фото: Е.Әбдірайымовтың жеке мұрағатынан
Ерғали Әбдірайымов неге жігіттерге еркек болып қалайық деді? Жігіттерді Алматыға не үшін алып келді? "Сапалы Қазақстан» порталының тілшісіне сұхбат берген белгілі продюсер осы сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ сапалы өнер, саналы қоғам, қазіргі заманғы әндер туралы ойын ортаға салды.
- Квартет құру идеясы қалай дүниеге келген еді?
- Әу баста, продюсер болайын, музыкалық топ ашайын, сол арқылы ақша табайын деген ой болған жоқ. Ең үлкен ағамның үйіндегі жеңешем баласының ән салатынын, достары бірігіп топ құрғанын, тойларға шыға бастағанын маған бірнеше рет айтқан. Жеңгемнің бұл сөзіне аса мән бермедім. Әуестікпен құрылған топ шығар, көп ұзамай тарқап кетеді ғой деп ойладым. Ол кезде өнермен аралас-құраласым жоқ. Бір күні Шымкентке тойға бардым. Сол тойда Бағлан үш досымен бірге көпшілік алдында өнер көрсетті. Қасындағылар ауылдан шыққан өзіміздің қара-домалақ балалар. Бірақ әлгі жігіттердің ән салғаны маған кәдімгідей әсер етті. Барлығы жарасымды, киіммен шыққанда сырт көзге тартымды көрінді. Ән айтқандары, өздерін ел алдында ұстағаны ұнады. Тойдан кейін Алматыға оралдым. Өнерлі жігіттер маған хабарласып, «аға, өнер мен мәдениеттің ордасы Алматы қаласына қоныс аударсақ қалай болады?» деп сұрады. Не айтамын, өз тірлігімді жасап жүре бердім. 2004 жылы әкем қайтыс болды. Соның қырқына барғанымда, әнші жігіттердің ата-аналары маған көңіл-айту үшін жолықты. Шымкенттен сазгер Қалдыбек Құрманәлі де келген. Ас біткен соң Қалдыбек Шәмші Қалдаяқовтың ән-фестивалінде «Жігіттер» Шәмші әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алғанын айтты. Сол мезетте Қалдыбек Құрманәлі ата-аналардың алдында маған: «бұл жігіттерді Алматыға алып кетейік, қолдау көрсетейік, солай емес пе Ереке?», деп маған қарады. Алдын ала ақылдасу деген жоқ. Мен сасқанымнан «иә, алып кетейік» деппін. «Айтылған сөз, атылған оқ» демекші, жаңа құрылған жас топты Алматыға шақырдым. Оларды достары шетелге, ұзақ сапарға аттанып бара жатқандай Алматыға құрметпен шығарып салды.
Мен айтқан сөзімде тұрып, көмектесейін дедім. Бірақ жауапкершіліктің ауыртпашылығы да бар екенін ойладамадым. Басыма түскен соң түсіндім. 4 жігіттің тұратын орны, күнделікті жейтін тамақтары, сахнаға киетін киімдері, студияда жазатын әндері бар екен. Бұның барлығына қыруар қаржы керек. Сонымен барлығын 3 бөлмелі жалдамалы пәтерге орналастырдым. Базарға барам, жұрт картоп, сәбізді келілеп алса, мен қаптап аламын. Күндіз төртеу болғанымен таңертең пәтерге барсаң достары, жерлестері дегендей 10-15 адамға дейін көбейіп кетеді.
