен қасірет» атты драмалық туындыларды тамашалай алады.
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform
М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовтің айтуынша, Қарақалпақстаннан кейін өнер ұжымы гастрольдік сапармен Қырғызстанға бармақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через