фото: BBC арнасы
20 жастағы Минна липосакция жасатып, 9 күннен кейін қайтыс болды. Салмағы 105 келі қыз артық майдан арылуды армандаған. Ата-анасы болашақ заңгердің өліміне косметолог-хирургті кінәлі дейді. Бірақ қайғыдан қан жұтқан ата-ана косметологтардың кінәлі екенін дәлелдей алмады.
“BBC NEWS” журналистері тыңғылықты зерттеу жүргізіп, Египеттегі еден жуушының да курс оқып, оңай косметолог сертификатын иеленіп, клиентті алдайтын жолдарын да көрсетті. Тіпті жемқорлықпен күресіп жүрген белсенді Заңгердің де косметологтардың қылмысын жасыру үшін қалай жұмыс істейтінін, қанша ақша алатынын жасырын камера арқылы түсірген.
Семіздіктен арылудың тез және оңай әдісі ағзасындағы майды операциялық жолмен сылып тастау. Негізі липосакция кезінде 3-4 келіден артық май алу адам өміріне қауіпті екен. Ал дәрігерлер Миннаның 34 келі майын ағызып тастайды.
Оның денесін тромб қаптап, өкпе қызметі нашарлап, артық салмақтан басқа дертпен ауырмаған бойжеткен ажал құшты. Минна ата-анасының жалғызы еді. Оның өліміне кінәлі адамдарды жазалауға ешқандай негіз жоқ деп құқық қорғау органдары істі жылы жапты. Әділдік іздеген отбасының тауы шағылған. Ал әлгі сұлулық салоны жұмысын тоқтатқан жоқ.
Артық салмақ, семіздіктен арылудың түрлі тәсілі бар. Әп-сәтте сымбатты, сұлу қылатын индустрия қарқынды дамып жатыр. Әдемі болу үшін пышаққа түсіп жатқан еркек те, әйел де көп. Кеше Шанхайдың косметологиялық клиникасының әлеуметтік желісіндегі видеоларын көріп, дәрігерлерді сиқыршыға теңедім. 50-60 жастағы әйелдер әлгі клиникадан қуыршақтай болып шығады. Май басқан , жуан аяқты жіптей қылады. Бұл қызметке сұраныс өте жоғары дейді мамандар.
Шетелдік мамандар жыл сайын 1 млн 500 мыңдай липосакция жасалады дейді. Сұмдық статистика. Ал жасырын немесе заңсыз қанша операция жасалатынын кім білсін.
Әдемі болған жақсы-ау, бірақ денсаулықтарыңызға абай болыңыздаршы.
Журналист Жазира Бегалының жеке парақшасынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через