Өзімнің де отбасымды асырауым керек. Басында қиналдым. Кейде «осы тірлігімді қоя салайын» деген ой да келді. Қолымды сілтеуге ұялдым. Оларды Шымкентте оқып жатқан жерінен шығарып алып Алматыдағы ақылы оқуға тапсыртқанмын. Далада қалса, ата-аналарынан, соның ішінде жеңгемнен ұят емес пе?! «Шешінген судан тайынбас» деп білекті түріп, бармақты батыра кірістім. Алғашқы әні «Ерке қызды» жаздық. Бұл ән топтың төлқұжатына айналды. Ел аумағына кең тарады. Бай-бағландар шетелде жүріп, осы әнді тыңдап, тойларына шақыра бастады. Тойға шақырса бас тартпаймыз, 20-30 мың теңге төлесе де бара береміз. Көздегеніміз - көптің көзіне түсу. Бір күні Алматы қаласындағы Орталық әмбебап дүкенінің қаржы директоры Асылбек деген азаматпен таныстық. Ол үнемі спортшыларға көмектесіп жүретін. Асылбек бізге қаржылай қолдау көрсеткен күннен бастап қаржы тапшылығын ұмыттық.
Бейнеклип түсіруге көрші елге, Ташкенге барамыз. Ол жақта бұл жұмыстың бағасы арзандау болатын. Қасыма әнші Асқар Жүнісбековты да ертіп аламын. Барған сайын қос бейнеклип түсіріп қайттық.
Фото Ерғали Әбдірайымовтың жеке мұрағатынан
- Сіздің мамандығыңыз заңгер. Музыкалық топқа мықты продюсер болу үшін арнайы білім қажет пе?
- Музыканы түсіну үшін музыкалық сауат болу керек деген пікірге қосылмаймын. Кез келген топқа дұрыс бағыт беру керек. Егер топ тек жігіттерден құралатын болса олармен бауыр, аға, дос ретінде сөйлесу керек. Сол арқылы ауызбіршілік, тәртіп, сыйластық орнату керек. Әрқашан бірге жүру, діттеген жерге уақытында бару керек. Мұның бәрі тек жауапкершілік пен тәртіптің арқасында жүзеге асады. Бұл іс тек музыкалық білімі барлардың ғана қолынан келеді деп айта алмаймын.
- Сіз Қазақстандағы мықты 10 продюсердің қатарына ендіңіз. qaznews.kz сайты осылай жазды. Бүгінгі таңда менің есімім мен үшін жұмыс істейтін дәрежеге жетті деп айта аласыз ба?
- Кез келген жетістіктің артында табанды еңбек пен жылдар бойы жинаған тәжірибе тұрады. Егер мен қандай да бір табысқа жеттім дейтін болсам, ол ең алдымен менің таза еңбегім мен табандылығымның арқасы деп білемін. Кейбір жерге барғанда мені «Жігіттер тобының продюсері» деп танып жатады. Көңілің көтеріліп қалады екен. Бұл шын мәнінде менің еңбегім. Тағы қайталап кетейін, әу баста халыққа танылайын, қыруар қаржы табайын деген ниет болмады. Еңбегімнің азды-көпті пайдасын кейін көре бастадым. Сұрасқа байланысты барған жерімізде бір концерттің орнына 3-4 концерт береміз. Қаржы құйыла бастады. Ақша көбейген сайын түрлі ой келеді екен. Өмір бойы осылай жалғаса береді деп ойладым. Алайда әр нәрсенің басталатын және аяқталатын өз мерзімі болады екен.
- Асқар Жүнісбеков менің бір жобам деп айттыңыз. Ол соңғы кезде сахнадан көрмей кетті.
- Асқар Жүнісбековпен 5 жылға келісім шартқа отырғанбыз. Оны «Жігіттер» тобынан кем көрмедім. Концертке, телебағдарламаларға бірге барып жүрді. Кейін келісім шарт мерзімі аяқталған соң, жеке шығармашылықпен айналысуға рұқсат сұрады. Келісімімді бердім. Өмірде күтпеген жағдайлар болады. Асқардың әкесі өмірден өтті. Өзінің мінезі тұйықтау болатын, көпшілікпен жақын араласа бермейді. Тойдың өзіне әрең барады. Әйтпесе, әдемі дауысы бар, көптеген байқауға қатысып, жүлде алған. Бірақ бүгінгі шоу-бизнестің талабы қатаң. Тынымсыз еңбек ету керек. Өмір бір орнында тұрған жоқ. Шоу-бизнес те дамып барады. Жаңа, дарынды жас әншілер танылып жатыр. Өзін-өзі қамшыламағандар жағадағы балық секілді қалып қояды.
