Түркияда қаңғыбас иттер неліктен даулы мәселеге айналды?

Түркияда қаңғыбас иттер неліктен даулы мәселеге айналды?
фото: Фото: AP

Бұл туралы заң бірнеше күннен кейін толық қабылдануы мүмкін. Оппозицияның ойынша, жаңа ереже миллиондаған итті өлтіруге жол ашпақ. 

Түрік парламенті елдегі миллиондаған иттің санын реттеу туралы заң жобасын алдағы бірнеше күнде толық қабылдауы мүмкін. Оның эвтаназия туралы бабы бүгін мақұлданды. Бірақ жануарлар құқығын қорғаушылардың ойынша, бұл ереже бекітілетін болса, сан мың ит өлтіріліп немесе тар қапастарға қамалып, қараусыз қалады.

Үкіметтің дерегінше, Түркия қалаларының көшелері мен ауылдарда 4 миллиондай иесіз ит кезіп жүр. Көбі зиянсыз болса да, мұндай иттер топтасып, Ыстанбұл мен өзге де жерлерде адамдарға талай рет шабуыл жасаған. 

Президент Реджеп Тайып Ердоған айтқандай, "қаңғыбас иттер балалар мен ересектерді қауып, қой-ешкіні талап, 3500 мәрте жол-көлік оқиғаларына себеп болған". Ердоғанның партиясы жетекшілік  ететін үкімет ұсынған заң жобасына сәйкес, муниципиалиттер иттерді жинап, орталықтарға қамап, кастрациялалап, 30 күн ішінде ешкім асырап алмаса ауру әрі адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін иттер эвтаназия тәсілімен жойылуы қажет.

Және де муниципиалитеттер иттер үшін приюттер салуға міндетті. Бұл талапты орындамаған әкім-қаралар алты айдан екі жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Бұған қоса, үй жануарларын тастап кеткендер 60 доллардан 1800 долларға дейін айыппұл төлеуге тиіс.

Дегенмен, жануарлар жанашырларының пікірінше, кейбір әкімшіліктер иттерге ресурс бөліп, оларды ұстаудың орнына, "ауру" деген сылтау тауып, қырғынға ұшыратуы ғажап емес.

"Приюттарда орын аз болғандықтан (Түркияда олардың саны аз), қаңғыбас иттерді қыруға жол ашылады. Жануарлар құқығын қорғаушылар бұл заңның иттер үшін өлімді білдіретінін жақсы түсінеді", - дейді ветеринар Түркан Джейлан АР агенттігіне берген  сұқбатында.

Оның сөзінше, иттер қамқорлық орталықтарында және ұстау кезінде тиелетін көлік құралдарында ауру жұқтыруы да мүмкін.

Түркияның қазіргі заңына сәйкес, қаңғыбас иттер ұсталып, кастрацияланып, табылған жеріне қайтарылуы керек. Бірақ бұл ереженің орындалмауы нәтижесінде елде иесіз иттер қаптап кеткен. Қоғам белсенділерінің ойынша, ескі заң дұрыс орындалса, иттер мұнша көбеймес еді.

Үкімет жаңа заңның иттерді жаппай жоюға әкелетінін жоққа шығарып отыр. Әділет министрі Йылмаз Тунч сәрсенбі күні мәлімдегендей, қаңғыбас иттерді "себепсіз" өлтірген адам жазаланады.

Наурызда өткен жергілікті сайлауда негізгі муниципалитеттерді жеңіп алған басты оппозициялық партияның пікірінше, Ердоған үкіметі бұл заңды билікке қарсы мэрлерді нысанаға алу үшін пайдалануы ықтимал.

Көшелерді қаңғыбас иттерден қорғау шараларын насихаттайтын қауымдастық жетекшісі Мұрат Пинардың айтуынша, 2022 жылдан бері иттердің шабуылынан немесе олардың кесірінен болған жол-көлік оқиғаларынан кем дегенде 75 адам, соның ішінде 44 бала қаза тапқан. Ал ызаланған иттен қашамын деген 9-жасар қыз Махраны жүк мәшинесі басып кеткен.

ҚазАқпарат