Ғалымдар климаттың өзгеруін бірлесе зерттейді

Ғалымдар климаттың өзгеруін бірлесе зерттейді
фото: https://www.google.com/ru.council.science

        Қазақстандық жас ғалымдар Ресей, Беларусь және басқа елдердегі әріптестерімен серіктестікті кеңейтіп жатыр. 

        Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі Ресей ғылым академиясымен және Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Іс-шара Мәскеуде Ғылым академиялары халықаралық қауымдастығы кеңесінің 37-ші отырысы шеңберінде өтті. Ұйымға ТМД елдері, Қытай, Вьетнам, Моңғолия, Черногория және Куба ғалымдары кіреді. 

       Ғылым академиялары халықаралық қауымдастығы кеңесінің отырысы Ресей ғылым академиясының 300 жылдығы аясында өтті. Жиында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Вьетнам, Қытай және тағы басқа елдердің ғылыми және білім беру орталықтарының өкілдері бас қосып, ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Президент жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қазақстандық жас ғалымдар ғылыми кеңес жұмысына белсенді түрде атсалысатынын атап өтті. Экология, климаттың өзгеруі және су ресурстарын басқару бойынша байланыстарды нығайтуды ұсынды.

       Ақылбек Күрішбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті:

       - Біз бүгін ұсыныс беріп отырмыз. Біздің кеңістігіміз бір, табиғатымыз бір мемлекетпіз. Сондықтан біз жаһандық климат өзгеру мәселесін қолға алып, зерттеуміз керек бірге. Содан кейін тағы бір үлкен ұсынысымыз – біздегі су ресурстарын басқару жүйесін бірге зерттеуміз керек. Өйткені біздің су басссейндарымыз бірдей. Осындай үлкен жобаларымыз бар.

       Қазақстан Халықаралық қауымдастықтың кеңесі аясында серіктестікті кеңейтуді жоспарлап отыр. Ұйымға Азиядан бастап Кариб теңізіне дейінгі елдердегі 27 ірі ғылыми орталық кіреді. Қазір зерттеушілер экология саласындағы өзекті мәселелер бойынша өзара пікір алмасып, түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр. 

       Геннадий Красников, Ресей ғылым академиясының президенті: 

       - Біз көптеген мәселені бірлесіп зерттеуіміз қажет. Каспий мәселесі өте маңызды. Байкал мәселесі де күрделеніп барады. Климаттың өзгеруіне байланысты сумен қамтамасыз ету ең өзекті түйткілдің біріне айналып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімділігі оған тікелей тәуелді. Сондықтан климаттың өзгеруі өмірімізге қалай әсер етіп жатқанын бірлесіп зерттеуге күш салуымыз керек. 

       Жас ғалымдар кеңесінің отырысы барысында қабылданған ғылыми журналдар, конференциялар және байқаулардың бірыңғай тізімін қалыптастыру туралы ұсыныс жасалды.

      https://24.kz/kz/