Тіпті, өзім спортпен айналыса бастадым. Аптасына 5 күн жаттығуға және боксқа барамын. Жастардың қасында жүрген соң, шамам жеткенше, солаордан қалмауға, артық салмақ жинамауға тырысамын. Адам жарық дүниеге бір-ақ рет келеді. Сондықтан адал, мағыналы өмір сүру керек. Бүгінгі таңда көп нәрсе өзгерді. Мысалы, біздің жас кезімізде жарық көрген әндерді бүгінгі жас ұрпаққа тыңдата алмайсың. Қазіргі жастардың өмірі мүлдем бөлек. Алақандай ғана бір смартфоннан бүкіл әлемді көріп, біліп отыр.
Фото Ерғали Әбдірайымовтың жеке мұрағатынан
- Бүгін ғылым, технология саласы адымдап дамып барады. Талпынған жанға мүмкіндіктерге жол ашылған. Осындай заманда тыңдармандарын жоғалтып алмас үшін музыкант, әншінің бойында қандай қасиет болуы керек?
- 10 жыл бұрын көгілдір экраннан көріну үшін телеарнаның табалдырығын тоздыратынбыз. Жігіттерді телеарнадан жыл етіп көрінсе төбеміз көзге жеткендей болатынбыз. Ал қазір әркімнің ашып алған жеке yotube арнасы, әлеуметтік желілерде жеке парақшасы бар. Өзін жан-жақты көрсетуге, таныстыруға мүмкіндік мол. Ғаламтордың арқасында жақсы әндер де ел арасына жедел таралады. Бұл міндетті ертеде Қазақстан телеарнасы, Қазақ радиосы атқарса, қазір әлеуметтік желілердің күні туған. Бір әттеген-айы сол әлеуметтік желілер арқылы аққа күйе жаға салатын қауесет те тез тарайды. Атымызға кір, абыройымызға нұқсан келмесе екен деп тілеймін. Қолдан келгенше жақсы қырымыздан танылып, көпшілікке ой салар, танымдық дүниені ұсынуға тырысамыз. Бүгінгінің тыңдарманы, көрермені тек өнерімізден емес, жеке отбасылық жағдайымыздан да хабардар болғысы келеді. Сондықтан жігіттердің жеке өмірінде болып жатқан жақсы жаңалықпен, қуаныштармен оқтын-оқтын бөлісіп отырамыз.
Біз әлеуметтік желідегі парақшамызға жазылған миллиондаған адамның алдында жауаптымыз. Осы миллиондаған тыңдарманның ішінде, тым болмаса он мыңы жақсы ниетімізді қабыл алып, сөзімізге құлақ асса, дұрыс жолға түссе, мақсатымыздың орындалғаны деп ойлаймын.
- Сіз жігіттердің іс-әрекетін әлі де қадағалап отырасыз ба, әлде «есейдіңдер» деп еркіндік бердіңіз бе?
- Менің бір аңғарғаным, қазір көптеген ер адамның басында отбасылық проблема бар. Ер азамат 40 жастан асып, 50-ге таяғанда белгілі бір қиын кезеңді бастан кешіреді. Талай жыл отасқан жан-жары сырқаттанып қалуы мүмкін, кейбірі ата-анасын мәңгілік сапарға аттандырып жатады, бұл уақытта баласы да мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түседі, шаңырақ көтереді, аялап өсірген қызы ұясынан түлеп ұшады. «Өсем деген ұлды бағып, кетем деген қызды бағып» жүгіріп жүргенде талай жағдайға тап болады. Дәл осындай жағдай мені де, қасымдағы жігіттер де шарпып өтті. Талай қиындықты жеңе білген азаматтар емеспіз бе, бұл сынақты да еңсердік, есімізді тез жидық.
