фото: https://pixabay.com/ru/
Сауда министрлігі Әкімшілік кодекске түзету әзірледі
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін асырған бизнес өкілдеріне әкімшілік жазаны қатаңдату жөнінде заңға түзету әзірледі. Жоба ескерту жасамастан, бірден айыппұл салуды көздейді. Бұл туралы үкіметте сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта заңда әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне 15% - дан аспайтын мөлшердегі сауда үстемесін асыра пайдалану бөлігінде бірінші рет бұзғаны үшін кәсіпкерге ескерту жасау белгіленген. Өзгерістер ескертуді 5-тен 150 АЕК-ке дейінгі айыппұлға ауыстыруды көздейді. Өзгерістер жобасы бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілді, жақында құжат мәжіліске жіберіледі", - деді Айжан Бижанова.
Жыл басынан бастап 29 тамызға дейін әлеуметтік өнімдерге сауда үстемесін асырғаны үшін 11,8 млн теңге сомасына 2807 әкімшілік қаулы шығарылды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе көп (8 айда 760 қаулы. 2023).
"Делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы шеңберінде 2 741 өнімсіз делдал және сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталды. Нәтижесінде 2 435 әкімшілік қаулы шығарылды және 306 делдал алынып тасталды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1322 фактіні құрады", - деп атап өтті вице-министр.
Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың қарауына Қаржы мониторингі жөніндегі агенттігі тарапынан 538 материал жіберілді, олар бойынша 350 адам жауапкершілікке тартылды.
Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік жыл басынан бері заманауи IT-құралдарды пайдалана отырып, 900-ден астам балабақша, мектептер, ауруханалар мен интернаттарға қымбат бағада азық-түлік жеткізу фактілерін анықтады.
"Бүгінде 220 ұйым бойынша сатып алу шарттары түзетіліп, 230 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Мысалы, Ақтөбе облысында 26 балабақшада азық-түлік бағасы төмендетілді, онда бастапқыда сауда үстемесі 100% - дан 500% - ға дейін болды. Қостанайда 180% - ға дейін үстеме бағада сатып алған 35 әлеуметтік мекеме анықталды", - деді Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.
Осындай жұмыс Астана мен Маңғыстау облысында да жүргізілді. 50 балабақша бойынша талдау жұмысы жүргізіліп, онда 85 млн теңге үнемделді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через