фото: pixabay.com
Алматылық дәрігерлер өмір бойы туабітті жамбас кемістігінің зардабын тартып келген жас келіншекке ота жасады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы хабарлады.
Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері жамбастың туабітті ақауы салдарынан мүгедек атанған 28 жастағы келіншекке бірегей ота жасап, көп жылдардан бері жанын қинаған аурудан айықтырды, деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.
Науқас туабітті дисплазия, жамбас буынының дамымауы, жамбастың жоғарғы жағының шығып кетуі сынды диагноздармен өмір сүріп келген. Салдарынан бір аяғы екіншісінен 10 см қысқарып, өмір бойы аяғын сылтып басатынын айтады. Оған қоса, соңғы жылдары тізе буындары, жіліншігі ауырып, аяқтарының қозғалуы қиындаған. Уақыт өте келе жамбасы қисайып бел ауруына душар болыпты.
Фото pixabay.com.
Жетінші аурухананың травматолог-ортопед мамандары консилиум ұйымдастырып, науқасқа ота жасау туралы шешім қабылдады.
«Біз сүйек осін реттеуге арналған остеотомия әдісін қолдандық. Пациенттің аяғын созып ұзартып, шетелде шығарылған заманауи эндопротез орнатылды. 28 жыл өмірін осы кемістікпен күресуге арнаған науқас операциядан кейін екінші күні-ақ аяққа тұрды, арнайы құрылғының көмегімен жүріп-тұра бастады. Өмірге құлшынысы артып, көңіл-күйі көтерілген пациенттерді көру біз үшін де үлкен бақыт», - дейді аурухананың Полижарақат бөлімшесі меңгерушісі Рамазан Аскеров.
Дәрігердің айтуынша, бұл өте күрделі ота. Себебі операция барысында буын мен жүйке жүйесінің зақымдану қаупі туындайды. Оның үстіне, аяқты созып ұзартқан кезде құйымшақтағы нерв қысылып, буындар үзіліп кету қаупі жоғары болатын.
Жалпы, асқан біліктілік пен дәлдікті, ептілікті талап ететін мұндай хирургиялық операциялар өте сирек жасалады, дейді маман.
Бас-аяғы 5 сағатқа созылған бірегей оты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через