фото: egemen.kz
Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бақ сынауға келген көкпаршылар бүгін ширек финалда өнер көрсетеді.
kaz.inform.kz хабарлағанындай, жарыстар Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясының ережелері бойынша өткізіліп жатыр.
Жарысқа 18 жастағы және одан асқан спортшылар жіберіледі. Командалардың киім үлгілері бірдей болуы керек.
Команданың құрамы: 12 спортшы, 1 бапкер, 1 команда жетекшісі, 4 жылқышы, 1 мал дәрігері.
Көкпар алаңы екі командаға тең бөлінеді.
Көкпар алаңының параметрлері: ұзындығы — 220 м, ені — 70 м.
Мәре алаңы 3 метрлік диаметрмен (шеңбер) орнатылған. Екі команданың мәре шеңберлерінің арасындағы қашықтық — 180 м. Орталықтан шеңберге дейін — 90 м.
Мәреден ойын алаңының сыртқы сызығына дейін — 20 м.
Шеңберден айыппұл алаңына дейін — 35 м, орталық шеңбер мен екі жақтағы шеңберлердің диаметрі — 8 м.
Команда капитандары жеребе тастау арқылы өз мәресін анықтайды да, мәре сызығына жалауын орнатады.
Сайыс әрқайсысы 20 минутқа созылатын екі кезеңнен тұрады. Кезеңдер арасында 10 минуттық үзіліс болады. Үзілістен кейін командалар мәре сызығын ауыстырады.
Жарыс кезінде команданың жанында екі адамнан артық болмауы керек: 1 жаттықтырушы, 1 команда жетекшісі.
Жеңіс өз шеңберіне (мәре сызығына) ең көп серке (нақпішін) тастаған командаға беріледі. Серкенің (нақпішін) салмағы 30-33 келіден аспауы керек.
Кездесудің негізгі уақыты біткенде екі команда тең түссе, 5 минуттық үзіліс беріледі, мәре кейінге шегеріледі және қосымша 10 минут уақыт беріледі. Осы уақытта шеңберге бірінші түсірген (салымды) топ жеңеді.
Егер командалар белгіленген уақытта шеңберге түсіре алмаса, онда жеңімпаз жекпе- жек арқылы анықталады. Яғни, екі командадан бір-бір ойыншы ортадағы шеңбердің ішіне кіреді.
Төреші серкені екі ойыншының ортасына лақтырады, қай ойыншы серкені ұстап алып, өз шеңберіне орналастырса, соған ұпай есептеледі. Бұл бағытта әр командадан үш ойыншыдан үш кездесу өткізіледі.
Жеңімпаз топ ұпайлардың жалпы санымен анықталады. Әрбір сайыс әдісіне 3 минут уақыт беріледі, егер бұл уақытта ұпай жиналмаса, төреші жекпе-жекті тоқтатады да, келесі жұп шақырылып, жекпе-жекті бастайды.
Жекпе-жек кезінде серке шектен шығып (сыртқа), ұрыс тоқтатылып, келесі жекпе-жек жалғасады.
Ойындардың басталуына бір күн қалғанда спорт түрі бойынша төрешілер алқасы командалардың өкілдерімен бірлесіп техникалық кеңес өткізеді, онда жеребе тасталады және берілген өтінім санына қарай жарысты өткізу тәртібі белгіленеді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через