2 мыңға жуық студент гранттан бас тартты – министр себебін айтты

2 мыңға жуық студент гранттан бас тартты – министр себебін айтты
фото: https://pixabay.com/ru/

Бос қалған гранттардың бәрі биыл 100 ұпайдан артық алған талапкерлердің арасында үлестіріледі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мыңдаған студенттің гранттан не себепті бас тартқанын айтты.

Министрдің мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін 1989 адам гранттан бас тартты.

"Гранттан бас тартудың түрлі себебі бар. Біреулер шетелге түседі, я болмаса, денсаулық себеп болып жатады. Сосын квота бойынша грантқа тек белгілі бір университетке түсуге болады, басқа университетке ауыса алмайды. Соны білгеннен кейін гранттан бас тартады", - деді Нұрбек үкіметте өткен брифингте.

Оның айтуынша, босатылған гранттардың бәрі биыл 100 ұпайдан артық алған талапкерлердің арасында үлестіріледі.

Биыл жоғары ұпай алған біраз студент грантсыз қалған болатын. Себебі су басқан аймақтардан келген талапкерлерге квота берілді. Осыдан кейін қосымша гранттар бөлінді. Министрдің айтуынша, бүгінде жоғары ұпай алған 10 607 студенттің 7 779-ы өз грантын алды.

ҚазАқпарат