Қазір «Жігіттер» тобының мүшелері жеке шығармашылықпен айналысып жатыр, еркіндік бердім. Оларға өмір бойы жанында жүрмейтінімді, ертең өз күндерін өздері көруі керек екенін түсіндірдім. «Ойпаңда, бұралаңда, талайларды сын күтіп тұрар алда» деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Сондықтан бәріне дайын болу, нарық заманына бейімделу керек екенін ескерттім. Қазір Бағлан киноға бет бұрды, Айдар жеке өзі ән шырқап жүр. Ердос жекеменшік бизнесін бастаған.
Фото Ерғали Әбдірайымовтың жеке мұрағатынан
- Кейінгі кезде жігіттердің жаңа әндерін естімедік. Әлде бізге жетпей жатыр ма?
- Қазір жаңа әндер жазып жатқанымыз жоқ. Айтылмаған немесе ұмыт болған әндерімізді қайта ұсынып жатырмыз. Әр әннің өз тыңдарманы бар. Мысалы махаббат туралы әндерді 20-30 жастағылар ұнатады. Ана, әке туралы әндердің қадірін түсіну үшін адамның өзі бала өсіріп, ата-ана атануы керек. Жеткіншектер ата-ана қадірін білмейді. Олардың ойлағаны - тезірек ержету, бойжету, қыдыру, шетелге шығу. Біздің негізгі тыңдармандарымыз 40-60 жас аралығындағы өмірлік ұстанымы бар, мінезі қалыптасқан, балаларын аяқтандырып, міндетін атқарып жүрген ересек жандар деп ойлаймын. Сондықтан біз ұсынатын әндер бір күндік емес, жылдар өтсе де ескірмейтін есті әндер.
- Сіз үшін не маңызды. Өзіңізге ұнайтын ән жазу ма, әлде көптің көңілінен шығатын туынды ұсыну ма?
- Композимтор Ескіндір Хасанғалиевтің қазақ халқының рухани өмірі мен музыкалық мәдениетінде алатын орны ерекше деп айта аламын. Аты көпшілікке мәлім, халқымыздың мақтанышына айналған сазгердің әндерін бала кезімізден тыңдап, осы ағаларымызға еліктеп өстік. Алпысыншы, жетпісінші жылдары жазылған ондаған, тіпті жүздеген әндер, сонымен қатар соңғы кезде жазылған бірен-саран әндер неліктен есімізде қалғанын ойлап көрдіңіз бе? Жауап қарапайым: біз шынайы, мінсіз әндерді есте сақтаймыз және бос сөзді, қарабайырлықты мүлдем ұмытамыз.
Қазір әншілер «мынау әнім халыққа ұнай ма, ұнамай ма, былай айтсам қалай болады?» деп жұмыс істейді. Өзінің жеке ойымен жүріп жатқан жоқ. Әншілердің көзқарасы өзгеріп кеткен.
Кешегі мен бүгінгі әннің сөзі мен сазын қоса талдап, оның адам жанына, ойлау жүйесіне әсерін ғылыми түрде жіліктеп тұрып алға тартатын арнайы еңбектер көптеп жазылса жақсы болар еді.
- Қазіргі заманғы әндердің көпшілігінде не жетіспейді?
- Қазір жастар айтып жүрген кейбір әндердің өлеңі мен әуені үйлеспейді. Ән дегеніміз не? Бұл көркем шығарма, ол арқылы оның авторы мен орындаушысы бізге, тыңдаушыларға қандай да бір оқиға туралы айтып береді, өзінің сезімін, тәжірибесін, қабылдауы мен эмоциясын жеткізеді. Әннің мәтіні қандай да бір түрде музыкалық фонды безендіруге және түрлендіруге арналған мағынасыз сөздердің жиынтығы емес. Әннің мәтіні – әннің өзегі.
