фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Су ресурстары және ирригация министрлігі Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиямен су саласын цифрландыру бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның Атқарушы хатшысы Армида Алишахбана бастаған БҰҰ делегациясымен кездесті. Тараптар су саласын цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Нұржан Нұржігітов бүгінде министрлік Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесе су тасқынын болжау және модельдеу бойынша TALSIM (Германия) және Delft-FEWS (Нидерланды) жүйелерін Қазақстанға бейімдеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, білікті мамандармен су саласының әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.
Еліміздегі 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Биыл «Болашақ» бағдарламасына су саласының мамандықтары қосылды. Қазақстандық 2 университет Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қосдипломды білім берудің бірлескен бағдарламасын іске қосты. Тараз қаласында жеке Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Ендігі мақсатымыз - осы оқу орындарына шетелдік үздік профессор-оқытушыларды әкелу. Біз Қазақстанға келуге ниетті немесе қашықтан оқытуға дайын мамандармен жұмыс істеуге әзірміз, - деді Нұржан Нұржігітов.
Армида Алишахбана министрліктің су ресурстарын дамыту және қорғау, сондай-ақ Арал теңізін қалпына келтіру жобаларын жоғары бағалады.
Біз өз тарапымыздан Қазақстан Республикасының «Халықаралық Аралды құтқару» қорына төрағалығы аясында Орталық Азия мемлекеттерінің трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мәселесін реттеуге көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ, қазақстандық мамандарды су саласында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылатын біздің түрлі іс-шараларымызға және мұздықтарды қорғау жөніндегі халықаралық жобаға қатысуға шақырамыз, - деді БҰҰ Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның Атқарушы хатшысы Армида Алишахбана.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через