фото: https://www.google.com/https://www.advgazeta.ru
Ажырасу: мүлікті бөлісуде кімге көп басымдық беріледі?
Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде мүлікті бөлісу, несиені тең төлеу деген секілді мәселелер ажырасудан да қиын болуы мүмкін. Заңда мүлік тең бөлінуі керек деп көрсетілгенімен, сот кейде әйелге көбірек үлес жазып беруі мүмкін. Нақты қандай жағдайларда әйел адамдарға басымдық беріледі, заңгер маман мәселеге тоқталды.
Адвокат мұндай тұста әйел өз құқығын біліп, талап-арызында алатын мүлкін көрсетіп жазуы керек екенін айтады.
Ажырасып жатқан жұптың тек бір баласы болса, балаға басымдық берілмейді. Пәтер тек ерлі-зайыпты арасында бөлінеді. Бірақ ортада екіден көп бала болса, олар анасымен қалса, әйел соттан мүліктің 70%-ін сұрай алады. Сот бала саны мен олардың әрі қарай анасымен тұратынын, шығын мен ауыртпалықты ескеріп, әйелдің үлесін көбейтіп береді. Бастысы, талап-арыз тапсыру кезінде мұның бәрін жазу керек, — дейді заңгер.
Ипотекаға алынған үй қалай бөлінеді?
Маман ипотекаға алынған үйді бөлу үшін сотқа ажырасқаннан кейінгі 6 жыл ішінде талап-арыз жазу керек дейді. Кешіксеңіз, сот өтінішіңізді қарамай қоюы мүмкін.
Ипотека құжаттарына ерлі-зайыпты бірге қол қояды. Демек екеуі де — үлескер. Бұл жағдайда тараптар ажырасқаннан кейін 6 жылға дейін үйді бөлу туралы талап-арыз жаза алады. 6 жылдан асып кетсе, сот үй банкке өтіп кетті деп қарамай қоюы мүмкін. Ондай кезде ипотека толық жабылғанша күту керек, — дейді Эльнура Кішкенебаева.
Заңгер ажырасқан азаматтар кейде мүлікті бөлуді ұмытып, 10 жыл өткен соң еске алатынын сынады. Ол мұндай жағдайда сот тым ұзақ жүруі мүмкін дейді.
Адамдардың басты қатесі — құқық жағынан сауатсыз болғаны. Ажырасқанда мүлік бөлу туралы білмей, 10 жыл өткен соң ес жиып жататындар бар. Мұндай жағдайда дәлел, құжат жинау қиын. Сондықтан сот тым ұзап кетуі мүмкін. Бірақ осы жылдары ауыр сырқаттанып немесе басқа да қиын жағдайда қалсаңыз, сот ісіңізді жеңілдетуі мүмкін. Бірақ оны да құжат негізінде дәлелдеуіңіз керек, — дейді ол.
Ажырасқанда несие мен қарыз қалай бөлінеді?
Заңгер сөзіне қарағанда, ерлі-зайыпты отбасы қажеті үшін қарыз алса, берешек соманы екі жақ тең төлеуге міндетті. Несие немесе қарыз ақша ерлі-зайыптының біреуінің мақсатына ғана жұмсалса, қарызды сол адам өзі жабуы керек.
Көп жағдайда ерлер үй жөндеуге, жиһаз не басқа зат алуға несиені әйелінің атына алады. Мұндай жағдайда ажырасқалы жатқан әйел сотқа “Несиені бөлу” деген талаппен баруы керек. Сот мұның заңды некеде тұрғанда алынғанын растаса, несиені екіге тең бөліп төлеуді міндеттейді. Несиені оны алған адам жабуы керек, ал жолдасы оны тек қарыз ретінде төлеп отырады, — деп түсіндірді заңгер.
https://zhasalash.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через