Жақсы, терең мағыналы, жылдар өтсе де ескірмейтін ән жазу үшін, нағыз талант керек. Ал нағыз таланттар күнде дүниеге келе бермейді. Сондықтан бүгінде тыңдарман назарына ғұмыры бір күндік туындылар да ұсынылып жатыр. Әннің сөзі бұрмаланбауы керек, тіліміз бұзылмауы керек. Жас толқын «жұлдыздар» маған ренжімесін, олардың шығармаларына құлақ түрсеңіз бірде екпін ауыстырады, бірде басқаша айта алмаған сөзді буынға бөліп айтады. Тыңдаушы да оны сол күйінде қабылдауы мүмкін. Сондықтан әрбір өнер адамы ең алдымен көрермен, тыңдарман алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек.
Фото Ерғали Әбдірайымовтың жеке мұрағатынан
- Әрине, музыканың қоғамда алатын орны зор. Бүгінгі таңда өнер қайраткерлері сапалы туынды ұсынып жүр ме?
- Халыққа сапалы өнерді Кеңес Одағы заманында білім алған, тәжірибесі мол, елімізге кең танымал өнер қайраткерлері ғана ұсынып жүр десем артық айтқандық болмас. Ал қазіргі жастар «Көк жигули», «Жылтыр көйлек» деген секілді тойдың ар жақ, бер жағындағы әндерді орындауға тырысады. Бәлкім бүгінгі таңда осындай әндерге сұраныс бар шығар. Адамдардың көбі жедел ырғақты жеңіл әнге үйір болып барады. Сұраныстың арқасында арзанқол ән айтушылардың дәурені жүріп тұр.
- Сіз сапалы адам, саналы қоғам, сапалы өнер дегенді қалай түсінесіз?
- Менің түсінігім бойынша, сапалы адам - бақытты, дені сау адам. Ал бақытты адам үнемі күлімсіреп, көңілді, позитивті жүреді, ол өз өміріне риза адам. Білімді, сапалы, бақытты адамды сыртынан қарап-ақ тануға болады. Ол жан-жағына жылулық, мейірімділік, қуат нұрын шашып жүретін секілді. Мұндай жанға өзгелер де жақын жүруге тырысады. Саналы қоғам дегеніміз адам өзгені сынамай, өзін өзгемен салыстырмай, басқалар сен туралы не ойлайды деп алаңдамай, еркін өмір сүретін қоғам болса керек. Мұндай қоғамда әрбір адам басқалардың жетістіктеріне қуанады және көмек сұраудан қорықпайды. Жасыратыны жоқ, көп адам қыруар ақша тапқан соң өмірі сапалы әрі бақытты болады деп қателеседі.
Қарапайым тілмен айтсақ, сапалы адам дегеніміз дұрыс тамақтану, қоғамға пайдасын тигізу, ісімен, сөзімен өзгеге үлгі болу. Қазіргі жаңа қоғамды өткен жылдармен салыстыра алмайсың. Интернет арқылы бүкіл әлемде не болып жатқанын көруге болады. Бұрын айға ұшу деген сенсация, сұмдық әлемдік деңгейдегі жаңалық болатын. Ал қазір қалталы азаматтар айға сахаттап барып-келіп жатыр.
Адам сапалы, қоғам саналы, өнер бағалы болу үшін бәріміз сапалы өнім шығаруымыз керек. Құдайға шүкір, бізде бәрі жақсы. Күнделікті жеп жүрген ұлттық тағамдарымыз сапалы, ата-бабамыздан қалған төл өнеріміз, мәдениетіміз бар. Парасатты, көзі ашық, дарынды азаматтарымыз жеткілікті. Ендеше қоғамға барлық сала бойынша тек сапалы өнім ұсынылуы керек. Соның ішінде орындайтын әндеріміз де сапалы болуы керек. Өзім «МузАрт» тобының біраз әнін білемін, оларды тыңдасаң адамға ой салады. Бүгінгі кейбір жас бұл әндердің мағынасын дәл қазір түсінбеуі мүмкін. Жақсы дүниенің құны жоғалмайды, уақыт өтсе де өз бағасын алады. Біз «Балалық шақ» деген ән жазған едік. Алайда оны көпшілік қабылдамады. Сәтсіз шығарма жаздық па, деп басында қиналғанмын. Кейін ойланып қарасам, адам баласы балалық шағын, алаңсыз дәуірін тек жасы 40-50-ден асқан соң ғана сағынып, қайта оралмасын ұқса да іздей бастайды екен. Мұндайда ауылын еске алады.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады, дегендей, жақсы дүние қашанда бағалы, орны бөлек. Мен соны түсіндім. Сондықтан қолдан келгенше жақсы ән жазу керек. Тыңдарманға сапалы ән ұсынып, мәдениетті қоғам орнатуды насихаттауымыз керек.
Фото Ерғали Әбдірайымовтың жеке мұрағатынан
- «Еркек бол» деген атаумен кітап шығардыңыз. Бұл туындымен не айтқыңыз келді?
- Қазақ халқында «Сабыр түбі-сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа» деген тамаша тәмсіл бар. Мен замандастарымды, жас ұрпақты шыдамды, сабырлы болуға шықырғым келді. Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Ұлы Абай өзінің толғамында «Сабырсыз, арсыз, ерінішек» деп сабырсыздықты сынайды. Сабырсыздықты еріншектік пен арсыздықтың деңгейіндегі жаман әдеттің біріне балайды. Бұл өмірде үлкенді-кішілі қиыншылыққа ұшырап, басына іс түспеген адамды табу қиын. Міне, осындай сәттерде кейбір бауырларымыздың тағдырға қарсы шықпаса да сабырсыздық танытып, қателікке ұрынуы – қайғы үстіне қайғы жамайды. Қазақта «Әрбір істің қайыры бар» деген сөз бар. Осы еңбегім арқылы әр қиыншылықтың артында жақсылық тұратынын жеткізгім келді. Қазір кітап шығарып жатқандар көбейді. Осыны көріп мен де кітап жазғым келді. Тақырыбым көптен бері ойымда жүрген. «Еркек бол» деп атағым келді. Ойлап қарасақ, бір жанұяның тағдыры еркектің қолында. Балаларды өсіру, оқыту, тәрбиелеу ер азаматқа жүктелетін жауапты міндет. Бізді анамыз «ұят болады», «әкең келе жатыр», «әкеңе айтамын» деген бір ауыз сөзбен тәрбиеледі. Ешқайсымыз жаман болмадық, теріс жолға түспедік. Әйтпесе, әкеміз бізге ақша, автокөлік, үй қалдырған жоқ. Өзіміз жетілдік, қашанда ар-намысты, ұятты бірінші орынға қойдық. Ал қазір жастар басқаша. Автомобиль әпермесең, аяқтан тұратындай бизнесі болмаса, жол таппай, есеңгіреп қалатын секілді. Естіп жатырмыз, қазір еркекшолар, қызтекелер көбейіпті. Біздің кезімізде мұндайды білмейтінбіз. Кітаптың «Еркек бол» аталуы да сондықтан. Өсіріп отырған ұл-қыздарымызға үлгі болайық, еркек болып қалайық. Бұл кітапта “Жігіттер” тобының жүріп өткен жолы, қызығы мен шыжығы, қоғамдағы ер азаматтың міндеті мен жауапкершілігі жайлы айтылады. Ұл тәрбиелеп отырған ата-аналар оқысын, еркектік мінезді насихаттап, әкелер өз рөлін дұрыс атқарса, темірдей тәртіп арқылы еңбектеніп, адал жолда жүрсе деген жақсы тілекпен жалпақ жұртқа осы кітапты ұсынған едім.
- Әңгімеңізге рахмет. Табыс тілеймін.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через